Ұлттық банк 2021 жылғы Қазақстан экономикасына болжам жасады

Реттеушінің таратқан мәліметке сәйкес, 2021 жылы жылдық инфляция  4-6% аралығында, мұнай бағасы 48,3 доллар болады.  

Ұлттық банк 2021 жылғы Қазақстан экономикасына болжам жасады

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетовтің айтуынша, биылғы жылдың қорытындысы бойынша Brent маркалы мұнай бағасы орташа есеппен барреліне 40 доллар деңгейінде қалыптасады.

"Біз 2021 жылдан бастап 2022 жылдың бірінші жарты жылдығына дейінгі мерзімге базалық сценарийді 40-тан 45 долларға дейін өзгерттік. Халықаралық қаржы ұйымдары келесі жылы мұнай бағасы барреліне 48,3 доллар болады деп болжап отыр", – дейді сарапшы.

Реттеуші болжамынша биылғы жылы жалпы ішкі өнім шамамен 2,5-2,7%-ға  төмендейді. Бұған себеп – елдің жекелеген өңірлеріндегі эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауы. Бірқатар өңірде карантиндік шектеулерді қайта енгізу әсеріне байланысты биыл жылдық инфляция 7,3%-7,5% шегінде болады деп бағаланып отыр.

Ал келер жылы эпидемологиялық жағдай тұрақталып, әлемдік экономика мен ішкі сұраныс қалпына келсе, ЖІӨ көрсеткіші 3,7-4,0%-ға өседі және бұл 2022 жылдың бірінші жартысында сақталуы мүмкін.

Эпидемологиялық жағдай жақсарса тұтынушылық белсенділік артып, еңбек нарығындағы жағдай қалпына келеді, халықтың табысы мен тұтыну несиелері артып, инвестициялық белсенділік те қарқын алары анық. Бұған ішкі және сыртқы сұраныстың артуы, дағдарысқа қарсы мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы мен кейінге шегерілген инвестициялық жобалардың орындалуы себеп болады.

"Сондықтан келесі жылға арналған инфляция болжамы айтарлықтай өзгеріске ұшырамаған. 2021 жылдың соңына қарай жылдық инфляция 4-6% көлемінде болады және бұл 2022 жылы да сақталады", – деп жазылған бас банктің таратқан хабарламада.

Ал азық-түлік инфляциясы қашан төмендейді? COVID-19 пандемиясы басталғаннан бері азық-түлік бағасы қымбаттады. Бұл тек Қазақстанда ғана емес, әлемнің көптеген елдерінде байқалады. Реттеуші мұны Төтенше жағдай режимі кезінде және шекара жабылған кезде жеткізу тізбегінің бұзылуымен байланыстырады.

Карантин кезінде негізінен халық иммунитетін күшейту үшін тұтынатын азық-түлік түрлеріне (сарымсақ, зімбір, жемістер, атап айтқанда цитрус жемістері) сұраныс артқан. Осы кезеңде халық жалпы азық-түлікті де "алда қиын күндер туып қалса" деген оймен көбірек ала бастады. Сәйкесінше әлемдік нарықта баға өсіп, көптеген елдерде азық-түлік инфляциясының қарқыны өзгерді. Мысалы, азық-түлікке деген сыртқы бағалар Қазақстанның негізгі сауда серіктесі саналатын Ресей Федерациясының инфляциясына да әсер етіп отыр. Қарашадағы қорытынды есеп бойынша, Ресейде инфляция 4,4%-ға жеделдеп, Ресей Банкінің қазан айындағы болжамынан асып түсті.

Ұлттық банк есебінше жаздың екінші жартысынан бастап, Қазақстанда азық-түлік инфляциясы баяулаған.

"Қараша айында жылдық өсім 10,8%-ды құрады. Біз азық-түлік инфляциясы бұдан кейін де төмендейді деген болжам жасап отырмыз", – дейді Ақылжан Баймағамбетов.

Алайда бұл болжам түбегейлі емес. Азық-түліктің әлемдік бағасы, атап айтқанда, өсімдік майы мен дәнді-дақылдардың бағасы күрт көтерілгенін ескерсек, инфляциялық тәуекелдер әлі де сақталады.

Өз кезегінде әлемдік азық-түлік нарығындағы өзгерістер ішкі бағаға айтарлықтай әсер етеді. Мысалы, агроазық-түлік өнімдерінің импорт үлесі көп болған сайын, халықаралық бағаларды ішкі бағаларға ауыстыру деңгейі соншалықты жоғары болады.

Қазақстанда азық-түлік өнімдерінің көбі ішкі нарықта шығарылады, алайда, импорт негізгі шикізат түрінде көрініс табуы мүмкін. Қазір импорттың айтарлықтай үлесі қант пен сүт өнімдерінде, шұжық пен басқа да өнімдерде бар. Яғни, ішкі нарықтағы бағалар халықаралық нарықтардағы бағалармен теңестіріліп отырады.

Бұл ішкі нарықтағы ұсыныстың азаюына және ел ішіндегі бағаның өсуіне әкеледі. Сондықтан, салыстырмалы түрде азық-түлік өнімдеріндегі импорттың үлесі аз болғанына қарамастан, ішкі нарықты сыртқы бағалардан бөліп қарауға болмайды.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу