Қымбатшылық келесі жылы да қысуы мүмкін

2667

Мұнай бағасына ғана арқа сүйейтін заман өтті.

Қымбатшылық келесі жылы да қысуы мүмкін

Инфляция келесі жылы да Қазақстан экономикасының бас ауруына айналуы мүмкін. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова Ұлттық қор кірісі мен инфляция туралы айтқан тезистерінен осындай ой түюге болады, деп хабарлайды Inbusiness.kz.

"Әлемдік инфляцияның жалғасуы және жаһандық экономиканың баяулауы орталық банктер үшін жаңа тәуекелдер мен әлеуетті белгісіздік жағдайын тудырады. АҚШ федералдық резервтік жүйесінің мөлшерлемесін арттырса, келесі жылы дамушы нарықтардың валюталарына қысым көрсетеді", – деп жазады Ұлттық банк өкілі.

Ресей импорты инфляцияны қоздырып отыр

Ұлттық банк мәліметі бойынша үшінші тоқсанда жетекші экономикаларда өсім баялауған. Мысалы, Қытайда экономиканың өсуі екінші тоқсанда 7,9% болса, үшінші тоқсанда 4,9% болған. АҚШ-та 6,7%-дан 2%-ға дейін түскен.

Экономикалық белсенділік бәсеңдегеніне қарамастан, шикізат пен азық-түлік тауарларының бағасы, жалпы инфляция бәсеңдемей тұр. АҚШ-та тұтыну бағасының индексі қыркүйекте 5,4% болса, еуроаймақта соңғы 13 жылдағы рекорд жаңарып, қазан айында 4,1%-ға дейін ұлғайған.

Сарапшы өткен айда дамушы нарықтардың валюталары құлдыраса, оған Қытай мен АҚШ экономикасының баяулауы түрткі болды деген тұжырым айтады.

"Қазан айында мұнайдың әлемдік бағасы 84,38 АҚШ долларына дейін, яғни, 7,5%-ға өсті. Табиғи газдың жетіспеушілігі мұнай өнімдеріне қосымша сұраныс тудырып отыр. Бұл тапшылық түбі мұнайға деген сұранысты күніне 250 мың баррельден 750 мың баррельге дейін арттыруы мүмкін. Энергетикалық дағдарыс аясында мұнайдың бағасы биылғы 25 қазанда ең жоғарғы белгі – 86,7 АҚШ долларына жетті", – дейді Ұлттық банк өкілі.

Алайда ол айтып отырған тенденция теңгенің нығаюына әкеле қойған жоқ.

"Мұнай бағасы теңге бағамы үшін негізгі макрофакторлардың бірі болып қала береді. Өйткені ішкі нарықтағы шетел валютасын ұсыну көлемі мұнай бағасына байланысты. Алайда бағамның қалыптасуына әсер ететін көптеген ішкі және сыртқы құрамдас бөліктер бар.

Біріншіден, импорттың өсуі теңге бағамына тұрақты қысым көрсетіп отыр. Сонымен қатар тұтыну тауарлары импортының өсуіне байланысты төлем балансының ағымдағы шоты тапшылықта қалып отыр.

Бизнес пен халық тарапынан шетел валютасына сұраныстың өсуіне Ресей тауарлары импортының артуы айқын мысал бола алады. Мен соңғы берген сұхбатта биылғы жылғы екінші тоқсанның нәтижесі бойынша Ресейден әкелінетін импорт 4,2 млрд АҚШ долларына жетіп, 2020 жылғы екінші тоқсанмен салыстырғанда 36,1%-ға ұлғайғанын, ал осы жылғы бірінші тоқсанда осындай көрсеткіш 2,4% болғанын атап өткен едім. Осылайша, Ресей Федерациясынан әкелінетін тауарларға ішкі сұраныстың артуы теңгенің Ресей қазанда теңгенің рубльге қатысты бағамы бір рубль үшін 5,85 теңгеден 6,05 теңгеге дейін немесе 3,4%-ға әлсіреді", – дейді Әлия Молдабекова.

Бір айда Ұлттық қордан 1 млрд доллар алдық

Оның сөзінше, осыған ұқсас жағдай Канада, Норвегия, Ресей валютасының басынан да өткен.

"Кейбір сарапшылар бұл жағдайды АҚШ долларының жаһандық нығаюымен ғана емес, мұнай бағасының ұзақ мерзімді өсуінде сенімділіктің болмауымен де байланыстырады. Соның салдарынан, мұнай бағасының өсуіне қарамастан, ұлттық валюта бір айда бір АҚШ доллары үшін 427,15 теңгеге дейін, яғни 0,3%-ға әлсіреді. Ұлттық Банк валюталық интервенция өткізген жоқ", – деді сарапшы.

Есесіне теңгеге қолдау көрсету үшін Ұлттық қордан тағы 988 млн доллар алынды. Ұлттық банк бұл қаражат бюджетке трансферт аудару үшін қажет болғанын айтады.

Ұлттық банк маманының ойынша, базалық мөлшерлемені 9,75%-ға дейін өсіру туралы шешім теңгемен алынған борыш құралдарының тартымдылығын сақтайды. Дегенмен қарашаның басынан бері теңге бағамы 429,20 теңгеге дейін, яғни 0,5% әлсіреді. Мұны Әлия Молдабекова мұнай бағасының түсуімен байланыстырады.

Алтынвалюта резерві ұлғайды

Алтынвалюта резерві қазанның соңында айдың басынан бастап 307 млн АҚШ долларына ұлғайып, 35,8 млрд АҚШ долларын құрады. Еркін конвертацияланатын валютадағы активтер негізінен ЕДБ корреспонденттік шоттарындағы қалдықтардың азаюы есебінен 854 млн АҚШ долларына төмендеді.

Алтынвалюта резервтері құрамындағы алтын портфелі қазанда бағалы металл бағасының өсуі және басым құқықты іске асыру шеңберінде алтын сатып алу есебінен 1,2 млрд АҚШ долларына өсті. Мәселен, қазанда алтынның бағасы инфляцияның өсуі бойынша алаңдаушылықтың аясында бір унция үшін 1 731 АҚШ долларынан 1 796 АҚШ долларына дейін 3,8%-ға өсті, нәтижесінде бұл активтердің еркін конвертацияланатын валютадағы құнының төмендеуін өтеуге және резервтердің өсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді", – деп жазады банк өкілі.

Алдын ала деректер бойынша, Ұлттық қордың валюталық активтері қазанның соңында 55.1 млрд АҚШ доллар болған. Мұның алдында ғана нысаналы трансферттерді бөлу үшін қордан 988 млн доллар алынғанын айттық. Бұл ұлттық валютамен 420 млрд теңге деген сөз. Қазан айында Ұлттық қорға түскен түсімдер 103 млрд теңге кіріс түскен.

"Қыркүйекте біз нарықтардағы айтарлықтай түзетудің куәсі болсақ, қазанда акциялар нарығының қалпына келуі және оның одан әрі өсуі байқалды. Нәтижесінде, қазанның қорытындысы бойынша Ұлттық қордың инвестициялық кірісі оң қалыптасты және негізінен акциялар мен алтынның тиісінше 5,69 және 3,78%-ға өсуі есебінен 871 млн АҚШ доллар болды.

Ұлттық қордың активтерін теңгерімді аллокациялау есебінен инвестициялық кіріс жыл басынан бері қалпына келіп, 2 млрд АҚШ доллар болды. Қарашада нарықтардағы құбылмалылық сақталып, акциялардың өсуі жалғасуда. Осыған орай ағымдағы айдың басынан бастап  Ұлттық қордың инвестициялық кірісі тағы да 470 млн АҚШ долларына өсті", – деген дерек келтіреді.

Әлия Молдабевоканың мәліметі бойынша 2022 жылы АҚШ, Канада, Аустралия және Ұлыбритания мөлшерлемелерді көтеруі мүмкін. Мұндай дамыған елдерде инфляция артса, дамушы елдерден капитал ығысуы ықтимал.

Оның болжамынша, 2022 жылы мұнай нарығындағы тапшылықтың қысқаруы мүмкін. АҚШ Президентінің үндеуі мен ОПЕК+ елдерінің жоспары, АҚШ пен Иранның ара қатынасы мұнай бағасын құбылмалы күйде сақтамақ.

"Жыл аяғына дейін мұнай бағасының жоғары болып тұруы, қараша айында салық ірі төлемдер түсетіні теңгеге қолдау көрсетеді. Алайда шетел валютасына тұрақты сұраныс пен сыртқы нарықтардағы құбылмалылық бұл әсерді теңестіруі мүмкін", – деп түйіндеген Әлия Молдабекова.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу