GGG көптің көкейінде жиналып қалған сұрақтарға жауап берді

Күні кеше Геннадий Головкин ресми түрде әлемдік бокс ұйымын басқаратын алғашқы қазақстандық атанғанын жаздық.

GGG көптің көкейінде жиналып қалған сұрақтарға жауап берді Фото: ҰОК

World Boxing-тің су жаңа президенті мансабын аяқтау, қоштасу жекпе-жегі және ҰОК-тегі алдағы қызметіне қатысты пікірін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Геннадий Головкин өзіне қолдау білдірген қауымға алғысын жаудырды. 

– Боксты жақсы көретін жанкүйерлерге, жерлестеріме, бүкіл Қазақстанға алғыс айтамын. Алда қай жерде тұрғанымызды анықтап, дамудың жаңа бағытын белгілейміз, – деп қысқа қайырды ол. 

Ал Қазақстанда қоштасу жекпе-жегін өткізу туралы сұрақты айналып өтті. 

– Алдымен World Boxing ұйымының нақты позициясын түсінуіміз керек. Барлық құжатпен танысып, жалпы жағдайды толық көрген соң ғана шешім қабылдаймыз. Қазір "аяқтаймын" немесе "жалғастырамын" деп кесіп айта алмаймын. Уақыт көрсетеді, – деді GGG. 

Қоштасу жекпе-жегі туралы: "Бұл тақырып – әрдайым күн тәртібінде" деп нақты айтты ол. 

– Спортшы ретінде айтарым, мен әрқашан спортшылар жағында боламын. Оларға жақсы болатындай барлық жағдайды жасауға тырысамын, – деді GGG.

Головкин Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитеті президенті қызметінде қала беруге тырыспақ. 

– Мен мұнда тек жігер беру үшін келмеймін. Спортшылардың жанында болу – мәртебе. Мен бірінші кезекте ҰОК-ті таныстырамын. Спортшыларға "Барлығы мүмкін, өздеріңе сеніңдер" дегенді жеткізгім келеді. ҰОК-та қалуға бар күшімді саламын. Мақсат та, тәжірибе бар. ХОК-пен бірлесіп, ҰОК-ті жаңа деңгейге шығардық. Позициямызды жоғалтпаймыз деп сенемін. Елдің де, жанкүйердің де қолдауын сезініп, алға қарай жүре береміз. Жоспарларымыз көп, – деп сөзін қорытындылады ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу