Ashyq енді барлық жерге енгізілуі мүмкін

2438

Жекенің қолында болуы оны жаппай қолдануға кедергі келтірген. 

Ashyq енді барлық жерге енгізілуі мүмкін

Осыдан он күн бұрын кәсіпкер, ай-ти маманы, ақпараттық технологиялар саласындағы төл компаниясының негізін қалаушы Болат Бәшеев Ashyq жобасын мемлекеттің "тартып" алып жатқанын қынжыла жеткізген болатын, деп жазады Inbusiness.kz.

"Ұзаққа созылатын бюджеттік рәсімдерді және мыңдаған шағын бизнестің күйреуін күтпей, "Digital innovation and transformation" компаниясының иесі Виталий Пустовойтенко өз қаражатын инвестициялап, Ashyq қосымшасын ұсынды. Мемлекеттік бас санитар қолдап, қаулы шығарды. Деректердің сақталуы мен қауіпсіздігіне қатысты мәселе туындамауы үшін Цифрлық даму министрлігі Ashyq қосымшасын "Ұлттық ақпараттық технологиялар" (ҰАТ) АҚ-ның мемлекеттік дата-орталығына орналастырды. Мемлекеттік деректер базасы да сонда сақтаулы", – деп түсіндірді сарапшы.

Алайда жеке компанияға дербес деректерін сеніп тапсырғысы келмеген сауатты қазақстандықтар бұл қосымшаға үдере қарсы тұрғаны мәлім. Белсенділері тіпті ел Президентіне хат жазды, петиция түзді. Соған қарамастан, билік шағын бизнес пен HoReCa секторын "Ашыққа" қосылуға итермеледі, оған көнбеген нысандар ашыла алмады.

"Нәтижесінде, "Digital innovation and transformation" ЖШС Ashyq қосымшасын мемлекетке табыстау процесінде кірісті. Менің білуімше, қосымшаны әзірлеушінің еншісіне репутациялық және қаржылық шығыннан басқа ештеңе де тиген жоқ. Оның шағын бизнесті құтқарған еңбегі де еленбеді. Мен бұл жұмысқа қатысқан жоқпын. Сондықтан бір қарағанда менің шаруам жоқ сияқты. Бірақ онда әлдебір әділетсіздік жүріп жатқан сыңайлы. Неге ресми тұлғалар тіс жармай, үнсіз отырғанын түсінбеймін. Өз беделін бүлдіріп аламын ба деп қорқатын шығар", – деп жорамалдады Болат Бәшеев.

Дегенмен, әлдебір әділетсіздіктің болғанын әзірлеушінің өзі растамады.

"Жобаны мемлекетке ресми түрде табыстадық. Қосымшаны 1 миллион 700 мың бірегей пайдаланушы жүктеп алып, оның функционалын пайдаланған. Күн сайын коронавирус инфекциясын жұқтырған адамдардың қоғамдық орындарға кіріп кетуінің 100-ден астам талабының жолы кесіледі. Ашық – сіз бен біздің денсаулығымыздың қорғанында тұр. Күн-түн демей, Ashyq-ты жасап, енгізуге, кодын жазып, алгоритмдерін түзіп, қорғанышын пысықтауға күш салған жобалау кеңсесіне және бүкіл командаға ризашылығымды білдіремін. Бизнеске де алғысым зор: туындаған қаншама қиыншылықтарға қарамастан, сіздер өз жұмыстарыңызды қауіпсіз еттіңіздер және бұрынғы өмірге оралуға үлкен қадам жасадыңыздар", – деді Виталий Пустовойтенко.

Ол қосымшасын мемлекетке қаншаға сатқанын жасырды. Оның орнына өз жобасына қолдау көрсеткені үшін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусинге рахмет айтты.

Енді ай-ти компания басшысы басқа жобаларына білек сыбана кіріспек. Оның біріншісі – Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі әкімдермен бірге мәжбүрлі түрде енгізіп жатқан мүлік иелерінің бірлестігі (ОСИ) нысандарын біріктірмек: оның қосымшасында МИБ төрағасын сайлау, олардың қаржылық ағындарын бақылау және үйді басқару жүзеге асырылмақ. Неге екені белгісіз, қосымша "E-Knot" аталады.

Екіншісі – "SmartUniversity" қашықтан оқытуға көшкен жоғарғы оқу орындарына емтихандарды, сынақтарды прокторинг жүйесінде өткізуге мүмкіндік бермек. Болашақта бұл қосымшалары да билік қолына көшіп жатса, таңғалмаймыз.

Ал министр Бағдат Мусин Ashyq-қа қатысты үш жаңалығын жеткізді.

"Біріншіден, айрықша атап өткім келеді: бұл сервис жуырда мемлекеттің меншігіне берілді. Кеше осы қосымшаны жасаушы Виталий Пустовойтенкомен бірге құжаттарға қол қойдық. Қосымша "ҰАТ" АҚ-ның жауапкершілік аймағына көшті. Дербес деректердің қауіпсіздігі үшін алаңдаудың қажеті жоқ: Ashyq-тың барлық сервері "ҰАТ" АҚ-ның мемлекеттік сервер орталығының аясында қорғалады", – деді министр.

Екіншіден, енді қосымшаны енгізу ісі жаңа қарқынмен өркен жаяды, өрісі кеңейтіледі.

"Мемлекеттік "ҰАТ" АҚ-ның жауапкершілігіне өткендіктен, оған арнап eGovMobile-да арнайы функционал әзірлеуге тапсырма бердім. Біз басқа платформалар үшін де ашықпыз! Бірақ оның қауіпсіздігін егжей-тегжейлі тексереміз. Мұндай тексерістен қазіргі кезде мемлекеттік қызметтерді ұсынып жүрген барлық сервис өтті. 2 апта бұрын күллі нарықтан алғашқы болып бізге "Aitu" ресми ұсыныс жолдады. Біз мемлекеттік сервис саласындағы мемлекеттік монополияны жоюды көздеп отырмыз. Сол себепті мемсервистерді басқа, сыртқы платформаларға шығаруды оң қабылдаймыз. Сонымен бірге онымен қандай да бір деректі пайдалануына тыйым салатын келісім жасасамыз. Aitu-ға қолданушылармен арадағы мәмілесіне осыны қосу керектігін ескерттік, олар соны енгізіп жатыр", – деді Б.Мусин.

Үшіншіден, Ashyq-ты Kaspi және Halyk тұғырнамаларына шығару үшін министрлік осы банктермен келіссөз жүргізуде екен. Бизнес пен клиенттер үшін маңызды болғандықтан комбанктер бұл идеяға түсіністікпен қарап жатқан көрінеді.

Азаматтар болса, "Ашықтың" ашылмай қалатынына шағымданады. Елорда тұрғыны, заңгер Руслан ұқсас жағдайға жолыққанын айтады.

"Кеше "Хан Шатырдағы" Chaplin кинотеатрына бардым. Ashyq қосымшасы істемей қалыпты. Тығырықтан шығу үшін кинозалдың кіреберісіне журнал қойды, барлық көрерменнен соған ЖСН-ын жазып, қол қоюды сұрады. Өз дерегімді жариялағым келмегендіктен, ойға келген сандар тізбегін жаза салдым. Әрине, бұл дұрыс емес, бірақ "Ашықтың" жабық болғанына жұрт кінәлі емес",  – дейді Руслан.

Демек, егер кинозалға кіргендер арасында коронавирус жұқтырған адам болса, оны кинотеатр бәрібір таба алмай қалуы мүмкін.

Жанат Ардақ


 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу