"Ashyq"-тың айналасы толған алаяқтық

4122

Бизнесмендердің өзі қандай жағдайда "Ашық" жобасынан шеттетілетінін біле бермейді, алаяқтар осыны пайдалануда, деп жазады Inbusiness.kz.  

  "Ashyq"-тың айналасы толған алаяқтық

Кәсіпкер не бүлдірсе, "Ashyq"-тан шығарылады?

Кейінгі кезде "Ашық" жобасына қатысты алаяқтықтың жаңа түрлері пайда болды. Мысалы, кейбір азаматтар кіреберісте смартфоннан көрсету үшін қосымшаның өзін емес, фотосуретін қолдана бастады. Клиент осы жобаға қатысатын нысанға кіреберісте аялдап, "Дамумед" немесе Kaspi.kz арқылы жүйеге кірген және сырттағы QR-кодты сканерлеген сыңай танытады. Шынында, күзетшіге, нысанның қызметкеріне ұялы телефонындағы мәртебесі "Зеленый" деп жазылған фотошопталған суретті немесе қарапайым скринді көрсете салады.

Бұл қулыққа тосқауыл қою үшін "Зеленый" мәртебесі жыпылықтайтын жаңа нұсқасы енгізілуде. Бұл туралы "Атамекен" ұлттық палатасы басқарма төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева хабарлады. Нәтижесінде, фотосуреттер мен скриндер жарамсыз болып қалмақ. 

Дегенмен, оның орнын енді видеолар басуы мүмкін. Рас, цифрлық даму министрлігі қосымшаның жаңа қорғанышы тіпті экранды бейнежазбаға жазу мүмкіндігін де бұғаттап тастайтынын хабарлады. Өзгерістер Ashyq-ты сканерлеуге мүмкіндік беретін басқа қосымшаларға да таралды. Бұл өзгерістер енгізілген, өмірге жолдама алуда.

Алайда сондай видеоны компьютерлік бағдарламалар арқылы қолдан жасауға тоқтау салу қиын болады. Демек, адамдар күзетшілерге скринді емес, видеожазбаны көрсете салуы мүмкін.

Қаскөй жандар "Ashyq"-ты кәсіпкерлерден заңсыз ақша талап етуге жарата бастапты. Осы мақсатта "Ашықтың" жалған көшірмесі жасалған. Сол арқылы алаяқтар жүйе арқылы салынған әкімшілік айыппұлды тез төлемесе, осы жобаға қатысуын шектейтінін айтып, бизнесмендерді қорқытуда. Бұл туралы "Атамекен" ұлттық палатасының басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев хабарлады.

"Ваша учетная запись на Ashyq в ограничении. На ваш ИИН и расчетные счета наложен административный штраф, в соответствии с частью 1 статьи 425 КОАП РК, за нарушение правил использования Ashyq в режиме чрезвычайного положения. В мобильном приложении Kaspi bank и Homebank в разделе QR – Ashyq, третьими лицами с вашей учетной записи", – деп жазылған.

Ары қарай фейк-Ашық кәсіпкерге "Төлемдер" бөлімінде "Айыппұлдар" батырмасын басып, ЖСН бойынша айыппұлды төлеуді және түбіртек алуды ұсынады. Аңқау жандар қосымшада көрсетілген сілтемелермен өтіп, ақша аударады. Бірақ нағыз Ashyq-тың қызметін ұсынатын шынайы қосымша мен әлгі қос банк ол кәсіпкерлердің жүйе үшін төлем жасағанынан мүлдем бейхабар болады.

Шын мәнінде, бұл жүйені пайдалану бойынша шектеулер тек Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің "Кәсіпкерлік объектілерінде "Ashyq" жобасын енгізу туралы" 2021 жылғы 29 шілдедегі №33 Қаулысында көрсетілген жағдайларда ғана қолданылады.

"Жосықсыз қатысушыларды "Ashyq" жобасынан алып тастау алгоритмі" келесідей:

Жергілікті әкімдіктер мынадай негіздердің біреуі не бірнешеуі анықталса, "Ashyq" жобасына қатысушыларды жобадан алып тастайды:

1) мониторингтік топ объектіде жобаға қатысуға қойылатын талаптарды бұзудың расталған фактілерін анықтаса;

2) Объект 2 апта ішінде QR-код бойынша тіркеген келушілердің саны 0-ден 20-ға дейінгі аралықты ғана құраса;

3) 2 апталық жүктеп алу нәтижелері бойынша объектінің ВАК белгілеген check-in-нің ең аз санын жүргізбеу фактісі анықталса;

4) рұқсат беру құжаттары болмаса (эпидемиялық маңыздылығы жоғары объектінің сәйкестігі туралы санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысы немесе эпидемиялық маңыздылығы елеусіз объекті қызметінің басталғаны туралы хабарлама болмаса).

"Ашық" жобасына қатысудан шеттетудің басқа негіздері әзірге қарастырылмаған.

Қатысушының жұмыс алгоритмін бұзғанын мониторингтік топ анықтайды. Осыдан кейін әкімдік қатысушыны жобадан 1 апта мерзімге алып тастайды, яғни, нысан 7 күнге жабылады.

Егер бұзушылықты қайталаса, жобадан 2 апта мерзімге қуылады.

Үшінші бұзушылықтан соң қатысушы жобадан 1 ай мерзімге шеттетіледі. Бұл пандемия жағдайында кәсіпкерлік нысанының осынша мерзімге жұмысын доғаратынын білдіреді.

"Ashyq лидері" мәртебесін қалай алуға болады?

Әйткенмен, алаяқтардың еркін қимылдауы, қарау әрекеттерінде табысқа жетуі құзырлы органдардың дәрменсіздігін ғана емес, сонымен бірге кәсіпкерлердің осы жобаға қатысты ақпаратының аздығын, түсініктеме жұмыстарының жоққа жуық екенін паш етеді.

Алматылық кәсіпкер Айгүл Хасанова бизнесмендердің мысалы, "Ashyq көшбасшысы" деген бағдарлама туралы естігенін, бірақ егжей-тегжейінен хабарсыз екенін айтады.

"Бұл сауал Алматыдағы, өзге өңірлердегі көптеген шағын және орта бизнес өкілдерін қызықтырады. Бизнес нысандарына "Ashyq көшбасшысы" мәртебесі қалай тағайындалады? Біз ашық, адал жұмыс істейміз. Біз де лидер атанғымыз келеді", – дейді ол. 

Атап өтетін жайт, қазіргі кезде кәсіпкерлік нысандарының қызметін "Ашық" жобасында регламенттеу жоғарыда берілген бас санитардың №33 қаулысына сәйкес жүргізіледі.

"Барлық облыстардың және үш мегаполистің – Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкенттің әкімдері "Ashyq лидері" мәртебесін беру үшін жоба қатысушыларының тізімін анықтайды. Өз кезегінде цифрлық даму министрлігі жергілікті әкімдіктерге сол қатысушылардың объектілерінде екі апта ішінде QR-код (check-in) бойынша тіркелген келушілердің саны туралы мәліметтер жолдайды. Осылайша, QR-кодпен көп адамды өткізген нысандар белгілі болады. Жоба қатысушыларының "Ashyq лидері" мәртебесі ведомствоаралық комиссияның (ВАК) шешімімен тізім бойынша бекітіледі", – деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов.

"Ashyq" смартфоны мен куәлігі жоқ адамдарды "алаяқ" етті

Өз кезегінде қазақстандықтар осы қосымшаның жаппай енгізілуі кесірінен қарапайым азаматтар смартфонсыз немесе жеке куәліксіз жүру құқығынан айырылып қалғанына қапалы. Ондай адамдарды күзетшілер, тағы басқасы алдаушыға, алаяққа жатқызады.

"Мен жақын жердегі бассейнге ұдайы барып тұрамын, ол жақында "Ашықпен" жұмыс істей бастады. Бір күні келгенімде күзетші ұялы телефонымнан мәртебемді көрсетуді талап етті. Қалыптасқан әдет бойынша мен судағы жаттығуларға әдейі смартфонымды апармай, үйде қалдырып кетемін. Сондықтан талабын орындай алмадым. Күзетші онда жеке куәлігімді көрсетуді сұрады. Қазақстанда адамдардан күн сайын көшеде жеке куәлікпен жүру талап етілмейді. Ол талабын да орындай алмадым. Бірақ "Ашықтан" ЖСН арқылы тексеруге болады, ЖСН-імді жатқа білемін. Күзетші жүйеге енгізіп еді, "Жасыл" мәртебем шықты", – дейді заңгер Алексей Павлов. 

Алайда күзетші оның егілгеніне сенбеген. Табанды түрде әр қатқыл дауыспен кері бұрылып, тайып тұруын талап етеді. Содан шу шыққан. Оқиға орнына нысанның директоры шақыртылады.

"Ол да дөрекі сөйлеп, қоқан-лоққы көрсете бастады. Абонементімнің күшін жоя салатынын мәлімдеді. Бас санитарлық дәрігердің соңғы қаулысына сәйкес, "Ашық" мәртебесін тексеру ЖСН немесе жеке куәлік негізінде де жүргізіледі. Мен бұл талапты орындадым, ауызша айтып бердім. Бірақ күзетшілер қауымы бұған сенбейтіні аңғарылады. Сонда сканерлеу функциясы бар смартфоны жоқ, қарапайым батырмалы ұялы телефонға ғана ие адамдар, жеке басын куәландыратын құжатын үйінде ұмыт қалдырған адамдар ешқайда кіре алмайтын, мемлекеттік және жекеменшік сектор қызметтерінен толық қағылатын болғаны ғой? Бұл Конституцияға қайшы. Билік бұл олқылығын түзегені жөн", – дейді ол.

Қосымшаның енгізілгеніне таяуда бір жыл толмақ. Бірақ шикі тұстары толып жатқаны байқалады.

Жанат Ардақ

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу