Әскердегі жігіттер үйлеріне орала алмай жатыр

2217

Қазақстандық бір топ сардар мен сарбаз шетелде қалып қойған.

Әскердегі жігіттер үйлеріне орала алмай жатыр Фото: astana.gov.kz

Ата-аналар – өз балаларының, ал қыздар – сүйіктісінің армиядан аман-есен оралуын зарыға күтіп жүр. Бірақ биыл ел тәуелсіз Қазақстан тарихында ешқашан болмаған оқиғаға жолықты: әлемде және елде коронавирустық пандемияның кең таралуына байланысты әскери борышын өтеп болған солдаттар үйлеріне қайтпады. Қорғаныс министрлігі жылда оларды жаппай тұрғылықты жеріне қайтару үшін тасымалдаушы компанияларды жалдайтын. Біріншіден, биыл ондай компаниялар қызметіне ТЖ кезінде шектеу енгізіліпті. Екіншіден, жауынгерлердің амандығы үшін оларды індет ошақтарына жібермеуге ұйғарылған. Үшіншіден, біраз қала мен аудан карантинге жабылды, олардағы блок-бекеттер сол бұрынғыдай ешкімді кіргізіп, шығармайды.

Галина Мальцева баласының әскери парызын өткеру мерзімі 2020 жылғы 1 мамырда аяқталғанын айтады.

"Неге әскери қызмет мерзімі аяқталған біздің балаларды үйлеріне жібермейді?! Алматыда блок-бекеттер алып тасталды, өзгелерінде де карантиндік режим жұмсартылуда. Жергілікті тұрғындарға өзге өңірлерден кері оралуға рұқсат беріліп жатыр. Ал Қорғаныс министрлігі әр нәрсені сылтауратып, балаларымызды жеткізбей отыр. Не оралтсын, не олармен бірнеше айға болса да келісімшарт бекітіп, жалақы төлесін. Контрактілі әскерилер секілді. Сонда олар өз отбасыларына қолғабыс ете алады. Қазақстандық студент жастарды тіпті шетелден де қайтарды ғой. Ал министрлік еліміздің өз ішінде солдаттарды үйлеріне жеткізуге қауқарсыз", – дейді Г.Мальцева.

Айтқандай, шетелдік әскери оқу орындарында оқитын қазақстандықтар да шекараның жабық болуы нәтижесінде елге орала алмай қалыпты.

Қала тұрғыны Мұрат Нұғманов жат жұрттағы баласына алаңдаған әкелерді бірі. Халықаралық әуе қатынасы ашылмағандықтан, мемлекетіміз автобустармен әкету жайын қарастырып жатқан көрінеді.

"Балам Ресейде оқиды, курсант. Ресейлік әскери жоғарғы оқу орындарының курстанттары оралмай жатыр. Егер елге топ-тобымен әкелінетін болса, олар көршідегі және біздегі карантиндік аймақтарды қалай аман-есен өте алады, оның тәртібі қандай екен? Әзірге біз, ата-аналар одан хабарсызбыз. Ресей федерациясында COVID-19 ушығып барады: ол әлемде жетінші орынға шығыпты, күн сайын 10–11 мың коронавирустық науқас анықталады. Сондықтан олардың Ресейден кесел жұқтырып қайтуынан да қорқамыз", – дейді Мұрат.

Военкоматтар мен қорғанысқа жауапты ведомстводағылардың құлақ етін жеп, ығыр еткен ата-аналардың бірі Екатерина Бутакова. Ол биылғы 24 наурызда сол кездегі ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевтың мәлімдемесінен "ТЖ-ға байланысты көктемгі әскерге шақыру тоқтатылғанын" естігелі өзінен маза кеткенін жеткізді. Оның азаматы 2019 жылғы қыркүйекте армияға аттаныпты.

"Әскерге жаңа лек шақырылмаса, демек бұған дейін шақырылғандар армияда қалады деген сөз. Олар мерзімі аяқталса да запасқа босатылмайды. Алайда бұл мәселе қалай шешілетіні жөнінде дені дұрыс түсініктеме жоқ. Көктемде болмаған әскерге шақыруды бүгінде жедел өткізуге жергілікті военкоматтар мен әкімдіктер дайын ба? Азаматтарды осы жағдай өте алаңдатады. Белгісіздік қажытады. Бәріміз олардың нақты қай күні оралатынын дәлме-дәл білгіміз келеді. Көктемгі шақырылғандардың кешігуі күзде кеткен солдаттардың оралуына кесірін тигізбей ме?" – дейді ол.

Азаматтардан арыз-шағымның көп түсуіне байланысты Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың өзі түсініктеме берді.

"Азаматтардың жаңа легін әскерге шақыру Қазақстанда тек төтенше жағдай режимі жойылғаннан кейін жүзеге асырылатын болады. Биылғы жылғы көктемгі шақыру шынында, ерекшеленіп отыр: өткізудің дәстүрлі мерзімдері тегіс өзгеріп кетті. Көктемгі шақыру және мерзімді әскери борышын өтеген әскери қызметшілерді босату науқанын ұйымдастыру 2020 жылғы мамыр-тамыз айларына жоспарлануда. Ол ТЖ-ның қашан жойылатынына байланысты болады. Ал одан кейінгі күзгі әскерге шақыру және солдаттарды армиядан босату жылдағы мерзімде өтетін болады. Онда елдегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал назарға алынады", – деді министр Нұрлан Ермекбаев.

Қарулы күштер Бас штабының ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің бастығы Сәкен Жүсіпов биыл жаңа тарихымызда тұңғыш рет тосын жағдай болып отырғанын растады.

4 мамырда ел Президенті, жоғарғы бас қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған, "Әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілерді запасқа шығару және Қазақстан азаматтарын 2020 жылдың наурыз-маусымында және қыркүйек-желтоқсанында мерзімді әскери қызметке кезекті шақыру туралы" Президенттің 2020 жылғы 12 ақпандағы №266 жарлығына өзгерістер енгізу туралы" жаңа жарлығы жарияланды.

Оған сәйкес, әскерге шақыруды кейінге қалдыруға не одан босатылуға құқығы жоқ 18–27 жастағы ер азаматтарды көктемгі әскерге шақыру мерзімі биылғы тамыз айына дейін ұзартылды. Ал күзгі шақыру мерзімі әзірге бұрынғы қыркүйек-желтоқсан айларында өзгеріссіз қалды.

"Қарулы күштерімізді соғысқа дайын күйде ұстап тұру үшін 2019 жылғы көктемде әскерге алынған солдаттарды запасқа босату уақытша тоқтатылды. Яғни, олар ТЖ қанша уақыт әрекет етсе, соған дейін үйлеріне жіберілмейді. Бірақ әскери борышын өтеу мерзімі аяқталғанына қарамастан, мемлекет ол жігіттерді ары қарай асырауын жалғастырады. Мысалы, запасқа кеткенше киіндіреді, тамақтандырады, медициналық қызметтер көрсетеді, заттай және қаржылық қамтамасыз етеді. Сондай-ақ барлық өңірлерде шақыру және медициналық комиссиялардың жұмысы тоқтатылды. Әскер жаңа шақырылушылармен толықтырылып жатқан жоқ. Мемлекет басшысы мерзімді әскери қызметке шақыруды биылғы маусым айынан тамызға көшіретін жарлыққа қол қойды", – деді Сәкен Жүсіпов.

Оның айтуынша, солдаттарды қайтару және орнына жаңаларын қабылдау ТЖ аяқталғанда қайта басталады және 31 тамызға дейін жалғасады. Төтенше жағдай 11 мамырда бітеді деп күтілуде. Әрине, жағдай күрделенсе, Президент басқа шешім жариялауы да мүмкін. 

"Былтырғы көктемде әскерге алынған жауынгерлерді үйлеріне жіберу 2020 жылғы 30 маусымға дейін жүргізіледі. Егер әрине, ТЖ режимі жойылса. Солдаттар жылдағы тәртіппен тұрғылықты жерлеріне жеткізіледі. Борышын өтеген әскери қызметшілерді босатуды тоқтату және кезекті шақыру мерзімін кейінге қалдыру туралы шешім мемлекетіміз тарихында тұңғыш рет қабылданып отыр. Ол азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Ал әскерге шақырудың қайта басталуы еліміздің қалыпты өмірге орала бастағанын білдіретін болады. Қазақстандықтар қалыптасқан жағдайға түсіністікпен қарайды деген сенімдеміз", – деді Бас штаб департаментінің басшысы.

Жанат Ардақ

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу