Әскери әйел тиран командирден құтқаруды сұрады

1810

Оның ісін Қорғаныс министрлігі қарап жатыр. 

Әскери әйел тиран командирден құтқаруды сұрады

"Қазақстанның дағдарыстық орталықтарының одағы" үкіметтік емес ұйымының дерегінше, елде жыл сайын шамамен 400 әйел отбасылық зорлық-зомбылық салдарынан мерт болады. Әйелдер құқығын қорғаушы белсенділер полицияның тұрмыстық зомбылық құрбандарының өтініштеріне бей-жай қарайтынын, тергеудің тым сылбыр жүретінін айтады.

Өз кезегінде тәртіп сақшылары әйелдердің көбі отбасын ойрандаушыны қорғаштайтынына, жазалатпауға тырысатынына назар аудартады.

"102 операторлары күн сайын түрлі 300-500 хабарлама қабылдайды. Негізінен, отбасылық-тұрмыстық саладағы хабарламалар түнгі уақытта түседі: мысалы, түнде – 24, күндіз – 12 рет қоңырау шалынды. Өкінішке қарай, 13 жағдайда ғана зорлық-зомбылық құрбандары жәбірлеушінің үстінен арыз жазды. Үйіне жолатпайтын қорғау ұйғарымын шығаруға келіскендер саны одан да аз – 9 адам", – деді Павлодар қаласының Жергілікті полиция қызметінің бастығы Арман Қаптаев ішкі істер органдарының polisia.kz порталына сұхбатында.

Барлық өңірге осы жағдай тән: ІІМ дерегінше, қоңырау шалғандардың көбісі полицияны тек зорлықшыны тыныштандыруға шақырады, бірақ құрбандар өзін және балаларын үй тиранынан қорғау үшін құқығын толық пайдаланудан аяқ тартады. Статистика көрсеткендей, 80% жағдайда полицияға көмек сұрағандар жәбірлеушіні кешіреді. Нәтижесінде, біраз уақыттан соң отбасыдағы сойқан шайқас қайталанады.

Кейбір сарапшы "күйеуінен таяқ жейтін әйелдер негізінен, білімі таяз, жұмыс істемейтін, күйеуіне материалдық, қаржылық тұрғыдан тәуелді болып келеді" деген байлам жасап жүр. Бірақ құрбандардың бәріне бірдей осы сипаттама тән емес.

"Буындырып жатқанда балаларым ара түсті"

Әскери қызметші, бес баланың анасы Гүлнәз Ж. араша сұрап, Қорғаныс министрлігінің жаңа басшысы Мұрат Бектановқа хат жазды. Ол әскери бөлімнің командирі болып істейтін өзінің бұрынғы күйеуінен қорғауды өтінеді. Қос әскери қызметші арасындағы отбасылық шиеленістің өрбігеніне біраз болыпты. Содан бері шыдап келген екен.

"2019 жылғы 26 наурызда бұрынғы жұбайым подполковник Саукенов көлігін айдап келе жатып, оны тежемеген күйі мен машинадан лақтырып тастады. Содан кейін автомобильді тоқтатып, түсіп келіп, көшеде мені соққыға жықты. Осы кезде ол әскери формада болды. Мұны көріп, жүргіншілер полиция шақыртты. Алайда сол жолы ол мені шағымымды қайтарып алуға мәжбүр етті. Екінші рет буындырып жатқанда оның ниетін іске асыруына балалар кедергі жасады. Сонда әскери полицияға шағым жаздым. Сот-медициналық сараптамадан өттім. Соңыра сот болды, ол айыбын мойындады. Ажырасуға рұқсатын беруге, бейбіт айырылысуға уәде етті, сондықтан мен бітімге бардым", – дейді жәбірленген әйел.

Бірақ оқиға ескі ауанмен ары қарай өрбіген. Үшінші рет әйеліне пышақ ала жүгіргенде ортаға тағы да балалар тұра қалып, тоқтатады. Зардап шегуші мен зорлықшыны сот ажыратты.

Отағасы қамқоршылық органдарына өтініш жазып, балалармен араласудың кестесін құруды сұраған, алайда әкімдіктің қамқоршылық және қорғаншылық функцияларын атқаратын органы оның балаларға да тізе батырғанын негізге алып, өтінішін қанағаттандырудан бас тартыпты.

"9 айға созылған сот нәтижесінде ортақ жиған мүліктің жартысын алдым. Алайда ол балалардың үлесін беруден бас тартты. Оны азсынса керек, балаларға өтемақы ретінде алған 2,8 миллион теңгені өз әпкесіне беруге мәжбүр етті. Ақырында қыс ішінде мені бес баламен бірге көшеге қуып шықты. Пәтер тауып, тұруға тура келді. Қазіргі кезде, 2021 жылғы наурыз айынан бері өз бетімше үй салып жатырмын. Сонда да күн бермейді. Жалдаған жұмысшыларымды қорқытып кетіпті", – дейді Гүлнәз.

Осылайша, махаббаты суып, аралары алыстағанымен экс-ерлі-зайыптылардың бір елді мекенде бастары сыйыспауда. Оның үстіне екеуі де бір ведомствода істейтіндіктен дау-жанжал, ұрыс-керіс туындай беретін көрінеді. 

Әскери адам ретінде Гүлнәз қалыптасқан тәртіпті сақтап, бұған дейін өз командиріне, гарнизон басшысына арызбен жүгініпті. Бәрібір ешқандай қорғау көрмегенін айтады. Енді тікелей жоғарғы жаққа шағымдануға мәжбүр.

"Қолбасшым Саукеновпен әңгімелесті, содан ол уақытша тынышталды. Алайда артынша бәрін басынан бастады. Офицер ретінде тәртіп пен ерік-жігер жөнінен үлгі көрсету орнына ашуына ерік беріп, бөтеннің баспанасына еш рұқсатсыз басып кіреді. Осы офицерге лайық іс пе? Қолымда сөздерімді растайтын барлық құжаттар бар", – дейді Гүлнәз Ж.

Билік не дейді?

Қорғаныс министрлігі бұл шағым бойынша шара қабылдауды тиісті құрылымына жүктеді.

"Әскери бөлімнің командирі подполковник Саукеновке қатысты шағым Қорғаныс министрлігінде қаралды. "Батыс" өңірлік қолбасшылығы Саукеновке Мемлекеттік қызметшінің Әдеп кодексінің талаптарын бұзуға және құқыққа қайшы қылықтарға жол берілмейтіні жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Қазіргі уақытта Саукеновты қызметі бойынша басқа гарнизонға ауыстыру мәселесі қарастырылуда", – деп жауап қайырды Қазақстан Қарулы күштерінің Бас штабы бастығының бірінші орынбасары міндетін уақытша атқарушы, авиация генерал-майоры Нұрлан Кәрбенов.

Оның айтуынша, әрбір әскери қызметшінің әскери қызметтегі өмірі Қарулы күштердің жалпы әскери жарғыларының талаптарымен қатаң регламенттелген. Сонымен бірге әскерилер қызметтен тыс уақытта да Қазақстанның кез келген азаматы қатарлы заңнама талаптарын сақтауға міндетті.

Демек жұмыстан бос уақытында ойына келгенін істеуіне болады деген сөз жоқ.

Негізі, қазақстандық әскерилердің бейбіт уақытта сардар атағына селкеу түсірмегені өте маңызды. Отбасын қорғамайтын ерден Отанды қорғауды қалай күтуге болады?

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу