Әскери саладағы ерлі-зайыптыларға ажырасу – тиімсіз

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
11796

Шаңырақтың шырқы бұзылса, мемлекет тарапынан тұрғын үй төлемақысын төлеу тоқтатылады.

Әскери саладағы ерлі-зайыптыларға ажырасу – тиімсіз

Бүгін мәжілісте әскери қызметшілерді баспанамен қамтуға бағытталған жаңа заң жобасы таныстырылды. Баяндама жасаған ҚР қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Мұхтаровтың айтуынша, заң жобасы әскерилерді және олардың отбасы мүшелерін тұрғын үймен қамтудың жаңа алгоритмі болып табылады. Құжатта барлық санаттағы әскери қызметшілер ескерілген.

Заң 2018 жылдың 1 қаңтарынан күшіне енеді. Құжатқа сәйкес, келер жылдан бастап әскери қызметшілердің екінші деңгейлі банктердегі жеке арнаулы есепшоттарына ай сайын тұрғын үй төлемдері аударылатын болады. Төлемдердің мөлшері еліміздің әр өңіріндегі баспана бағасына байланысты анықталмақ.

Қаржы-экономикалық есептеулерге сүйенсек, заң жобасын жүзеге асыруға 41 млрд теңге жұмсалады екен. Бұл аз ақша емес. Талғат Мұхтаровтың айтуынша, тұрғын үй төлемдерін басқа мақсаттарға жұмсауға жол берілмейді.

Қазір тұрғын үй төлемдері әскери қызметшілердің банктік карточкасына аударылып жүр. Сондықтан олар бұл ақшаны мүлде басқа мақсаттарға пайдалана алады. Ал жаңа заң бойынша мұндай әрекетке жол жоқ.

Қызметші банктегі арнайы есепшотына түскен қаржыны ипотекалық несие арқылы пәтер сатып алуға, тұрғын үй арендасын төлеуге, баспананы кейіннен сатып алу құқығымен жалға алуға, үлестік тұрғын үй құрылысына және тұрғын үй құрылысы кооперативіне қатысқан кезде жарналарды төлеуге, тұрғын үй жағдайларын жақсартуға пайдалана алады. Сондай-ақ банк тарапынан да бақылау жүргізіледі.

Қорғаныс министрінің орынбасары атап өткендей, ең алдымен 20 жылдан астам уақытын әскери қызметке арнаған әскери зейнеткерлерді баспанамен қамту мәселесі шешімін табады. Олардың 2018 жылдан бастап қоныс тойын тойлауға мүмкіндігі бар.

"Әскери зейнеткерлердің біразы көшіп кетуге мүмкіндігі болмағандықтан, жабық және оқшауланған әскери қалашықтарда жеке баспанасыз қызметтік тұрғын үйлерде өмір сүруге мәжбүр. Оларға келер жылдан бастап бір реттік ақшалай өтемақы төлеу жоспарлануда. Әскери қызметкерлердің тағы бір бөлігі ешқандай баспанасыз-ақ мерзімі жеткен соң қатардан шығарылды. Тұрғын үйге қол жеткізе алмай жұмыстан босатылған әскери зейнеткерлерге де бір реттік қаржылай өтемақы төлеу көзделуде", – деді Талғат Мұхтаров.  

Әскери қалашықтарда тұрып жатқан зейнеткерлерге өтемақы төлеу арқылы қолданыстағы қызметтік тұрғын үйлер босайды. Есесіне, аталған үйлер іс басындағы азаматтарға ұсынылады.

Заң жобасында әскери борышын өтеу кезінде қаза тапқан, жарымжан болып қалған, ауыр дертке шалдыққан азаматтардың да мүддесі қорғалған. Оларға әскери қызметін өтеген өңірдегі жаңа тұрғын үйдің нарықтық құны бойынша бір реттік өтемақы беру көзделіп отыр.

Тағы бір маңызды жаңа норма жабық әскери қалашықтар мен заставаларда орналасқан, жекешелендіруге жатпайтын қызметтік баспанамен қамтамасыз етілген әскери қызметшілерге қатысты. Заң жобасына сәйкес, оларға ай сайын 50% көлемінде тұрғын үй төлемдері аударылмақ.

"Бұл әділетті шешім деп ойлаймын. Мемлекет аталған санаттағы әскерилерді тегін қызметтік баспамен қамтамасыз етіп отыр. Коммуналдық төлемдер де толығымен мемлекеттің мойнында. Әскери қызметші 50%-дық тұрғын үй төлемдерін жинақтап, банктердің ипотекалық несиелендіру бағдарламасына қатысуға мүмкіндігі бар", – деді Талғат Мұхтаров.

Заң жобасының тағы бір жаңашылдығы – 2013 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша еңбек сіңірген жылдары 10 және одан көп жылды құрайтын әскери қызметшілер үшін 20 жылдық әскери қызметін өтеген соң қызметтік баспананы өтеусіз жекешелендіріп алу құқығы қайта қайтарылады. Егер қызметтік тұрғын үй жекешелендіруге жатпайтын болса, өтеусіз жекешелендіру құны баспана бағасы көлемінде өтеледі.

Осы орайда "Жаңа жүйе бойынша зейнет алдындағы әскери қызметшілер тұрғын үй төлемдері көмегімен баспана алуға жеткілікті қаражат жинай ала ма?" деген сұрақ туындайды. Заң жобасында бұл да ескерілген екен.

"Әскери қызметшінің зейнетке шығуына шамалы ғана жыл қалса, тұрғын үй төлемдері баспана сатып алуға жетпейтіні анық. Сондықтан бұл санаттағы адамдарға зейнеткерлікке шыққан кезде бұған дейін баспанаға мұқтаж болған жылдарға тұрғын үй төлемдерін есептеп, біржола аудару қарастырылады. Яғни, аталған топтағы әскери қызметшілердің түйткілді мәселесі де тасада қалмайды", – деп сендірді қорғаныс министрінің орынбасары.

Қызмет бабымен бір облыстан өзге бір өңірге ауыстырылған әскерилердің де мүддесі назардан тыс қалмапты. Әскери қызметші бір өңірде тұрып, ипотекалық несие рәсімдеді делік. Бірақ кейіннен басқа бір облысқа қоныс аударады. Мұндай жағдайда тұрғын үй төлемі бұрынғы мөлшерде сақталмақ.

Қорғаныс министрлігі бойынша жекешелендіруге жатпайтын 8 мың пәтер бар екен. Онда тұратын әскери қызметшілерге 50% көлемінде тұрғын үй төлемақысы төленеді. 2,5 мың әскеридің қызметтік пәтерлерді жекешелендіріп алуға құқығы бар. Енді оларға пәтерді жекешелендіру құқығын бір реттік қаржылай өтемақыға ауыстыруға жол ашылды.

Ерлі-зайыптылардың екеуі де әскери салада қызмет етсе, олардың тек біреуіне ғана тұрғын үй төлемақысы төленеді. Ал төлемақының отағасына яки отанасына аударылатынын отбасы мүшелері өзара ақылдасып анықтайды. Егер ерлі-зайыптылар ажырасатын болса, төлемақы төлеу тоқтатылады. Ал бұған дейінгі төлемақылар ортақ мүлік болғандықтан, заң бойынша екіге бөлінеді. Сондықтан Талғат Мұхтаров айтпақшы, әскери саладағы ерлі-зайыптыларға ажырасу – тиімсіз.

Әскерилерді баспанамен қамту үшін қомақты қаражат бөлінбек. Ал бұл сұранысты құрылыс компаниялары өтей ала ма? Халық қалаулыларын толғандырған сұрақтың бірі – осы. ҚР инвестициялар және даму вице-министрі Роман Скляр алаңдауға негіз жоқ деп сендірді.

"Заң жобасын әзірлеу барысында жан-жақты есептеулер жүргіздік. Статистикаға сүйенсек, соңғы жылдары тұрғын үй құрылысы дамып келеді.  Мәселен, 2006 жылы Қазақстан бойынша 6 млн 200 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 2016 жылы, яғни 10 жылдан соң бұл көрсеткіш 10,5 млн шаршы метрді құрады. Сондай-ақ бүгінде "Нұрлы жер" бағдарламасының іске қосылуымен, құрылыс саласы да қарқын ала бастады. Қазір барлық өңірде қызу жұмыс жүріп жатыр. 2017 жылдың 9 айында 8 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл былтырғы жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 10%-ға артық. Құрылыс саласы қорғаныс министрлігінің сұранысын толықтай қанағаттандыруға дайын", – деп мәлімдеді Роман Скляр.

2018 жылдан бастап Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі де әскерилерге арналған арнайы өнім ұсынбақ. Банктің өкілі Мирас Бейсембаевтың сөзінше, қарыз 6,8-7,8 пайыздық мөлшерлемемен, шамамен 5 жылға берілмек. Несиені өтеу көлемі әскери қызметшінің алатын тұрғын үй төлемақысына байланысты белгіленбек.

Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі 2018 жылдан бастап 11 мың әскериді баспанамен қамтуды көздеп отыр. Ал алдағы 15 жылда 60 мың адамды тұрғын үймен қамтымақ ниетте.

Талғат Мұхтаровтың айтуынша, ұсынылып отырған моделді жүзеге асыру үшін 2018 жылға қажетті қосымша қаржы республикалық бюджеттік комиссиямен мақұлданған. Қазір Қазақстандағы күштік құрылымдарда еңбек етіп жүрген адамдардың 60 мыңнан астамы баспанаға мұқтаж.

"Заң жобасын қабылдау арқылы халықтың үлкен бір бөлігі тұрғын үймен қамтылмақ. Бұл тетік бюджет қаржысын ұтымды пайдалануға жол ашады. Себебі қызметтік тұрғын үй қорының көлемі бұдан былай көп ұлғая қоймайды және оны ұстап тұруға бюджет шығынын арттырудың қажеті жоқ", – деді Талғат Мұхтаров.

Қорғаныс министрі орынбасарының айтуынша, бұл заңды әскерилер асыға күтуде.

"Қаңтар айынан бастап әскери зейнеткерлер алғаш болып төлемақыны ала бастайды. Банктер ипотекалық несие беруге дайын. Әскери қызметшінің ендігі міндеті – өзіне ұнаған пәтерді іздеп, құжаттарды рәсімдеу ғана. Бұған бір-екі айдан артық уақыт кетпейді", – деп түйіндеді сөзін Талғат Мұхтаров.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу