Ассамблея 2026 жылға дейін жұмыс істеуі мүмкін

2591

Қазақстан халқының ынтымағын бұза алатын басты факторлар аталды. 

Ассамблея 2026 жылға дейін жұмыс істеуі мүмкін

Бұлардың қатарына әзербайжан-армян және қырғыз-тәжік шекараларындағы қақтығыстар, Ресей-Украина арасындағы қарулы жанжал, сондай-ақ жекелеген шетелдік саясаткерлердің арандатушылық мәлімдемелері жатқызылды. Қазақ елінде тұратын этностардың тарихи отандарындағы осы оқиғалар – Қазақстандағы этносаралық қатынастарға келеңсіз әсерін тигізуі мүмкін факторлар саналады. 

Бұл туралы "Қазақстан халқы Ассамблеясының даму тұжырымдамасы" жобасында атап өтілген. Жалпы құжаттың тек 2026 жылға дейінгі мерзімге ғана арналғаны назар аудартады. Бұған дейін Ассамблеяның 2011 жылға дейінгі стратегиясы және ҚХА-ның 2020 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы іске асырылған еді. 

Жекелеген шетелдік саясаткерлердің арандатушылық мәлімдемелері дәл қазір қазақстандықтарды көбірек алаңдатып отырғаны байқалады. Қынжылтатыны сол, бұл факторды жоқ жерден ҚХА-ның өз өкілдері ушықтырып отырған сыңайлы.

Мысалы, Ассамблея атынан сайланған экс-депутат, Мәжіліс төрағасының бұрынғы төрағасы Владимир Божко Facebook пайдаланушысы Сергей Васильев дегеннің "Нацистам из Казахстана – приготовиться!" деген жарияланымын өз парақшасында арнайы жариялады. Бұл оқиға қазақстандықтардың, соның ішінде басқа ұлт өкілдерінің де ашуын туғызды. ҚХА мүшесі бұл қадамымнан ешқандай оғаш нәрсе көріп тұрған жоқпын деген ауанда шекеден қарап жауап қатты. Бірақ шынында, 1986 жылғы желтоқсан оқиғасынан бері қазақ халқы өзін "нацизмге" айыптағанды ауырсына қабылдайтыны жасырын емес. Жалпы үш ғасыр бойы түрлі ұлт өкілдеріне құшақ жайып, асыраған, соңғы нанын ұсынған қазақ халқын қалайша нацизмге айыптауға болады?  

Оның үстіне Васильевтің үндеуіне қызу қолдау білдірген Божко қазақстандықтардың "неге дайындалуы керектігін" ашып айтпады. Сондықтан бұл қоғамда шынымен үрей туғызды. 

Бұл ретте РФ бас прокуроры Игорь Красновтың: "Меня регулярно информируют о русофобских взглядах в Казахстане" деген мәлімдемесі де тіксінтеді. Біріншіден, қазақ жеріне көз сұғын қадаған империяшыл пиғылдағы елдің бас прокурорын "ұдайы түрде Қазақстандағы жағдайға қатысты ақпараттандырып жүргендер кімдер?" деген сауал туады. Екіншіден, В.Божко репост жасаған сөздер Ассамблеяның жаңа тұжырымдамасы жобасында атап өтілген "Қазақстандағы этносаралық қатынастарға келеңсіз әсерін тигізуі мүмкін жекелеген шетелдік саясаткерлердің арандатушылық мәлімдемелеріне" жатпай ма? 

Қалай болғанда, В.Божконың әрекеті әлеуметтік желіде де, отандық ақпарат құралдарында да дүрбелең туғызып, қатаң сынға ұшырады.

"Божко Тоқаевтың арқасына соққы жасауға ұйғарған ба? Ресей бас прокурорының бұл құйтұрқы ісі біздің Президенттің Петербор форумындағы сөйлеген сөзіне наразылықтан туындағаны түсінікті. Енді Ресейдің ресми билігі біздің еліміздің ішінде әлеуметтік-саяси шиеленіс туғызудың кез келген мүмкіндігін іздеп жатыр. Осы орайда өздерінің сүйікті картасын – этникалық алауыздықты пайдаланбақ. ҰҚК-ны ұзақ жыл басқарған Божко мұндай мәлімдемелер біздің қоғамды екіге жаруды мақсат тұтатынын жақсы біледі. Өзі де соған белсенді қатысып отыр. Енді ҰҚК-ның қазіргі басшылығына сұрақ. Сіздердің бұрынғы әріптестеріңіздің ісі қаншалықты дұрыс? Арнайы қызметтермен байланысы бар, шетелдік арнайы қызметтердің "белсенді іс-шараларының" тәсілдері туралы жақсы хабардар тұлға ретінде мемлекет алдындағы айрықша жауапкершілігі барын оның есіне түсіретін уақыт келген жоқ па? Неге оған "ахуалды шайқауға" құқық пен мүмкіндік берілген?", – деді қоғам қайраткері Мұрат Әбенов, оның сөзін ақпарат құралдары басты.

Арман Шораев мұндай әрекеттері үшін жауапкершілікке тарту қажеттігін еске салды.

Әрине, жұрттың бәрі оқып болған, яғни дегеніне жеткен соң, В.Божко постын жай ғана жоя салды. Ал қазақстандықтар Ресейдің озбыр саясатын әлеуметтік желіде сынаған бірнеше азаматтың биылғы наурызда 5 жылға сотталып кеткенін еске салды. Ресей өзінің сондай адамдарына төрін, федералдық телеарнасын ұсынады.

Сарапшылардың байламынша, елдегі бірліктің мәселелерін тек ұлтжанды азаматтарға қысым жасаумен шеше алмасымыз анық.

Қазақстан халқы Ассамблеясының даму тұжырымдамасында "осындай мән-жайларды кейбір сыртқы күштер Қазақстандағы этносаралық қатынастарды шиеленістіру үшін пайдалануы мүмкін" деп ашық жазылған. Бірақ оған қарсы тұрудың тегеурінді тетіктерін ұсынбады. 

"Осының бәрі Қазақстан халқының бірлігін, ұйымшылдығын және патриотизмін одан әрі нығайтуды, этносаралық саладағы мемлекеттік саясатты жетілдіруді, Ассамблеяның қызметін жандандыруды талап етеді. Ішкі факторлар арасында мыналарды атап көрсетуге болады. Елдің этнодемографиялық жағдайының өзгеруі.

Бұл ретте көші-қонға, халықтың жыныс-жас құрамының өзгеруіне, этностардың ел ішінде орналасуына және әртүрлі өңірлердің этнодемографиялық ерекшелігін күшейтуге байланысты этноәлеуметтік процестер серпінінің күрделенуі байқалады", – делінген Ассемблеяның болашақ басты құжатында.

Ұлттық статбюроның дерегінше, 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстан халқының саны 19 млн 122 мың адамды құрады. Оның ішінде ең көбі – қазақтар (69,03%), былтырғы ұлттық санақ қорытындысы әзірге шыққан жоқ, оның алдын ала қорытындысы қазақтардың үлесі 70,18% болғанын көрсеткен. Орыстардың үлесі – 18,47%, одан кейін өзбектер – 3,29%, ұйғырлар – 1,5%, украиндар – 1,3%, татарлар – 1,06%, немістер – 0,92%, түріктер – 0,61%, кәрістер – 0,57%, әзірбайжандар – 0,61%, дүнгендер – 0,40%, беларусьтар – 0,28%, тәжіктер – 0,27%, күрдтер –  0,25%, шешендер – 0,18%, поляктар – 0,15%, башқұрттар – 0,09%, басқа этнос өкілдері 1,04% ғана.

Басқаша айтқанда, Ассамблеяны құрғанда дәйектеме ретінде алға тартылған Қазақстанда 130 ұлт өкілі тұрады деген тұжырым қазір шындық ауылынан алыс жатқанға ұқсайды.

Құжатта ҚХА "бұдан әрі де азаматтық бірегейлікті қалыптастыру мен қоғамдық келісімнің конституіиялық қағидатын іске асырудың түйінді тетігі, мемлекет пен азаматтық қоғамның диалог алаңы ретінде қызмет ете беретіні" айтылған.

Жаңа тұжырымдамада Қазақстан халқы Ассамблеясының алдағы міндет-миссиясы белгіленген. Атап өтсек, оған:

1) Ассамблея құрылымдарын қоғамды интеграциялау, интермәдениеттілік саясатын жүргізу негізінде қоғамдық сананы жаңғырту жөніндегі жобаларға кеңінен тарту;
2) Ассамблеяның медиация, волонтерлік, қайырымдылық және қоғамдық бақылау саласындағы қызметін интеграциялау тетіктері ретінде дамыту;
3) Мемлекеттік тілді этносаралық қатынас тілі және топтастырушы негіз ретінде ілгерілету, қазақстандық этностар тілдерінің дамуына жәрдемдесу;
4) Қазақстан халқының ортақ тарихи-мәдени мұрасын қолдау, сақтау және танымал ету;
5) Қазақстанның көпэтносты халқының қалыптасу тарихы және елдің тәуелсіздігін нығайтудағы этностардың рөлі туралы білімді тарату;
6) Азаматтық қоғам мен жастар ұйымдарын дамыту;
7) Этностық ақпарат құралдарының дамуына жәрдемдесу жатады. 

Сарапшылар ҚХА-ны қаңтар оқиғалары кезінде сырт қалып, елдегі ахуалды тұрақтандыруға, ел бірлігін нығайтуға пәрменді ықпал ете алмағаны үшін сынап жүр. Қазір де сыртқы-ішкі күштер халық арасына іріткі салып, елдің-жердің иесі мен киесі саналатын ұлтымызды күстәналап жатқанда Ассамблеяның тағы да үнсіз, тым-тырыс, бас бұғып қалғаны түсініксіз тірлік.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу