Ассамблея кезіндегі сән-салтанатынан айрылды

2305

Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXI сессиясы осы ұйымның даму тарихының жаңа бетін ашуы да мүмкін. 

Ассамблея кезіндегі сән-салтанатынан айрылды

ҚХА-ның осы құрылтайының кешегі бірінші күні бір жайттан хабар берді. Парламент әзір тарамайды. Әйтпесе, кейбір сарапшы ҚХА-ның осы сессиясында тіпті Ассамблея атынан тағайындалатын жаңа сенаторлардың есімдері белгілі болуы мүмкін деп жорамал құрған.

Еске сала кетсек, Президент, ҚХА төрағасы Қ.Тоқаевтың 16 наурызда, өз жолдауында жария еткен жаңа реформаларға сәйкес, Мәжілістегі Сауытбек Абдрахманов басқаратын Қазақстан халқы Ассамблеясының "Жаңа Қазақстан" депутаттық тобы жойылады. Журналистер ол топтың Мәжілістен Сенатқа көшетінін жазуда. Бірақ шынында олай емес.

Себебі біріншіден, бұл топта ассамблеялық 9 депутат бар. Ал Мемлекет басшысы Сенаттағы президенттік квотасын қазіргі 15-тен 10 депутатқа дейін азайту туралы шешім қабылданды. Оның бесеуін ҚХА қазіргідей сайламайды, тек ұсынатын болады. Демек қазіргі 9 депутаттың кем дегенде төртеуі автоматты түрде шығып қалады. Екіншіден, Парламенттің жоғарғы палатасынан бөлінетін айналдырған 5 орынға қазірден талас жүріп жатыр деседі. Ірі, бай диаспоралардың әрқайсысы ол жерден өз өкілін көргісі келеді екен.

Қалай болғанда, Сенаттағы креслоға қонжиып, миллиондық айлық алатын бес тұлғаның кандидатурасын анықтау мәселесі Ассамблеяның осы XXXI сессиясының күн тәртібіне енгізілмеді.

Оның орнына құрылтайдың бірінші күні Президент бастаған ҚХА мүшелері Мәжілістің шығып қалған депутатының орнына ҚХА атынан ұсынылатын 1 депутатты сайлауға қатысып, дауыс берді. Өйткені осының алдында, 2022 жылғы 14 наурызда Ассамблея атынан сайланған Мәжіліс депутаты, Ұйғыр ауданының өкілі Владимир Тохтасуновтың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды. Бұған дейін "ЖетісуОблГаз" компаниясының бас директоры болған, 68 жасар бұл ауқатты кісі депутаттық мандатты 2021 жылғы 11 қаңтарда иеленген болатын.

Бұл ретте ҚХА Кеңесі 1 орынға 2 кандидатураны ұсынды. 11 сәуірдегі отырысында Орталық сайлау комиссиясы сол екеуін тексере келе, үміткер ретінде тіркеді. ОСК дерегінше, оның біріншісі – Кузиев Закиржан Пирмухамедович, 1969 жылы туған, ұйғыр, "Универсал" ЖШС бақылау кеңесінің төрағасы, Алматыда тұрады. Екіншісі – Тварионас Виталий Ионо, 1964 жылы туған, ұлты литвалық, "Викинг" мемлекеттік емес күзет құрылымы" ЖШС заңгері, Қарағанды қаласында тұрады. Закиржан Пирмухамедович сайлау нәтижесінде дауыс берген 425 ҚХА мүшесінің 259-ының немесе 60,9%-ының дауысын жинап, Мәжіліс депутаты атанды. Қисынға жүгінсек, егер таяуда Парламент таратылатын болғанда, мұндай сайлау өткізілмес еді.

Ұйғыр диаспорасының үміті әрі беткеұстар азаматы, 52 жасар Закиржан Кузиев күні кешеге дейін, Майя Бекбаева екеуі Ассамблея төрағасының орынбасарлары қызметін атқарды, 28 сәуірде екеуі де бұл лауазымдарынан босатылды. Мәжілістегі "санаулы ғұмыры" қалған ассамблеялық топқа кіре алған Кузиевтің алда сенатор болып сайланар-сайланбасы оның қаншалықты белсенді, пайдалы, елге қызметіне адал болатынына, сондай-ақ саяси жағдайға байланысты болса керек.

Сессия өзгеше форматта өтіп отыр

Енді Қазақстан халқы Ассамблеясының "Ел бірлігі – жаңарған Қазақстанның тірегі" тақырыбын ұстын еткен XXXI сессиясының бүгінгі басты жиынына тоқтала кетсек.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, құрылтай ұлтты Жаңа Қазақстанның мұраттары мен құндылықтары төңірегінде біріктіруге арналады. Бұл "Мемлекет басшысының қаңтардағы қайғылы оқиғалардан кейін айтқан сөздерімен үндес" көрінеді.

Ұйымдастырушылар сессия бірінші кезекте "өткізу форматымен" ерекшеленетінін еске салады.

"Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXI сессиясы сән-салтанаттан бас тартып, дәстүрлі концертсіз, ән-күй, бисіз, жаңа форматта өткізілетін болады. Сессия ақсақалдардың, танымал тұлғалардың, шығармашыл зиялы қауым өкілдерінің, рухани көшбасшылардың, қоғам қайраткерлерінің, Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелерінің, сондай-ақ халық арасында беделге ие болған жастар өкілдерімен "құрылтай" форматында пікірталас алаңы ретінде өтеді", – делінген хабарламада.

Бұл форматтың жаңашылдығына тоқталсақ, алдымен "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасына сәйкес диаспоралардың әр өкіліне микрофон мен мінбер ұсыну үшін құрылтайдың алғашқы күнінде, 28 сәуірде 3 панельдік секция ұйымдастырылып, онда қоғамның өзекті мәселелерін талқылау үшін еркін форматтағы пікірсайыстар өткізілді.

Ал бүгін, екінші күні Президент Қ.Тоқаевтың, қоғам өкілдерінің және делегаттардың қатысуымен идеология, ұлт құрылысы, татулық пен келісімді нығайту, халықты Жаңа Қазақстанның мұраттары мен құндылықтары айналасында топтастыру, саяси реформалар, рухани-адамгершілік тәрбие және басқа да кең ауқымды мәселелерді талқылауға арналған телекөпір өтеді.

Құрылтайда не айтылмақ?

Сессия отырысында арнайы сөз сөйлейтін Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа, өзгерістерден үлкен үміт күтетін барша азаматтарға үндеу жасайды. Қоғамдағы осынау маңызды тарихи сәтте қоғам Мемлекет басшысынан Жаңа Қазақстан, екінші республика, саяси реформалардың мәні және басқа да мәселелердің мән-жайын, мағынасын, бүге-шігесін ашық айтқанын, түсіндіргенін күтіп отырғаны жасырын емес.

Мысалы, ҚХА-ға мүше, әр ұлттан құралған зиялы қауым жаңарған Қазақстанның "құндылықтық бағдарлары" қандай болатынын білгісі келеді. Өйткені құрылғалы бері Ассамблеяны 25 жыл басқарған Тұңғыш Президент құндылықтарға қатысты өз түсінігін құлаққа құйып келді. Мысалы, Ассамблея әлі күнге құрылтайларын мемлекеттік тілде өткізуге үйрене алмай келеді. Диаспоралардың беткеұстарларының тіпті осындай биік мінберден қазақша сөйлей бермеуі өзге этнос өкілдеріне үлгі болады, белгі береді. 

Сессияда айтылатын ойлардың, сөйленетін сөздердің қысқаша мағынасын да шет-жағалап білдік.

Бірінші арқауы – "Елдің жаңаруы жолында – халық біртұтас": "бұл біздің ортақ ісіміз және оған ештеңе кедергі болмауы керек. Қазақстандықтардың көзқарастары, наным-сенімі, этностық шығу тегі әртүрлі болуы мүмкін, бірақ елді дамыту мақсатында бірлігіміз бен ынтымағымыз мызғымас болуға тиіс. Егер қоғамда бірлік пен келісім болмаса, Қазақстан көздеген жаңаруға қол жеткізе алмайды. Қазақстан халқы өз мүмкіндігін жіберіп алмауға тиіс".

Екіншісі – "Әр азаматтың өз ісі үшін жауапкершілік алуы": "әр азаматтың ертеңгі күн үшін, Қазақстанның болашағы үшін жауапкершілік алуы маңызды. Бұл – шынайы патриотизмнің көрінісі. Патриотизм – жалаң ұрандар мен бос сөздер емес, нақты істер. Патриотизм – жасампаздыққа ұмтылу, жойылуға жол бермеу. Ғимараттарды өртеу, дүкендерді тонау мен қирату, жедел жәрдемнің қызметіне кедергі келтіру, полицейлерді, әскерилерді, өрт сөндірушілерді, дәрігерлерді ұрып-соғу – мемлекеттің қауіпсіздігіне тікелей нұқсан келтіру. Заң мен тәртіп – біздің тұрақтылығымыздың және алға ілгерілеуіміздің негізі. Заңға бағыну – жазалаудан қорыққандық емес, қоғам алдындағы жеке жауапкершілік, ең бастысы, ар-ождан алдындағы жауапкершілік. Бұл – дамыған және өркениетті қоғамның ішкі мәдениетінің көрінісі", – дейді ұйымдастырушылар.

Бұдан бөлек, айтылатын ойлар "Біз – біртұтас үлкен отбасымыз және ортақ үйіміздің берік қабырғасын тұрғызамыз", "Біз өзіміздің наным-сенімімізге, теріміздің түсіне, көзіміздің қиығына, түрлі мәдениетімізге қарамастан бір-бірімізді жатсынбауымыз керек" деп кете береді.

Ең бастысы, сессияда "Қазақтардың мемлекет құрушы халық ретіндегі рөлі" дәріптеледі деп күтілуде.

"Ұлтты топтастырудағы зиялы қауым мен БАҚ-тың рөлі" жеке айтылады деп жобаланған.

Әрине, бұл ойлардың бәрі бұрынғы өткен 30 сессияда да айтылды. Егер бұл жолы да ел құраушы ұлттың тілі, мемлекетті жаңартатын реформалар айналасында топтасудың нақты жөн-жобасын пысықтамай, сөз сапырып тараса, Ассамблеядан Жаңа Қазақстанға пайда болмайын деп тұр.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу