Сарапшы пікірі: Астана әуежайы неліктен "тығырыққа тірелді"

2894

Отын нарығында не болып жатыр?

Сарапшы пікірі: Астана әуежайы неліктен "тығырыққа тірелді"

Нұр-Сұлтан халықаралық әуежайы жанармай тапшылығына байланысты жағдайы қиындағанын мәлімдеді. 

Ал Энергетика министрлігінің жауабына сүйенсек, "бұл жағдай әуе айлағының коммерциялық қызметіне қатысты", сондықтан оларға авиаотынды ұсақ сатушылардан нарықтық бағамен сатып алу ұсынылады.

Әуежайдың уәжі қандай және қазір ішкі нарықта авиаотынмен қамтамасыз ету жағдайы қалай – inbusiness.kz тілшісіне мұнай-газ нарығының сарапшысы Ерлан Жаукин пікірін айтты.

- Ерлан мырза, елдің авиаотын нарығында не болып жатыр? Мұнай-өңдеу зауытын (МӨЗ) жаңғырту аяқталды, Энергетика министрлігінің деректері бойынша, авиатасымалдар нарығы толығымен отынмен қамтамасыз етілген ғой.

- Жаңғырту аяқталғаннан кейін отандық МӨЗ жылына 600 мың тоннаға жуық авиаотын өндіреді. Бұл деректер МӨЗ өндірістік жоспарларында да, Энергетика министрлігінің ресми ақпаратында да көрсетілген. ҚР ішкі нарығының қажеттілігі, яғни авиакомпаниялардың ұшуын қамтамасыз ету, әлеуетті құрылымдардың қажеттіліктері, Қазақстанға рейстер орындайтын шетелдік авиакомпаниялардың жолаушылар рейстерінің қажеттілігі – 650 мың тонна. Осы орайда Қазақстан әуежайлары шетелдік авиакомпаниялардың жолаушылар рейстеріне жанармай құятынын баса атап өткім келеді.

Қазақстан нарығының шамамен 40-50 мың тонна қажеттілігі импорт есебінен қамтамасыз етіледі. Бұл – тұтынудың жалпы көлемінің шамамен 7%-ы. 

МӨЗ жаңғыртылғанға дейін авиациялық отынның ішкі өндірісі жылына 400 мың тоннаға жуық отынды құрады. Яғни 250 мың тонна авиациялық отын Ресей МӨЗ-інен импортталады. Бүгінгі таңда елдің ішкі нарығының қажеттіліктерін авиациялық отынмен қамтамасыз ету үлесі 90%-дан асады.

- Авиаотын мәселесі неден шығып отыр?

- Бүгінгі күні МӨЗ-дегі авиациялық отынның ірі ресурс ұстаушылары отандық авиакомпанияларға керосинді тікелей жеткізеді, ортада ешқандай делдал жоқ. Ірі авиакомпаниялар авиаотынды өздері сатып алып жатыр. Яғни Қазақстандағы барлық әуежай өздерінің қорын өздері басқарып отыр. 

МӨЗ-ді жоспарлы жөндеуге тоқтататын кезде авиакеросин өндірісі азаятыны туралы да алдын ала ескертілген. Энергетика министрлігі Қазақстан мен Ресей нарығында қажетті отын көлемін алдын ала сатып алуды ұсынған болатын. Ресми дереккөздерге сүйенсек, қазанның басында еліміздің әуежайларында бір айлық отын қоры дайын болған.

- Сонда астананың әуе тасымалындағы жағдай неліктен қиындап отыр?

- Әуежайдың мәлімдеуінше, бүгінде отын қорымен дер кезінде қамданған "Air Astana" АҚ-да ғана жеткілікті қор бар. Қолда бар мәліметтер бойынша, Нұр-Сұлтан халықаралық әуежайы кейінгі жылы транзиттік жүк тасымалдау көлемін (Cargo) едәуір арттырған. Ал бұл бұрын Ресей әуежайларында іске асырылып келген болатын.

- Бұл транзиттік тасымалдаушылар қалай пайда болды?

- Мәселе жанармай құю бағасында болып тұр. Яғни Нұр-Сұлтан әуежайы Ресей әуежайларымен салыстырғанда төмен бағаларды ұсынған, сосын авиаотын шығыны едәуір ұлғайған. Қолда бар деректерге сүйенсек, әуежайдың авиаотын бойынша ай сайынғы шығыны – айына шамамен 19 мың тонна.

Ал шетелдік жолаушылар рейстеріне жанармай құю көлемі 500 тонна. Яғни әуежай шетелдік жүк көліктеріне әлемдік бағамен 18,5 мың тоннаға жуық авиаотын өткізеді. Коммерциялық мақсатта. Демек шетелдік тасымалдаушылар Қазақстанға арзан жанармай құю үшін ұшып келе бастады. Бір сөзбен айтқанда, отын нарығында да дизель отыны сияқты жағдай қалыптасты. 
Менің ойымша, Нұр-Сұлтан халықаралық әуежайы өз бизнесінің құрылымын кеңейту, алдарына өршіл мақсаттар мен міндеттер қоюмен қатар тиісті ресурстық база жасақтауды да ойлауы керек.

- Қалыптасқан жағдайдан шығу жолы қандай? Азаматтық авиация дамуы керек қой, транзиттерді тарту деген – ел бюджетіне қосымша салық түсімдерін арттыру деген сөз емес пе?

- Қазақстандық мұнай өңдеу ісі қазақстандық тасымалдаушылардың қажеттіліктерін қамтамасыз ете алады. Елдің ішкі нарығында авиаотын бағасы дұрыс белгіленбеген. Қазақстандық авиакеросин ресейлік авиакеросинге қарағанда едәуір арзан. Әрине, азаматтық авиация, оның ішінде транзиттік авиациялық жүк тасымалы нарығы дамуы керек, бірақ бұл нарықтың қатысушылары жергілікті өндірушілердің аузына қарап отырмауы керек. Нарықта нарықтың ұсақ қатысушыларынан да, ресейлік өндірушілерден де авиаотынға ұсыныс жеткілікті. Атап айтқанда, Орск МӨЗ-і Қазақстанға авиакеросин жеткізуге дайын. Мәселе бағада ғана болып тұр.

Бұдан басқа, қыркүйектен бастап авиаотынның биржалық сауда-саттығы басталды, онда елде өндірілетін авиациялық отынның кемінде 10%-ы өткізіледі. Егер ашық көздерде жарияланатын сауда-саттық қорытындыларын зерттейтін болсақ, онда "Нұр-Сұлтан халықаралық әуежайы" АҚ-ның сауда-саттыққа қатысуы туралы деректер жоқ.

Тағы бір маңызды факторды атап өткім келеді. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, авиатасымалдарды жүзеге асыруда мұнайшылардың өздерінің тікелей қатысуын қамтамасыз етсек неғұрлым тиімді әрі сенімді болмақ. Бұған Ресей мен Еуропаның барлық ірі әуежайларында тиісті инфрақұрылым құратын "Газпромнефть-аэро", "Лукойл-аэро" және т.б. компаниялардың болуы айқын мысал.

Менің білуімше, "Қазмұнайгаз ҰК" АҚ-ға қарасты "ҚазМұнайГаз-аэро" ЖШС Қазақстанның әлеуетті құрылымдарының әуе кемелеріне авиаотын жеткізуді және жанармай құюды қамтамасыз ете алады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу