Астана – медициналық көмек көрсету сапасы бойынша үздік өңір атанды

1485

Бас қаламыз өзіндік бір "медициналық хабқа" айналып келеді. Осында отандық денсаулық сақтау жүйесіндегі озық жаңалықтар сыналуда. 

Астана – медициналық көмек көрсету сапасы бойынша үздік өңір атанды Фото: inbusiness.kz

Денсаулық сақтау министрлігі Астананы медициналық көмек көрсету сапасы бойынша үздік өңір деп таныды. Елорда мысалы, өмірлік маңызды салада, инсульт кезінде медициналық көмек көрсету көрсеткіштеріне қатысты барынша жоғары нәтижелер көрсетіпті. Сонымен қатар, Астана негізгі индикаторлардың орындалуына қол жеткізіп, халыққа онкологиялық көмек көрсету бойынша да көшбасшы атанды.

Денсаулық сақтау вице-министрі Бейбіт Есенбаевтың айтуынша, медициналық ақпараттық жүйелерге қатысты озық жаңашылдықтар да алдымен елордада енгізілуде. Мәселен, Астана қаласындағы №16 емханада, сондай-ақ Қарағанды мен Қостанайда пилоттық режимде электрондық рецептілерді тану үшін штрих және QR код оқығыштар сатып алынады. Ол пациенттерге медициналық көмек көрсету фактісін растау үшін цифрлық құрал енгізіледі деп күтілуде. Цифрлық аспаптың көмегімен дәрігермен "кері байланыс" орнату да жоспарлануда.

Сонымен қатар, Б.Есенбаевтың айтуынша, еDENSAULYQ архитектурасын құру шеңберінде  eGovMobile мобилдік қосымшаларында пациенттерге арналған "eGov.Densaulyk" сервисінде  қолжетімді мәліметтер ауқымы кеңейтіледі. Бұл енді барлық өңірге қатысты.

"Патронаждық мейіргер" ұялы қосымшасын өнеркәсіптік пайдалануға беріп, IOS-қа бейімдеу көзделіп отыр. Таяуда дәрігердің тағайындауына сәйкес рецептерді электрондық форматқа толық аудару, рецепттерді автоматты түрде құру жүзеге асырылатын болады.

Бұл – жаңашылдықтардың басы ғана. Жуырда Астана қаласының №2 көп бейінді қалалық ауруханасында алғаш рет Госпиталдық фармация бөлімшесі ашылды. Елордалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының түсіндіруінше, бұл бөлімше – пациенттерге препараттарды жеткізу жүйесін цифрландырады, дәрілік заттардың дербес есебін жүргізеді.

"Мұнда берілетін дәрі-дәрмектердің саны автоматты түрде бақыланады. Бұл бөлімшенің бірегейлілігі сол, ол медициналық дәрі-дәрмектерге жұмсалатын шығыстарды үнемдейді. Әрі дұрыс емес тағайындаулар мен емдеу қаупі азаяды. Алдын ала есептеулерге жүгінсек, жоба жылына 400 миллион теңгеге дейін бюджетті үнемдеуге мүмкіндік береді", - деп хабарлады қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы.

Негізі, Госпиталдық фармация бөлімшесі жобасы әлемдегі озық елдерде қолданылады. Қазіргі кезде қала бойынша 9 аурухана жұмыс істейді, алдағы уақытта осы жүйені сол барлық көп бейінді ауруханаларға енгізу жоспарлануда. Өйткені препараттардың бәрі бірдей дәріханадан табыла бермейді. Кейбір дәрі рецептпен арнайы жасалады.

"Жобаның негізгі міндеті – дәрігерлер тағайындаған дәрілік заттарды уақтылы және сапалы дайындау, буып-түю немесе құтылау, сондай-ақ оларды медициналық ұйымның клиникалық және пара-клиникалық бөлімшелеріне уақытылы жеткізу. Клиникалық фармаколог әр пациентке жас, салмақ, қарсы көрсетілімдері, тәуліктік дозасы және басқа да параметрлері бойынша жеке жасайды. Бұл жобаны іске асыру кезінде біздің клиникада жұмыс істейтін "Акгюн" ақпараттық жүйесінің дайындығы маңызды рөл атқарды", – деді №2 КБА бас дәрігері Нұрбол Тұрсынбаев.

Аурухана басшысы болашақта клиниканың екі жеке ғимаратын біріктіретін және қабылдау бөлмешесінің хабына айналатын жаңа ғимараттың жобасын ұсынды. Дәл осы жерде балаларға арналған жаңа травматологиялық пункт ашу жоспарлануда.

Денсаулық сақтаудағы цифрлық технологиялар дәрігерлерге түсетін жүктемені біртіндеп азайтуға және көмекші міндеттердің бір бөлігін орта медицина персоналына табыстауға жол ашады.

Осы орайда Астана қаласының №10 емханасында елді елең еткізетін жаңашылдық енгізіліп, сынақтан өтуде. Сырқаттар емханаға қаралайын десе, дәрігерге талон бітіп қалып, ұзақ күтуіне тура келеді. Ал кезектен тыс барса, әдетте қабылдамай жатады. Бұған қоса, дәрігерлердің кабинеті алдындағы қалың кезек те тарқайтын емес. Астаналық жаңа бастама бұл проблеманы шешуге үлес қосуы мүмкін.

Тарата айтсақ, Президенттің тапсырмасымен, елордалық аталған медициналық ұйымда жалпы практика дәрігерлерінің жұмысын оңтайландыруды көздейтін пилоттық жоба іске асырылып жатыр. Оның жаңалығы неде?

Мұнда пациенттерді дәрігерге дейінгі алғашқы қабылдау бойынша негізгі жүктемені мейіргерлер көтереді. Себебі, дәрігерге жүгінгендердің бәріне бірдей тікелей оның көмегі қажет болмауы мүмкін. Бірқатар пациент өзіне қажетті тексерулерге бағыттама алғысы келеді. Кейбірі қан қысымын өлшету үшін жүгінуі мүмкін.  

Мейіргерлер сонымен бірге ақпараттық жүйеге қажетті мәліметтерді енгізеді және елеулі шағымдар болмаған кезде, дәрігерге апармай, қабылдауды өзі аяқтай алады. Бұл дамыған елдердің тәжірибесі. Тек мейіргердің білімі мен біліктілігі дәрігерге тең болғаны маңызды.

Сондай-ақ, диспансерлік есепте тұрған науқастарға дәрі-дәрмектерге рецепт жазуды ақпараттық жүйенің деректерін қолдана отырып мейіргерлердің өздері шешеді. Сондықтан дәрігерге бұған уақыт жұмсаудың қажеті жоқ. Тұтастай алғанда, пилоттық жоба және цифрлық технологиялар жалпы практика дәрігерлеріне жүктеменің тең жартысын, 40%-ын азайтуға мүмкіндік береді екен.

Бұдан бөлек, мейіргердің "Дәрігерге дейінгі кабинетінде" жүкті әйелдерді бастапқы есепке алу, жүктілік кезеңін бақылау, жүкті әйелдерді кезеңдік жоспарлы қабылдау, скринингтік бақылауды ұйымдастыру жүргізіледі. Орта буын қызметкерлері балаға арналған диета қызметін көрсете отырып, 5 жасқа дейінгі балалары бар аналарға арналған жұмыс кабинетін де басқарады.

Осы жоба өзін ақтаса, Денсаулық сақтау министрлігі Астананың тәжірибесін өңірлерге таратады. Денсаулық сақтау жүйесіндегі мейіргерлердің рөлін кеңейтеді. Олар медициналық көмек процесінде шешуші қызметтердің бірін атқарып, белсенді қатысушыға айналады.

"Техникалық" жұмысқа кететін уақытын үнемдей алған дәрігерлер сырқаты салмақты пациенттерге көбірек уақыт бөле алады. Бұл медициналық көмек сапасын айтарлықтай арттырады деп күтілуде.

Осының арқасында еліміз "Дені сау ұлт" әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау" ұлттық жобасында көрсетілген нысаналы көрсеткіштерге, іргелі міндеттерге, биік мақсаттарға қол жеткізер еді. Ал бұл істе Астана тағы да көшбасшы атанып, өзге өңірлерге өнеге көрсетуде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу