Астана мен Алматыға жаңа заңмен қанша адам ғана сиятыны анықталды

825

Парламент елордада әрбір пәтерге тіркелетін адамдар санын шектейтін заң қабылдап жатыр. Келесі кезек – өзге қалаларда. 

Астана мен Алматыға жаңа заңмен қанша адам ғана сиятыны анықталды Фото: Жанар Каримова

Мәжілісте тұсауы кесілген жаңа заң жобасына сәйкес, әрбір баспанада 15–18 шаршы метрге 1 адамнан ғана тіркеу бойынша лимит белгілеу жөнінде астаналық мәслихатқа тарихта болмаған тың құзыр беріледі.  

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Астана қаласында қазіргі кезде тұрғын үй қорының жалпы ауданы 33 миллион 896,3 мың шаршы метрді құрайды.

Егер Астана мәслихаты әрбір тұрғынға шаққандағы лимитті 15 шаршы метр деп бекітсе, елордадағы ағымдағы тұрғын үй қоры 2 259 800 адамды ғана сидыра алады.

Ал егер лимит 18 шаршы метрге дейін көтерілсе, онда Астана халқының саны 1 883 166 адаммен шектелмек.

Мұндай жағдайда Астана тұрғындарына берілген лимит таусылуға шақ қалады. Өйткені Ұлттық статистика бюросының хабарлауынша, 2024 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша Астанада 1 481 402 адам тіркелген. Онда қазақстандығы бар, шетелдігі бар 401 714 адам тіркелгеннен кейін еліміздің бас қаласы барлық адам үшін жабылуы мүмкін.

Оның үстіне кейбір астаналықтар өз пәтеріне отбасы мүшелерінен басқа ешкімді тіркемейтінін ескерген жөн. Ендеше олардың тұрғын үйі келушілер тіркеле алатын "резервтен" шығып қалады.

Астана жұртшылығының санын тұрғылықты мекенжайында тіркелуі бойынша лимиттеуге қатысты заңнамалық нормалар туралы Ұлттық экономика министрінің орынбасары Бауыржан Омарбеков айтып берді. Көші-қон заңнамасына өзгерістер енгізетін тиісті заң жобасын Мәжіліс депутаттары жұмысқа қабылдап алды.

Бірақ шенеунік журналистердің тікелей қойған өткір сұрақтарына тура жауаптан жалтарып кетті. Мысалы, ол Үкіметтің Астана халқының санын "пропискамен" шектеу жоспары жоғын мәлімдеді. Мұны билік қалалық мәслихаттың қолымен жасайды.

"Біз жергілікті мәслихатқа тиісті құзырды береміз. Ары қарай жергілікті депутаттар нормативтік-құқықтық актілерді, қағидаларды әзірлеп бекітеді. Өйткені бүгінде елордада баспанамен қамтуда проблема бар. Тұрғын үй құрылысы қоныстанушылардың бәрін қамтамасыз етіп үлгермеуде. Сондықтан мәслихат әр баспанадағы 15 немесе 18 шаршы метрде 1 адам ғана тіркелсін деп бекітуі мүмкін. Мәслихат осы норманың бірін таңдайды немесе басқасын қажет деп табады. Қалай болғанда, әрбір тұрғынға қанша шаршы метрден бекітілетінін қалалық мәслихат әкімдікпен бірге анықтайды", – деді экономика вице-министрі.

Ол мұндай талап "туғандарға және қамқоршылыққа, асырауға алған адамдарға таралмайтынына" сендірді. Мысалы, отағасының 17 баласы болса, олар 90 шаршы метрлік үш бөлмелі пәтерде ұйлығысып тұрып жатса, онда шенеуніктер: "Өзіңмен бес балаңды қалдыр да, қалғанын әйеліңмен бірге қуып шық!" деп әкіреңдей алмайды-мыс. Өйткені жаңа талап бойынша 90 шаршы метрге 6 адам ғана сиятыны түсінікті.

Журналистер қазақтардың туғандары сыртында, жақын-жұрағаты да көп екенін, олар ауыл-аймақтан елордаға қыдырып келіп, бір-екі айға жата-жастана қонуы мүмкін екенін еске салды. Қолданыстағы заңға сәйкес, 30 күннен артық қалатын адамды үй иесі тұрақты тіркеуге қоюға міндетті. Егер ол пәтерде тіркелгендер саны толық болса, ХҚКО-лар тіркеуге қоюдан бас тартпай ма? Онда қайтпек керек? Шенділер оларды қуып шығуға кеңес береді.

"Шынында да, барлық туған-туыс, жақын-жұрағатты тіркеуге қоймау керек. Ондай жағдай бар, әкімдік рейд жүргізіп, бір өзінде жүздеген адам тіркелген 926 пәтерді анықтады. Бір пәтерде 800 адам тіркеліпті. Келісерсіз, бұл дұрыс емес қой?!", – деді Бауыржан Омарбеков.

Осыған қарап, ақпарат құралдарының өкілдері Астана тұрғындарының саны шектелетіні туралы байлам жасады. Бұған жауап қатқан вице-министр заң қабылданса, бұл енді мәслихаттың құзыры болатынын нұсқады.

"Мен жаңа айттым ғой, баспананы бөлу кезінде әрбір адамға 15 немесе 18 шаршы метрден келуі қарастырылады. Біз заң жобасының Мәжілістегі тұсаукесерін әзірлегенде баршаға түсінікті болу үшін осы сандарды алдық. Бұл – шартты сандар, ақырғысы қандай болатынын астаналық мәслихат анықтайды", – деді вице-министр Бауыржан Омарбеков.

"Жаман әдет жұғысты" деген бар. Журналистер Үкіметтің тек елордамен шектелетінін, әлде оның "прописка лимиті" бойынша тәжірибесін кейін Алматыға, басқа да қалаларға жаю жоспары барын нақтылады. Сөйтсек, Астанада сынап көретін түрі байқалады.  

"Біз бұл талапты халық өткір қабылдайтынын түсініп отырмыз. Сондықтан мұндай құзырды әзірге тек Астана мәслихатына береміз. Егер норма жақсы жұмыс істесе, онда басқа қалаларға да таратуға болады. Бірақ әзірше мәселе бұл тұрғыдан қаралып жатқан жоқ", – деді Ұлттық экономика министрінің орынбасары.

Қоғам белсендісі Қайрат Түсіпбеков бұл мәселе осыдан он жылдай бұрын өзекті болғанын айтады.

"Қалалардағы әрбір бағанада "Прописка" деген хабарландырулар ілініп тұратын. Қазіргі кезде олар көп көрінбейді. Құзырлы органдар мұндай заңсыз бизнеспен қолданыстағы заң аясында жап-жақсы күресуде. Мұндай қызметтер, әрине, мүлдем жойылып кетті деуге болмайды. Мәселен, интернет пен әлеужеліні айтпағанда, "Kaspi хабарландыруларда" "прописка" деп терсеңіз біразы шығады. Уақытша тіркеу орта есеппен 1–5 мың теңге аралығында, тұрақты тіркеу 15–20 мың теңгеден. Мен біреуіне хабарласып, сұрастырдым. Сонша көп сұраныс жоқ дейді. Өйткені Алматымен салыстырғанда, Астанаға ағылып жатқан шетелдіктер шамалы", – деді қоғам белсендісі.

Ол шаршы метрлер негізінде тіркеуге шектеу қою арқылы шенеуніктер басқа проблеманы – баспанамен қамти алмау мәселесін "шешуге" тырысып жатыр деген пікірде.

"Жалпы, "прописка" бизнесімен заңсыз айналысатындардың ХҚКО-ларда танысы бар. Бір адамның өз пәтеріне тіркеу үшін ХҚКО-ға бірден отыз-қырық адаммен келгені немесе орталыққа осы шаруамен күн сайын сабылатыны "цон" мамандарының күдігін туғызып, олар құзырлы органдарға хабар беруге тиіс. Бірақ хабарламайды. Өйткені әмпей-жәмпейі бір болса керек. Содан "резеңке баспаналар" рейд барысында әшкереленеді. Ал, Мәжіліске кірген заң жаңа емес, бастапқы нұсқасы 2015 жылдары әзірленген. Тек V және кейінгі шақырылымдағы Мәжілістер оны қабылдап алудан бас тартты. Неге? Сол кездегі депутаттардың пікірінше, қала тұрғындарын тұрғын үймен қамтамасыз ете алмаған шенеуніктер осындай шектеу арқылы баспанасыздық мәселесін көзбояу шешпек", – деді Түсіпбеков.

"Резеңке баспаналармен" күрес үшін қолданыстағы заң да жарайды дегенге тағы бір мысал: биылғы шілдеде Астанада бір бөлмелі пәтер иесінің өзінде шамамен 1 000 адамды тіркеп қойғаны анықталды.

"Мемлекеттік айыптаушы-прокурор тұрғын жайды ұсыну арқылы айыптының заңсыз көші-қонды ұйымдастырған айыбын дәлелдеді. Соттың үкімімен "резеңке" пәтердің иесі Қылмыстық кодекстің 394-бабының 1-бөлімі бойынша сотталды. Үкім заңды күшіне енді", – деп мәлімдеді қадағалаушы ведомство.  

Биылғы наурыз айында Алматы облысының ауылындағы бір тұрғынның үйінде 300 шетелдіктің тіркелгені әшкереленген болатын. Полиция заңсыз миграцияны ұйымдастыру туралы қылмыстық іс қозғады. Демек, бұл әрекетке тосқауыл қою үшін арнайы заң қажет болмады. Алматы облысында мұндай 13 мың факті анықталды.

Биылғы мамырда прокурорлар "резеңке үйлер" деп аталатын жалған адрестер бойынша тіркелген 22 мың шетелдікті тапты. Соның ішінде Астанадағы бір пәтерде шетелдігі, отандығы бар 937 адамның тұрақты тіркеуге қойылғаны белгілі болды. Шын мәнінде ол пәтерде бір ғана отбасы тұрып жатыр.  

Астана полицейлерінің айтуынша, 2024 жылдың басынан бері шектен тыс көп адам тіркелген 35 мекенжай ғана әшкереленіпті. Соған қарағанда адам санын шектеуге елорда емес, Алматы жақ көбірек зәру болса керек.

Айтпақшы, ресми мәліметке сәйкес, 2024 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша, Алматы қаласында 2 264 499 адам тіркелген. Бұл ретте еліміздің ең ірі осы мегаполисінің тұрғын үй қорының жалпы ауданы 54 млн 870,7 мың шаршы метр ғана. Егер 18 шаршы метрлік лимит енгізсе, Алматыға тек 3 048 372 тұрғын сияды. Олай болса, алып мегаполистің тұрғындар бойынша лимитінің бітуіне 783 873 адам қалды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу