Астанадағы жылу орталығының зияны LRТ-дан асып түсті

2448

Елордада жаңа салынған үйлер жылу жүйесіне қосыла алмай қалды.

Астанадағы жылу орталығының зияны LRТ-дан асып түсті

Бас қалада кем дегенде 140-тан астам отбасы алдағы қыста қатып қалғалы тұр. Бұл проблема біраздан бері ушыға бастағанға ұқсайды.

"Qazaq Gold" компаниясының басшылығы мәселе көтеріп, қала әкімдігіне өтінішпен жүгінді. Ол Астананың Есіл ауданында "ONYX" тұрғын үй кешенін тұрғызған екен.

Компания директоры Максим Мұратқалиевтің мәліметінше, тұрғын үй кешені дайын деуге болады. Үй барлық жылу тораптарымен жабдықталды. Жылыту жүйесіне қосылуға толық әзір көрінеді. Пәтерлердің көбінде қожайындары әрлендіру жұмыстарын аяқтаған. Су, кәріз жүйесі, электр, жылу қуаты бойынша орталық желілерге қосылу үшін барлық техникалық шарт алынды.

"Алайда біз бірқатар проблемаға, заңсыз схемаға тап болдық. Биылғы 3 наурызда "Астана-Теплотранзит" АҚ-ына техникалық шарттарды беру туралы өтінішпен жүгіндік. Ол 9 наурызда оны қанағаттандырудын бас тартты. Біз 1 маусымда қайтадан өтініш жолдадық. Нәтижесінде, 7 маусымда "Астана-Теплотранзиттің" жылу желілеріне қосылу үшін техникалық шарттарды алдық", – деді компания басшысы.

Техшартта Қорғалжың тасжолындағы жылу желілерінің 250 миллиметрлік құбырына қосылу мүмкіндігі бары, бұл үшін аталған жылу трассасын 400 миллиметрлік құбырға дейін ұлғайту қажеттігі көрсетілген.

"Компаниямыз қалалық архитектурадан, жол полициясынан желіге қосылу, құбыр төсеу үшін автомагистральді уақытша жабуға рұқсат алды. Қорғалжың тас жолының бір бөлігі жабылды, жер жұмыстары орындалды. 22 шілдеде компаниямыз жылу трассасына үйді қосып, қысымды арттыру жөнінде "Астана-Теплотранзитке" өтініш берді. Бірақ ол қайтадан объектіні қосудан бас тартып отыр. Президент бизнесмендермен кездесуде шағын және орта бизнестің дамуына биліктің кедергі жасауына тыйым салды емес пе? Қ.Тоқаев мұндай тірліктердің мемлекетке қарсы қылмыс деп қарастырылатынын айтты. Ендеше мынауы не тірлік?", – деп қапаланады М.Мұратқалиев.

Оның мәліметінше, көптеген отбасы пәтерді ипотекамен сатып алды. Қоныстойларын тойлап, баспаналарына кірді. Олардың басқа баратын жері жоқ. Ал тұрғын үй жылу жүйесіне қосылмаса, 142 отбасы қыста жылусыз қалады. Компания өзінен талап етілетін барлық техникалық шарты орындады. Бірер аптадан соң 2022-2023 жылыту маусымы басталмақ. Құрылыс компаниясы орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылатынына сенімді болғанын, енді аз ғана уақыт ішінде бөлек қазандық жабдықтай алмайтынын айтып, шағымданады.

Тұрғындарға газды, электрлі жылытқыштармен әлдәлбалап, қыстан аман қалудың қамын жасауға тура келетінге ұқсайды. Бұл бір жағынан, олардың өмірі мен денсаулығына қауіпті. Қауіпсіздік ережелері жаппай бұзылмақ. Сонымен қатар бұл олардың қалтасын қағып, тұрмысын төмендетуі мүмкін. Әлеуметтік кернеу осыдан туындайды.

Әкімдік өз жауабында биыл ол тұрғын үй кешеніне жылу берілмейтінін айтып, шорт кесті.

"Жалпы "Астана-Теплотранзит" АҚ техникалық шартына сәйкес, аталған объектіні орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу Астана қаласының ЖЭО-3 (ТЭЦ-3) жаңа жылу көзінің құрылысы аяқталып, қолданысқа берілген соң ғана мүмкін болады. "Астана қаласында ЖЭО-3 құрылысы" жобасының аяқталуының болжамды мерзімі 2023–2024 жылдардағы жылыту маусымының басына жоспарланып отыр", – деп хабарлады елорда әкімдігі.

Ұқсас проблемаға өзге тұрғын үй кешендері де кезікті: олар да жылу жүйесіне қосыла алмады. Мысалы, G-Park құрылыс компаниясының "Мадрид-1" ТК тұрғындары әкімдікке шағымданып жүгінген. Қала әкімдігінің түсіндіруінше, Энергетика министрінің 2015 жылғы 30 наурыздағы №247 бұйрығымен бекітілген Электр станциялары мен желілерін техникалық пайдалану қағидаларының 593-бөліміне сәйкес, "Жылу көзінің нақты қуаты мен жылу желісі магистралінің өткізу қабілеті таусылған кезде жаңа тұтынушылардың қосылуына жол берілмейді".

"Осы айтылғанды ескере отырып, "Астана-Теплотранзит" АҚ жаңа салынған нысандарды жылу көзіне қосуды тоқтатты. Сондай-ақ жылу тұтынушы қондырғылардың техникалық дайындығы актісін рәсімдеуді доғарды", – делінген әкімдіктің ресми жауабында.

Осылайша, бұл проблема қаланың өркендеуіне, тұрғындардың баспана және әлеуметтік мәселелерін шешуге, елордалық бизнестің дамуына тежеу болып отыр.

Журналист, блогер Денис Кривошеев: "ЖЭО-3 құрылысын жарға жыққандары үшін неге әлі күнге ешкім де жауапқа тартылмады?" деп заңды сауал тастады.

"Астанада тылсым жайттар болып жатыр. Әкім Алтай Көлгінов 3-ші жылу-электр орталығының құрылысына қатысты әрбасқа уәдемен тойдырып келеді. Алайда ахуал өзгеретін емес: елордаға аса қажет объект сол бойы іске қосылмады. Биылғы 17 тамызда Көлгінов сақалды құрылысқа қатысты мәлімдеме жасап, мердігермен қатаң сөйлескенін жеткізді: "Сен ЖЭО-3-ті 10 жылдан астам уақыттан бері салып жатырсың. Қала болса, өсуде. Біз оны толыққанды жылумен қамтуға тиіспіз, дедік. Біз мердігер алдына қатаң талап қойдық. Жетеді енді, қанша соза беруге болады? Бюджеттен қажетті ақша бөлінді. Тек құрылыс жұмысын дұрыс ұйымдастыру керек. Әйтпесе, сот алдында жауап бересіңдер" депті. Оның айтуынша, мердігер жұмысты қайта жандандыруға және адамдарын асықтыруға уәде беріпті", – деп назар аудартады Д.Кривошеев.

Қала қожайынының табанды, қаһарлы болғаны бір ғанибет. Алайда 23 тамызда А.Көлгінов мердігердің шабандығын ақтап шыға келген.

"Алып нысанды жалғыз мердігер салуда, оның алдындағы міндеті көп, проблемасы да көп. Біз ақшаның бар екенін айтып отырмыз. Бүгінде ЖЭО-3 бойынша есепшотта, бізде 20 миллиард теңге босқа ілініп тұр. Бұған дейін біз мердігерге 9 миллиард теңге аудардық. Өз кезегінде одан төл жауапкершілігін ұмытпауды өтіндік. Құрылысты аяқтаңыздар, халыққа жылу жіберіңіздер, ары қарай не істесеңіздер де өз қалауларыңыз. Мердігер жауапкершілігін түсінді, қазір бүкіл ресурстарын мобилизациялап жатыр. Логистикаға қатысты қиыншылықтар болған. Бұрын ЖЭО-ларға арналған қондырғы шығарған елдер он жыл ішінде одан бас тартып үлгеріпті. Сондықтан жеткізушілерді ауыстыруға тура келді", – деді Алтай Көлгінов.

Астана мәслихатының дерегінше, құрылыстың мердігері – "Центрказэнергомонтаж" АҚ-ы. Депутаттар қалалық құрылыс басқармасының басшысына сауал жолдады. Онда 2018 жылы құрылыс тоқтағанда, мердігер объектіні консервациялау ережелерін сақтамағанына назар аудартылды. Себебі құрылыс алаңына барғанда, депутаттар қондырғы суы төгілмей қалып, бұзылып, ластанып кеткеніне, тот басқанына, объектінің төбесі бірнеше қыс бойы қардан тазартылмағанына куә болған. Сондай-ақ депутаттар жоба құнының 35 миллиард теңгеге күрт қымбаттап кетуінің себебін сұрады. Салдарынан, бір ғана жылу орталығы мемлекетке 122 миллиард теңгеге түспек. Бастапқы құны 87 млрд қана болған. Оның 80 миллиарды игеріліп кетіпті. Мерзімі бойынша бұл ЖЭО қазір толыққанды жұмыс істеп, Астананың гүлденуіне сүбелі үлес қосып жатуға тиіс еді.

Денис Кривошеев бұл мәселеге прокуратура мән бергені жөн деген пікір айтты. Өйткені мегаполистен бір орталықты сала алатын басқа компанияны таба алмағаны көңілде күмән туғызады.

Бұл "АЛТЫН ОРТАлық" құрылысы бітпеген соң Алтай Көлгінов басқа "мега-жобасын" қолға алып, газ қазандықтарын қаптатып салмақ: олар ЖЭО-3-тен үш есе артық қуат беретін көрінеді.

"Әкім Алтай Көлгінов Instagram парақшасында газ қазандықтарын 2023 жылдан бастап кезең-кезеңмен іске қосу жоспарланып отырғанын мәлім етті: "Елордада 3 газ қазандығының құрылысы қатар жүріп жатыр. Газ қазандықтарының қуаты ЖЭО-3-тен 3 еседен де асып түседі. Тиісінше қазіргі тапшылықтың орнын толтыруға да, құрылыс жұмыстары жүретін жаңа аудандарды жылумен қамтуға да мүмкіндік береді. Газ қазандықтарын 2023 жылдан бастап кезең-кезеңмен іске қосу жоспарланды. Газ қазандықтары жаңа теміржол вокзалының аумағында, Қорғалжын тас жолының бойында және Тельман елді мекенінде орналасқан", – деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.

"Оңтүстік-Шығыс" қазандығы "Мыңжылдық" ауданын, жаңа теміржол вокзалы аумағын, құрылыс жұмысы қарқынды жүріп жатқан аудандарды және басқасын жылумен қамтамасыз етуі шарт.

"Тельман" қазандығы "Бағыстан" ТК, Ұлы Дала даңғылы, "Тельман" елді мекені аумағын қамтиды.

"Тұран" газ қазандығы Қорғалжын тас жолы, Тұран даңғылы бойындағы және басқа да сол маңдағы құрылысы қарқынды жүріп жатқан аудандарды жылумен жабдықтауы керек.

Қоғам Астанадағы ЛРТ құрылысына қатысты қаншама уайым жеп, кіжініп жүр. Шынында, ЖЭО жобасынан келіп отырған шығын одан зор болмаса, тіпті кем емес. Халық үйінде отырып жаурады, ал бизнес жылу көзіне қосыла алмай, қаншама нысан өз ісін бастай алмады. Яғни құрылысы он жылға ұзаған ЖЭО-3 "мультипликативтік кесірі" әр салаға таралып тұр.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу