"Астанаға" жеңілген "Жетісу" Премьер-лигадан шығып қалды

1239

"Жетісу" Қазақстан Премьер-лигасының 23-турында "Астананы" қабылдады. Матч Талдықорғандағы "Жетісу" стадионында өтіп, 1:3 есебімен елордалық команданың пайдасына аяқталды.

"Астанаға" жеңілген "Жетісу" Премьер-лигадан шығып қалды

Ойынның 20-минутында Тигран Барсегянның пасынан кейін Марин Томасов есеп ашты. Ал 37-минутта Айбар Жақсылықов жауапты голды соқты. Бірақ екі минуттан кейін қорғаушылардың қателігін пайдаланған "Астана" екінші голды соқты. Бұл жолы да Марин Томасов ерекшеленді. 57-минутта Фатос Бечирай командасының үшінші голын соғып, матчтың нүктесін қойды.

Қатарынан үшінші матчта жеңіске жеткен елордалық клуб 53 ұпаймен көш басында қалды. 12 ғана ұпайы бар талдықорғандық ұжым ең соңғы орында қалды.

Маусымның аяқталуына үш тур қалғанда талдықорғандық клуб 12-ші орында тұрған командадан 11 ұпайға қалып қойды, сондықтан олар келесі жылы Премьер-лигада ойнай алмайды. "Жетісу" осы маусымда Премьер-лигадан ұшқан алғашқы команда болды. Келесі маусымда талдықорғандық ұжым Бірінші лигада бақ сынайды. Онда соңғы рет "Жетісу" 2017 жылы ойнаған.

Сонымен қатар Қазақстан Премьер-лигасының 23-турында "Тобыл" мен "Ордабасы" үш ұпайды сарапқа салды. Матч Қостанайдағы "Тобыл Аренада" өтіп, 3:1 есебімен аяқталды. Кездесудегі алғашқы голды 25-минутта Игорь Сергеев Бағдат Қайыровтың пасынан кейін соқты. Бірақ бес минуттан кейін Сұлтанбек Астанов есепті теңестірді. Нәтижелі пасты Дмитрий Хлёбас өз атына жазды. Десе де ойынның 74-минутында қосалқы құрамнан шыққан Зоран Тошич командасын алға шығарды. Ал кездесудің аяқталуына төрт минут қалғанда Роман Асранқұлов тамаша соққысымен көзге түсті. Бұл ойыннан кейін Александр Москаленко шәкірттері 52 ұпаймен екінші орында қала берді. Шымкенттік клуб та 32 ұпаймен бесінші орынын сақтап қалды.

"Тұран" Қазақстан Премьер-лигасының 23-турында "Шахтермен" кездесті. Матч "Түркістан Арена" стадионында өтіп, 0:0 есебімен аяқталды. Алаң иелері Игорь Шацкий қорғаған қақпаны 4 мәрте дәл көздесе, "кеншілер" бір ғана тура соққымен жауап қатты. Ойынның бас төрешісі Темірлан Әміров, Таңат Нөсербаев, Евгений Шикавка, сондай-ақ Иван Графты сары қағазбен жазалады. Қуаныш Қабдловтың жетекшілігімен екінші матында жеңілмеген түркістандық ұжым 24 ұпаймен он екінші орынға жайғасты. Магомед Адиев шәкірттері 27 ұпаймен тоғызыншы орында тұр.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу