Астананы кезінде күйреуден не құтқарып қалғаны анықталды

5648

Ірі зауыттары мен алып кен орындары жоқ елорда бүгінде инвестиция тарту бойынша көшбасшы орында.

Астананы кезінде күйреуден не құтқарып қалғаны анықталды Фото: dzen.ru

Елордаға неге ешкім қызықпаған?

Астана азат Қазақстанның барыс бітімді, самұрық серпінді асқақ бейнесінің айбынды да ажарлы рәмізіне айналды. "Мемлекет жүрегі оның астанасында соғады" деген сөз бар. Бірақ осы "мемлекет жүрегі" қалыптаспай қалуы да мүмкін еді.

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев еске алғанындай, 90-шы жылдары жаңа астана жобасына әділ бағасын бергендер, болашағына сенгендер тым аз болды. 1994 жылғы 6 шілдеде Жоғарғы кеңестің (Парламент) "Қазақстан Республикасының астанасын көшіру туралы" қаулысымен жаңа статусқа ие болған Ақмолаға шетелдік инвестор түгіл, қазақстандық кәсіпкерлер де қаржы салудан бас тартты.

Содан, мемлекет амалсыз бюджеттен тыс қаражаттарды жинақтау үшін арнайы "Жаңа астана" қорын құрды. Президенттің еске алуынша, қала құрылысы жобаларына Оманнан, араб елдерінен, Түркиядан, Израильден, Италиядан және басқа елдерден келген инвесторлар қатысты. Мемлекет басшысының өзі шет мемлекеттерге, халықаралық институттарға, ірі компанияларға қолға салып, жаңарған Қазақстан мемлекетінің жаңа астанасын тұрғызуға қаржы бөлуді өтінген. Алайда бір қордың қаражатына қала салып, өркендетпек түгіл, оның ағымдағы барлық тіршілігін жолға қою, қажеттіліктерін тегіс өтеу мүмкін емес еді.

ХХ ғасыр соңында мемлекеттің қазынасы қаңырап бос жатты деуге болады. Мысалы, 1996 жылы бүкіл Қазақстанның республикалық бюджеті 193,5 миллиард теңге ғана болды. Салыстырсақ, қазіргі кезде 527,1 мың ғана тұрғыны бар еліміздегі ең кішкентай өңір – Солтүстік Қазақстан облысының өзі республикалық бюджеттен 2024 жылы 316,6 миллиард теңге дотация алды.

Президент Ақмоланың құрылысына Қазақстанның барлық облыстарын мәжбүрлі түрде жұмылдырды. Астана көші басталар тұста әрбір аймақ Алматыдан жаңа елордаға көшетін мемлекеттік органдардың қызметкерлері мен олардың отбасылары үшін көп пәтерлі екі үйден салып беруге міндеттелді. Сол тұста бейресми түрде "Алматының үйі", "Қарағандының үйі", "Қостанайдың үйі" деп аталып жүрді. Бертінде кейбірі күресінге кетті.

Ақмолада су да тапшы еді. Алып құрылыс алаңдарын, олардың орнында бой түзген биік ғимараттарды сумен қамту күрделі болатын. Сондықтан гидроқұрылысшылар жаңа Астанаға арнап, жаңа "Вячеславка" су қоймасын қазды. Бүгінде "Астана су қоймасы" аталады.

Бірақ жаңа астанаға кәсіпкерлер қызықпай, олар тұрақты қаржы құйып, мұнда ірі жобаларын жүзеге асырмай, іс ілгері баспайтын еді. Бұл тұрғыда сарапшылар елорданы кері кетуден арнайы экономикалық аймақ құтқарып қалғанын айтады.

Осылайша, жаңа ғасыр басында, Қазақстан Президентінің 2001 жылғы 29 маусымдағы №645 жарлығымен "Астана – жаңа қала" арнайы экономикалық аймағы құрылды. Ол Есілдің жол жағалауындағы жаңа әкімшілік-іскерлік орталықты тұтас дерлік қамтыды.

Соның аясында салықтық жеңілдіктер мен басқа да артықшылық-преференциялар алған отандық бизнесмендер, шетелдік инвесторлар аспанға ұмтылған заңғар ғимараттарды, жаңа форматты сауда ойын-сауық орталықтарын, көпфункционалды бизнес орталықтарын, зәулім тұрғын үй кешендерін, сәулетті әкімшілік нысандарын – қазіргі кезде астаналықтар мен қала қонақтары айналада көретін, қалаға әр беретін түрлі нысанды салып шықты. Бұл құрылыс "Астана – жаңа қаламен" бірге жалғасуда.

Соның арқасында егер о баста Ақмолада екі аудан ғана болса, бүгінде елорда кең өркен жайып, аудандарының саны 5-ке жетіп отыр.

АЭА-ның да сүбелі үлес қосуы арқасында елорданың жалпы өңірлік өнімі 1997 жылдан бері 414 есеге – 25,7 миллион теңгеден бүгінде 10,7 триллион теңгеге дейін өсті. 1997 жылдан бері өнеркәсіптік өндіріс көлемі 128 есеге артқан.

Бүгінде Қазақстанда 3 донор өңір ғана бар, қалған 17-сі күні бюджетке қараған дотациялық өңірлер. Бюджетті толтырып отырғандар қатарына мұнайлы Атырау облысы, еліміздің қаржылық орталығы әрі ең ірі мегаполисі Алматы енді. Үшіншісі – Астана. Яғни, елорданы тұрғызумен бірге еліміз экономиканы ілгері сүйрейтін локомотивке қол жеткізді.

Астана әкімдігінің хабарлауынша, бүгінде елордада екі арнайы экономикалық аймақ – "Астана – жаңа қала" және "Астана – Технополис" жұмыс істейді. Олар инвестициялар тарту және басым салаларда бәсекеге қабілетті өндірістер құру арқылы қаланың экономикалық дамуын ынталандыру мақсатында құрылған. АЭА резиденттерге бизнесті жүргізу және перспективалы жобаларды іске асыру үшін қолайлы жағдайлар жасай отырып, бірегей жеңілдіктер мен преференциялар береді.

"Арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы ретінде қызметті жүзеге асыру үшін инвесторға қойылатын негізгі талаптардың бірі – Қазақстанда заңды тұлғаны тіркеу және қызметтің басым түрлерінің бірін жүзеге асыру. Қазіргі уақытта "Астана Технополис" және "Астана – жаңа қала" арнайы экономикалық аймақтарының қатысушыларының саны 346 компанияға жетті. Олардың 110-ы "№1 Индустриялық паркте" шоғырланған. Тек осы парктегілердің шетелдік нарықтарға сатқан экспортының көлемі олардың қызметі басталғалы бері 140 миллиард теңгеге жетті. Ал, бюджетке салық аударымдарының ауқымы – 341 млрд теңгені құрады", – деді "Astana Invest" ЖШС инвестициялық жобалар департаменті директорының орынбасары Руслан Чилиманов.

Айта кету керек, "Астана – жаңа қала" және "Астана – Технополис" АЭА-ларын бір басқарушы компания басқарады. Ол – "Astana Invest" инвестицияларды дамытудың қалалық орталығы деп аталады.

Астаналық арнайы аймақтар не өндіреді?

Astana Invest басқарма төрағасы Асхат Бекеевтің мәліметінше, инвестиция тартуда айрықша рөл атқаратын "№1 Индустриялық паркте" жалпы құны 322 миллиард теңге тұратын 112 жоба іске асырылуда.

"Астана – жаңа қала" өндіріс көлемі жөнінен республикада бірінші орынды алады: іске қосылғалы өнім өндірісі 6,7 триллион теңгеге жетті.

Онда теміржол кластері құрылды, электровоз, локомотивтер, түрлі жабдықтар шығарылады. Әуежай жақта ЕС145, H125, H130 маркалы еуропалық Eurоcopter тікұшақтарын құрастыратын және техникалық қызмет көрсететін бірлескен кәсіпорны орналасқан. "Қазақстан инжиниринг" Airbus Helicopter концернімен бірлесіп құрды. Елордада әскери бронды техника да шығарылады.

Асхат Бекеевтің айтуынша, биыл "Ashina" компаниясы осы аймақта тігін фабрикасының құрылысын бастады. "ASIA Tech LOGISTICS" ағаш-сүрек плиталарын шығаратын цех ашты. "DAT KZ" ЖШС фиброцементтік плиталар мен газды-бетонды блоктар шығаратын зауыт салды.

"ЛС Group" компаниясы лифтінің түр-түріне деген отандық нарықтың қажеттілігін өтеуге күш салуда. "DUAYEN" ЖШС дезинфекциялаушы құралдарды, жеке қорғаныш заттарын, теміржолшыларға арналған формаларды жасайды. "Led System Media" компаниясы көкөніс, салат және консервілер цехын кеңейтуге ниетті. "LED Solutions" ЖШС кабельдік, жарықдиодты өнімдерінің өндірісін ұлғайтуды жоспарлауда.

Елордалық АЭА индустриалдық парк аумағында британдық коммуналдық техниканың, жапондық мамандандырылған жүк техникасының, еуропалық медициналық бұйымдардың, полиэтилен құбырларға арналған ресейлік дәнекерлеуші аппараттардың өндірісін жолға қою және тиісті инвестицияларды тарту жоспарланған.

Аймақты бизнесмендер де мақтайды.

"Біз "Астана – жаңа қала" арнайы экономикалық аймағының қатысушыларымыз. Биылғы наурыз айында газды-бетон блоктарын шығаратын зауытты іске қостық. Бұл қазіргі құрылыс қарқын алған заманда елде және жаһанда зор сұранысқа ие материал. Бүгінде кәсіпорнымыз жобалық қуатының 90%-ына шықты. Ағымдағы айда өндірісті толық қуатына жеткізуді жоспарлап отырмыз. Зауыт 95% автоматтандырылған. Бұл бізге барлық техникалық шартқа сәйкес келетін сапалы өнім шығаруға мүмкіндік береді", – деді "DAT KZ" ЖШС өндіріс бастығы Юрий Великанов.

Компания әзірге елорданың сұранысын өз өнімімен толық қамтуға ниетті. Болашақта – басқа елдерге экспортқа шығу жоспары бар.

Мемлекеттік қолдау шараларының арқасында елорданың "Астана – жаңа қала", "Астана – Технополис" арнайы экономикалық аймақтарының қатысушылары 6 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашты.

Astana Invest сарапшыларының түсіндіруінше, елорданың 2002 жылдан бері жұмысқа кіріскен бірінші арнайы экономикалық аймағы – "Астана – жаңа қала" АЭА бастапқыда 1 052,6 гектарды қамтыды. Кейін бірте-бірте ұлғайып, 7 мың гектардан асты. Ал, Үкіметтің биылғы 2024 жылғы 30 қаңтардағы №46 қаулысымен "Астана – жаңа қаланың" территориясы 15 мың 421,72 гектарға жеткізіліп отыр.

Бастапқыда "Астана – жаңа қала" арнайы экономикалық аймағы 25 жылға, яғни 2027 жылға дейін құрылған болатын. Яғни, екі жылдан соң мерзімі аяқталады. Осыған орай Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі бұл АЭА мерзімін 2029 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартатын Үкіметтің жаңа қаулысының жобасын әзірледі.

Тарата кетсек, бүгінде бұл АЭА аумағына – ауданы 5 134 гектар "Реновациялау аймағы", ауданы 3 269 гектар "Игеру аймағы", ауданы 1,9 гектар "Жергілікті атқарушы органның аумағы" және жаңа "Өнеркәсіптік аймақ" кіреді. Сондай-ақ АЭА құрамында 598,1 гектарлық "№1 Индустриалдық парк" және 433,1 гектарлық "№2 Индустриалдық парк" бар. Осы аймақ территориясында жеңіл рельсті қалалық көлік желісі салынуда: ЛРТ-ға 72,41 гектар жер бөлінген.

Егер "Астана – жаңа қала" АЭА-сының міндеті жаңа елорданы тұрғызу болса, 2017 жылы құрылған "Астана-Технополис" АЭА-сының негізгі мұрат-мақсаты – "инвестициялар тарту, қолда бар және жаңадан тартылған озық технологияларды, ноу-хауды пайдалану, заманауи инфрақұрылым құру арқылы Астана қаласын инновациялық дамыту, сондай-ақ әлеуметтік салаға, денсаулық сақтау саласына инвестициялар тарту арқылы Астананы жедел өркендету".

"Астана-Технополистің" территориясы 688,6 гектарды құрайды және ол бірнеше субаймақтан тұрады. Онда жалпы 163 миллиард теңге инвестиция салуды қарастыратын 13 жоба іске асырылуда. Соның ішінде 3 жоба – бағдарламалық қамтылым саласындағы қос жоба және ДНК-лаборатория (меншік иелері – "Егістік" ЖШС, "Гражданин" ЖШС және "Microread Technologies" ЖШС) қолданысқа берілген.

АЭА-ға қатысушы болу үшін не істеу керек?

Бұл аймақтардың бағдарламалары кәсіпкерлерге табысқа жету жолында кездесетін қаржылық және ұйымдастырушылық кедергілерді жеңуге көмектесетін негізгі құрал болып саналады.

Astana Invest түсіндіруінше, елордалық АЭА-лар аумағына қатысушы болған компаниялар біріншіден, корпоративтік табыс салығын, екіншіден, жер салығын, үшіншіден, мүлік салығын бюджетке төлемейді (0%).

Төртіншіден, өнім шығару үшін шетелден жабдықтар, материалдар және шикізат тасығанда, қосылған құн салығынан және кедендік баж алымынан азат етілген (0%).

Бесіншіден, құрылыс кластеріне жататын дайын өнімдерін сатқанда қосылған құн салығынан (ҚҚС) босатылған. Алтыншыдан, өндірістік жобаларды жүзеге асыру үшін жерді тегін субарендаға ала алады. Жетіншіден, АЭА резиденттері кедендік рәсімдеуде жеңілдіктерге ие. Яғни, басқа компанияларға қарағанда жүктері шекарадан барынша тез өтеді. Сегізіншіден, оларға АЭА территориясында дайын инженерлік инфрақұрылым ұсынылады.

Бұған қоса, 3,7 миллиард теңгеден (1 млн АЕК) асатын көлемде инвестиция салынатын жоба үшін шетелдік жұмысшыларды тарту квотадан тыс және рұқсатсыз жүзеге асырылады.

Астаналық АЭА қатысушысы болудың алгоритмі келесідей: кез келген инвестор аймақ үшін инвестициялық жобасының тұсаукесерін өткізеді, оның қалаға, елге не пайдасы барын түсіндіреді. Содан соң тиісті құжаттар пакетін жинап, АЭА-ға қатысуға өтінім береді.

Өз кезегінде Astana Invest өтінім мен қоса берілген құжаттарды тексереді. Оның қорытындысында мақұлдаудан бас тартуы мүмкін. Құптаса, онымен АЭС қатысушысы ретінде келісім бекітеді. Артынша ол Астана қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаментін (МКД) нақты бір компаниямен келісімнің бекітілгені туралы хабардар етеді. Ақыр соңында МКД компанияны өзі жүргізетін АЭА қатысушыларының жеке есебіне – тізілім-реестрге тіркейді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу