Ата-аналар балаларын бірінші сыныпқа бере алмай жатыр

5729

Қазақстан биыл оқушылық орын бойынша үлкен тапшылыққа тап болуы мүмкін. 

Ата-аналар балаларын бірінші сыныпқа бере алмай жатыр

Елімізде 1-сыныпқа қабылдау тек 1 тамызға дейін жүзеге асырылады. Бұл туралы БҒМ-ның Мектепке дейінгі және орта білім беру комитетінің төрайымы Майра Мелдебекова хабарлады. Яғни, мерзімнің түгесілуіне төрт күн ғана қалды. Алайда әлі күнге баласының құжатын өткізе алмаған қазақстандықтар бар, олар дүрлігуде, деп жазады Inbusiness.kz.

"Алты жасар және биыл 6 жасқа толатын балалардың құжаттарын бірінші сыныпқа қабылдау жалғасуда. Мектептерге 300 мыңға жуық өтініш қабылданды. 1-сыныпқа құжат тапсырған балалардың 65%-ы қазақ тілінде оқуға ниет білдірді. Құжаттарды қабылдау 1 тамызға дейін жалғасатынын ескерткім келеді", – деді Білім және ғылым министрлігі комитетінің басшысы.

Оның айтуынша, өтініштерді қабылдау толық автоматтандырылған, яғни барлығы eGov.kz "Электрондық Үкімет" порталы арқылы электрондық форматта жүргізіледі.

"Мектепке оқуға түсу үшін мынадай құжаттарды ұсыну қажет: баланың денсаулық жағдайы туралы құжаттар, яғни №026/у-3 формасындағы баланың денсаулық паспорты, №063/у нысанындағы медициналық анықтама, баланың көлемі 3х4 сантиметр болатын цифрлық фотосуреті. Өтініш 1 жұмыс күні ішінде қаралады. "Қызыл" аймақта орналасқан өңірлерде тұратын ата-аналар медициналық анықтамаларды кешірек, оқу жылы басталғанға дейін ұсына алады", – деді М.Мелдебекова.

Оның дерегінше, алдағы 2021-2022 жаңа оқу жылында шамамен 380 мыңдай бірінші сынып оқушысы мектептердің табалдырығынан алғаш рет аттайды деп күтілуде.

"Шенеуніктер порталдың артына тығылып отыр"

Демек, әлі де болса, ондаған мың бала мектептен сырт қалмауы үшін жауапты тұлғалар алдағы күндері қауырт жұмыс жасауы қажет сияқты.

"Менің баламды мектепке қабылдамай жатыр. Барлық қажетті құжаттары мен анықтамаларын жинап ұсындым. Соған қарамастан мектеп бас тартып отыр. Біз уақытша тіркеуде тұрған орнымыз бойынша жанымыздағы осы мектепке қараймыз. Оған екі рет бардым. Бірінші рет қажетті құжаттардың тізімін берді. Екінші рет барғанымда eGov.kz арқылы тапсырған құжаттарымды және өтінішімді мектеп қабылдаудан бас тартқанын білдім. Бар айтатындары: "кешіріңіз, орыс сыныптары бізде толық, қабылдау жабылды". Мейлі ғой, мен баламды қазақ тілінде оқуға қабылдауды сұрап отырмын. Сондықтан қазақ сыныбына алу туралы қайтадан өтініш беремін. Тағы да бас тартады. Бұлары не ойын екенін түсінбедім. Түсіндірмейді. Енді мен не істеймін?", – деп айран-асыр болады Гүлнәр Мұқанова. 

Ол сұрастыра жүріп, бірінші сыныпта орындар барлығын анықтапты.

"Онда неге қабылдамайтыны белгісіз. Бәрін автоматтандырып қойған, ешкімнен сұрай алмайсың, порталдың артына тығылып қалған. Балам қыркүйекте 7-ге толып кетеді. 1-сыныпқа беруді бұдан әрі кешіктіре алмаймын. Басқа мектептерге құжат тапсырып көрдік. Баланың тіркелген тұрғылықты жері сәйкес келмегендіктен, оларға құжат тапсыру мүмкін емес. 1 тамыз болса, келіп қалды. Құжат қабылдау бүкіл ел бойынша аяқталады. Сонда балам далада қала ма?", – деп алаңдайды ана.

Мұндай кедергіге кездескендер жетерлік. Әрі барлық өңірде бар.

"Ай болса аяқталып қалды, ал мен баламды мектепке бере алмай отырмын. Біздің маңымыздағы мектептер лық толыпты, қабылдаудан бас тартуда. Бұлар – №1 мектеп және Жамбыл Жабаев атындағы №5 мектеп-гимназиясы. Өзге мектептерге қалай тіркелерімізді білмейміз. Баланы мектепке беру осынша қиын проблемаға айналады деп кім ойлаған. Бұрын керісінше, бала мектепке бармай қалса, соңынан қуып жүретін. Министрлікке жазсам, жергілікті білім беру бөлімінен сұраңыз дейді. Неге? 1 тамызға дейін ғана қабылдайды деп белгілеген министрліктің өзі емес пе?", – деп шенеуніктердің тірлігіне таңданады тарздық тұрғын.

Мегаполис тұрғындарынан маза қашты

Бұл мәселе елордада да бар. Баласын мектеп оқушылары қатарына енгізе алмай, зыр жүгірген, зар қаққан ата-аналар қарасы қалың. Соның бірі Балжан Ұлы дала көшесіндегі "Саранда" тұрғын үй кешенінде тұрады. Сергелдеңге түскеніне бірнеше ай болыпты.

"Біздің қасымызда бірде-бір орта мектеп жоқ. Осы аумақта қаптатып жаңа тұрғын үй алаптарын салып жатыр, "Нова Сити", "Арнау", "Саранда" және басқа да тұрғын үй кешендерінде халық тығыз тұрады. Біздің ауламызда мектептің құрылысын бастаған, екі жылдан бері құрылысын аяқтай алатын емес. Ол іске қосылса, осы аудандағылардың үлкен проблемасы шешілер еді. "Нова Ситидің" қасында мектептің құрылысы тәмамдалып қалды, бірақ ол қазірден шектен тыс оқушы қабылдап қойылыпты, ары қарай қабылдауды тоқтатуға тура келіпті. Амалсыз, бізден 2–4 шақырымдық қашықтықтағы 4 білім беру ұйымына – "Бином", №75, №82 және №85 мектептерге құжат жолдадым. Барлығы да бас тартты", – дейді Балжан.

Ол астаналық білім беру басқармасына телефон шалыпты, оның мамандары Е321 көшесіндегі №88 мектептен ғана орын ұсына алған. Ол өте алыста орналасқандықтан, баланың анасы бас тартып отыр.

"Неге әкім ірі тұрғын үй кешендерін тұрғызуға рұқсат бермес бұрын сол жерде мектеп ашылуының қамын жасамайды? Неге мен бірінші сынып оқушысын қала сыртында, айдалада орналасқан мектепке аттандыруым керек?!" – деп ашынады ана.

Бірінші сынып оқушыларын мектептерге электронды қабылдау ісінен де кінәрат табылып отыр.

Алматы тұрғыны Меруерт өзі таңдаған білім ордасын тізімнен таппаған.

"Биылғы жылы балам бірінші рет мектеп табалдырығынан аттауға тиіс. Біздің Бостандық ауданында Алматы қаласы әкімдігіне қарасты "№21 мектеп-гимназия" коммуналдық мемлекеттік мекемесі орналасқан. Баламды сондағы 1-сыныпқа жазбақ болдым. Бірақ eGov.kz порталындағы тізімде бұл мектеп жоқ. Мектептің өзіне де жүгіндім. Олар білім беру департаментінен сұрауды өтінді. Департаменттегілер күте тұру және күн сайын қарап отыру керектігін айтты. Балалардың құжатын қабылдау сәуірде басталды ғой, бірнеше ай өтті. Тұтас мектептің сырт қалуын қалай түсінуге болады? Балаларды қашан тіркеп үлгереді?", – дейді болашақ оқушының анасы.

Мұндай мысалдар өте көп. Кейбір ашынған ата-ана "билік балаларды ақылы мектептерде оқуға итермелеу үшін әдейі осылай жасап жатыр" деген ой түйіпті.  "Баламыздың Ата заңда кепілдік берілген тегін орта білім алу құқығы бұзылуда" деп шағым жазып жатқандар жетерлік.

Мәселе әрине, әкімдер мен БҒМ-ның елдегі демографиялық өсімге дайын болмай шығуында. Олардың статистика органдары ашық жариялайтын демографиялық деректерді талдап, алда қанша мектеп қажет болатынын жоспарлай алмауында болса керек. Мысалы, өткен жылы Қазақстандағы мектептер 352 091 бірінші сынып оқушысын қабылдапты. Биыл бұл сан ең кемі 30 мыңға артып отыр. Амандық болса, келесі жылдары да ондаған мыңға өспек. Ендеше биыл бас көтерген проблема алда тек ушыға беруі ықтимал.

Әзірге ата-аналардың өтініші мен сын-ескертпелеріне Білім және ғылым министрлігі мен оның жауапты комитеті: "Жергілікті әкімдіктің білім басқармасына жүгініңіз" деп жалтарма жауаппен құтылуда. Ал жергілікті білім басқармалары ата-аналардың мәселесін нақты шешіп бере алмай, яғни оқушыға орын таба алмай, қауқарсыз қол жаяды.

Егер бұлай бара берсе, биылғы 1 қыркүйектегі "Білім күні" дау-жанжалға ұласуы ғажап емес. Мәселені шұғыл түрде дәстүрлімен қатар қашықтан оқытуды ұйымдастыру шешуі мүмкін. Өйткені коронавирус өршіп бара жатқандықтан, баласын мектепке жібергісі келмейтін ата-аналар көп.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу