Елімізде ата жолын жалғап, ананың ізін басып, мұғалім атанған азаматтар аз емес. Тіпті, бұл бұл мамандықты бір әулеттің бірнеше буыны таңдап жатады. Сондай династиялар Павлодар облысында да баршылық, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.
Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесімен байланыстырып, балаларды білім нәрімен сусындататын ұстаздардың еңбегі қашан да ерен. Олардың қызметке деген адалдығын, оқушыларына деген қамқорлығын көрген балалары да көп жағдайда ата-анадан үлгі алып, болашағын мұғалімдікпен байланыстырады. Сондай әулеттердің бірі – Текжановтар отбасы. Бұл шаңырақтағы ұстаздардың жалпы еңбек өтілі 400 жылдан асып жығылады.
Педагогтық династияның негізін осыдан 70 жыл бұрын Мұхамедхафиз Ахметұлы қалады. Ол 1952 жылы ҚазМУ-дың филология факультетін тәмамдап, еңбек жолын Павлодар облысы Ақтоғай ауданы орта мектебінде қатардағы мұғалім болып бастады. Кейін қызметін жоғары оқу орнында жалғастырып, филология ғылымдарының кандидаты, профессор атанды. Өзі ұстаздық қызмет атқарған 54 жыл аралығында қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін мұғалімдердің үлкен шоғырын оқытты. Мемлекеттік тілді қолдану мен дамыту саясатына зор үлес қосып, әдістемелік нұсқаулықтар жащып, 5 мыңнан астам сөз бен сөз тіркесін қамтитын қазақша-орысша,орысша-қазақша сөздік жазды. Өңір жұрты Мұхамедхафиз Текжановты мұғалімдер "армиясын" дайындаған педагогика ісінің шебері деп біледі.
Жары Шәрипа Игілікова де қызметін өскелең ұрпақты оқытумен, тәрбиелеумен байланыстырды. Алматыдағы қыздар институтының биология факультетін тәмамдаған соң, Павлодар қаласындағы дарынды балаларға арналған Алтынсарин гимназиясында табан аудармастан 30 жылдан астам уақыт еңбек етті. Осы мерзім аралығында шәкірттерге биология пәнінің қыр-сырын үйретіп қана қоймай, олардың саналы тәлім алуына да көп көңіл бөлді.
Ата-анасының барлық уақыты түзде балаларды оқытумен өтіп жатқанын көрген балалары да сол мамандыққа қызығып өсті. Айталық, ұлдары Қайрат Мұхамедхафизұлы да педагогтік жолға бет бұрып, филология факультетін аяқтаған соң бірден Павлодар ауданы Даниловка мектебінің басшысы болды. Әкесі сияқты мектептегі қызметті инстиутта жалғастырып, Павлодар педагогикалық институтында көп жыл факультет деканы, проректор қызметтерін атқарды. Еңбек өтілі 40 жылдан асатын оқытушының "ҚР Құрметті педагогы" деген атағы бар.
Қайрат Текжановтың жары Ажар Төкенқызы да – мұғалім. Осы салаға 44 жылдық өмірін арнады. Облыс орталығындағы мектептерде орыс тілі мен әдебеті, қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ беріп, директордың орынбасары қызметін атқарды. Бүгінде ата мен әженің, әке мен ананың жолын балалары жалғап келеді. Қайрат пен Ажар Текжановтардың ұлы Рүстембек – информатика пәнінің мұғалімі. Үлкен келіндері Нұрия Камильқызы ағылшын тілінен сабақ берсе, келіні Малика Шукруллаевна - бастауыш сынып мұғалімі.
"Мамандықтардың төресі саналатын ұстаздық қызмет – біздің әулеттің қанына сіңген еңбек десек, артық айтқандық болмас. Атамыз оқушыларға білім беріп, кейін сол шәкірттерді тәрбиелейтін ұстаздарды дайындады. Балалары мен немерелері де сол ізбен жүріп, мұғалімдік қызметті таңдады. Ал әкем Төкен Әбілқасымұлы - соғыс ардагері. Майдан даласынан 1946 жылы жалғыз аяғымен оралып, Көкшетау облысының Сарыбұлақ ауылы мектебіне 40 жыл басшылық етіп, қазақ тілі мен әдебиеті, тарих мұғалімі болған. ҚР Оқу-ағарту ісінің үздігі атанды. Анам Мәруар Рүстемқызы сол мектепте география мұғалімі болған. Ол кісі де - Оқу-ағарту ісінің үздігі. Үлкен әпкем Құснижамал Төкенқызы – 40 жылдан астам уақыт қазақ тілі мен әдебиет пәнінен сабақ берген, Ы. Алтынсарин медалінің иегері. Екінші әпкем Айжан Төкенқызы тарих пәні мұғалімі. Зеренді ауданы Игілік мектебінде директордың оқу-тәрбие жөніндегі орынбасары болған. Әкемнің 5 немересі де, олардың жарлары да Ақмола облысында мұғалім болып еңбек етіп жүр. Биыл 1-сыныпқа барған немерем Маруар да "Өскенде мұғалім боламын" дейді. Қысқасы, біздің әулет – тұтасымен ұстаздық жолды таңдаған отбасылар. Біз мұнымен мақтанамыз. Текжановтар мен Төкеновтер әулетінің еліміздің абыройлы азаматтарды тәрбиелеуде қандай да бір үлесі болса, бұл біз үшін – зор қуаныш. Шәкірттеріміздің өмірден өз жолын тауып, қалаған мамандығының мықты иесі атануы – мұғалім мерейі. Осындай жауапты да қиын қызметте жүрген әріптестеріміздің барлығын мерекемен құттықтаймыз", - дейді Ажар Төкенқызы.
Осылайша, тұтас династиялар отандық білім беру саласына сүбелі үлесін қосып келеді. Олардың саналы ұрпақ тәрбиелеудегі еңбегі ерекше екенін атап өткен жөн. Жалпы, бүгінде Павлодар облысында 4 мыңнан астам мұғалім балаларға тәлім-тәрбие беріп келеді.