Атақты экс-банкирдің жаңа "аферасы" әшкере болуда

19199

Үй күтуші алған ірі кредит қожайынын үйінен айырды. 

Атақты экс-банкирдің жаңа "аферасы" әшкере болуда

Азаматтар банктен ипотека не басқа да несие алғанда, мүлкін кепілге қойып, оның құжаттарын қаржы институттарына сеніп тапсырады. Заем өтеліп біткенше, банктер ол құжаттарды жоғалтып алып та жатады.

Алайда одан да сорақысы болады екен. Алматы тұрғыны Гүлназ И. қаланың "Мирас" ықшамауданында үй сатып алады, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. Еліміздің ең ірі мегаполисіндегі сейсмикалық қауіпсіз әрі экологиялық таза аймақ саналатын "Мираста" коттедждер қалашығы орналасқаны мәлім.

"Мен 2006 жылы "Еуразиялық банк" АҚ-ында ипотекалық несие рәсімдедім. Кепіл ретінде жылжымайтын мүліктің өзі қабылданды. Бұл кредитті толығымен өтедім. Содан көңілім шаттыққа толып, банкке жетсем, ол мүлкімді бұғаттаудан босатудан бас тартты. Себебі, менің үйіме қатысты әлдебір алаяқтық схема жүзеге асырылыпты. Атап айтқанда, банк кеш қарайған шақта, яғни 20:50-де менің мүлкімді қайта кепілге алып, үй қызметшім Көлбаеваға (есімі өзгертілді) несие берген. Оның сомасы шошынтады: 2 миллион 270 мың 171 доллар кредит ұсыныпты. Бірақ шынында қыруар қаражат үй шаруасындағы қызметші әйелдің қолына тимеген. Менің байламымша, бұл қарау қарекеттер аталған банктің сол кезде басқарма төрағасы болған Жомарт Ертаевтың ұсынуымен іске асырылды", – дейді Гүлназ И. ІІМ-ге жазған хатында.

Содан шағым иесі сотқа жүгінеді, соның аясында бірнеше рет тексерістер жүргізіледі. Гүлнәз И.-дің банк алдындағы несиесін толық төлегені расталған.

"Соған қарамастан, мүлкімді кепілден босату туралы бірнеше рет жазған өтініштерімді банк елеусіз қалдырды. Сергелдең кесірінен денсаулығым құрыды. Отбасымда ұрыс-керістер басталды, ынтымақ-береке кетті. Күйеуіммен ажырасып тындық. Қазіргі кезде сот шешімімен баламызды бағып отырған күйеуіме алимент төлеуге мәжбүрмін", – дейді ол.   

Өз құқығын қорғау үшін шағым иесі былтырғы жылдың соңында Алматы қаласының полиция департаментіне көмек сұрап жүгінеді.

Дегенмен, алматылық полицейлерден өз өтінішіне ешқандай жауап ала алмаған.

Әйткенмен, құқық қорғау органдары бұл жерде қандай да бір "афера" болғанына сенбейді. Бұл мәселеге қатысты Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев өз блогы арқылы жауап берді. Оның мәліметінше, "мүліктен шектеуді алып тастау бойынша шара қабылдамай отырғаны үшін банк қызметкерлерін жауапқа тарту туралы" азаматшаның шағымы Алматы қаласының Медеу ауданының Ақпаратты есепке алу кітабында тіркелген.  

"Анықталғанындай, 2009 жылғы 15 маусымда "Еуразиялық банк" пен Т.Көлбаева арасында банк заемы туралы келісім бекітілді. Оған сәйкес, соңғысына 2,27 миллион доллар несие берілді. Кредит сомасын қайтару міндеттемесінің орындалуын қамтамасыз ету мақсатында банк үшінші тұлғаға тиесілі жылжымайтын мүлікті кепілге қабылдайды. Бұл ретте сол күні, яғни 15 маусымда "Еуразиялық банк" АҚ мен үшінші тұлға (Гүлнәз И.) арасында кепілдік беру келісімі бекітілген. Ол бойынша үй иесі Көлбаеваның міндеттемелерін орындауы үшін ынтымақты жауапкершілікті толық өз мойнына алған", – деді ІІМ басшысы.

Сонымен, оқиғаның арты не болды? Алматы қалалық сотының шешімімен, "Мирас" ықшамауданындағы кепілге қойылған даулы үй ақыры иесінен тартып алынды. Артынша атқару өндірісі аясында кепілдік мүлік электронды сауда арқылы сатылып кетті.  

"Бұл жағдайда заңнаманың бұзылғанына қатысты қандай да бір мәліметтердің болмауына байланысты азаматшаның Медеу аудандық полиция басқармасына жазған өтініші қараусыз қалдырылды. Ол номенклатуралық іске жолданып, есептен шығарып тасталды", – деді ведомство басшысы.

Әрине, бұл жағдайда банктің де ешқандай кінәсі болмауы мүмкін. Сарапшылардың айтуынша, тым көп қарыз алып, борыш батпағына батқан, тиісінше банктер бетін қайтарған кейбір байлар үй күтушілерінің, бақшашысының және басқа да өзіне тәуелді қызметкерлерінің атынан несие рәсімдеп жатады. Мұндай тәжірибе елімізде бар.   

Қалай болғанда, сот іске нүкте қойғанымен, сұрақтар қалып тұр.

Еске сала кетсек, биылғы 3 наурызда Алматы қаласының Алмалы аудандық соты бұған дейін сотталып кеткен экс-банкир, "Bank RBK" директорлар кеңесі төрағасының экс-кеңесшісі Жомарт Ертаевты тағы 9 жылға соттады. Іс материалдары бойынша Ертаев қызмет бабын пайдаланып және өзге тұлғалармен ымыраласып, Bank RBK және Qazaq Banki миллиардтаған қаржысын ұрлаған. Оның және сыбайластарының жалпы құны 48 миллиард теңге тұратын мүлкі бұғатталды.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу