"Атамекен" басшысы сауда сөрелеріне импорт лимитін енгізуді ұсынды

10521

Ресейде сауда орталықтарының сөрелеріндегі тауардың 50 пайызы отандық өнім болуға тиіс. 

"Атамекен" басшысы сауда сөрелеріне импорт лимитін енгізуді ұсынды

Еуразиялық экономикалық одақ пен Дүниежүзілік сауда ұйымдарының ережелері отандық тауар өндірушілерге кері әсер етіп отыр. Тіпті ЕАЭО алдында біздің құзырлы органдар осалдық танытуда. "Атамекен" ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов осындай пікір айтты.

"Біз – Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшесіміз. Одан кейін Еуразия экономикалық одағындамыз. Сондықтан сауда саласында  мойнымызға алған міндеттемелер бар. Бізге ішкі өндірісті көтеру үшін сырттан келетін импортқа салынатын алымды көтеру керек. Ал мойнымызда халықаралық шарттар бар. Оны айналып өту оңай емес. Еуразиялық экономикалық одақтың жарғысы бойынша кедендік салық ережелерін екі жылға тоқтатуға болады. Мен сейсенбі күні осы мәселені көтердім. Мысалы, Ресей осы аталған қағиданы пайдаланып, 250 тауарды екі жылға экономикалық одақтың ережесінен шығарып, ұлттық режимге кіргізді. Яғни, Беларусь, Қазақстан сияқты одақтас елдерден келетін 250 тауардың салығын көтеріп жіберді. Бұдан бөлек әр түрлі сертификаттар арқылы ішкі нарығын қатты қорғап отыр. Өкінішке қарай, біздің құзыретті органдар осыған келгенде, меніңше, кішкене осалдық, сескенушілік байқатады. Мемлекет басшысы отандық кәсіпкерлерді қолдау туралы өзінің саяси ұстанымын нақты айтты. Сондықтан саспай, бізге де екі жылдық мүмкіндікті пайдалану керек",  деген "Атамекен" басшысы мемлекеттік сатып алу саласында батыл саяси шешім қажеттігін атап өтті. 

"Мемлекеттік сатып алу мәселесінде сырттан келетін тауарға ашықпыз. Ал өзіміздің отандық өнімге келгенде қолымыз қысқа болып қалады. Сондықтан шешім қабылдап, тек отандық сертификаты бар, отандық тізімдегі кәсіпорынға ғана мемлекеттік тапсырыс берілуі керек. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша келесі жылдың 1 қазанына дейін осы мәселені Үкіметпен бірге реттеуіміз қажет", – дейді Абылай Мырзахметов.

Ұлттық палата өкілінің айтуынша, пандемияның кері әсерін пайдаланып, дүкен сөрелеріндегі импорт пен отандық тауардың үлес салмағын реттеп алуға да болатын көрінеді. Ол үшін Ресейдегідей заң қабылдаса, жетіп жатыр.

"Көптеген кәсіпкер Ресейдегідей заң қабылдауды ұсынып отыр. Ресейде сауда орталықтарындағы сөренің бәрінде 50 пайыз отандық тауар тұруы керек. Әрине, лимит мөлшерін отандық өндірушілердің мүмкіндігіне қарай қойған дұрыс. Ертең өзімізде өндіруші болмаса, тұтынушы қиналуы мүмкін. Ал бар тауарға  заңдық негізде немесе ынталандыру арқылы сөрелерде отандық тауарларға жол ашу керек", – деді палата өкілі. 

Есжан Ботақара


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу