"Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасын трансформациялау жөніндегі жұмыс тобының алғашқы отырысы өтті, деп жазды inbusiness.kz.
Оған 89 адам қатысты. Атап айтқанда 40 адам – салалық қауымдастықтардың басшылары мен өкілдері болса, 36 адам – Өңірлік кеңес мүшелері, өңірлік бизнес өкілдері және 13 – сарапшы, қоғам белсенділері, ҰКП-да аккредиттелмеген қауымдастық өкілдері бар.
Бір апта ішінде өңірлік кеңестер мен комитеттер өз алаңдарында отырыстар өткізіп, кандидатураларды айқындады және алдағы съезге ұсыныстар әзірлеген.
Талқылау барысында "Атамекен" қызметін жаңарту жөніндегі жұмыс тобына 17 өңірлік кеңестің әрқайсынан 2 кандидат, 199 қауымдастықтың мүддесіне өкілдік ететін 17 салалық комитеттен 2 кандидат кірді.
"Атамекен" ҚР ҰКП Басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовтың айтуынша қазір ҰКП-ны трансформациялау бойынша 360 ұсыныс жинақталған. Олар бес негізгі топқа жіктелген.
Оның ішінде, ұлттық палатаның құрылымы мен қызметі, қауымдастықтарды аккредиттеу рәсімдерін жетілдіру, нормативтік-құқықтық актілерді сараптау, мүшелік жарналар мен ақылы қызметтерді енгізу бойынша ұсыныстар.
"Сондай-ақ жұмыс тобына кәсіпкерлерден бизнестің 400-ге жуық өзекті мәселелі келді. Оларды қарастырғаннан кейін Съезге шығару жоспарланып отыр. Оның уақыты шамамен 17 наурызға жоспарланған", – деді ҰКП-ның Басқарма төрағасы.
"Атамекен" ҰКП-ны реформалау бойынша жұмыс тобының алғашқы отырысында бизнес иелері мен салалық ұйым өкілдері бірқатар ұсыныстарын ортаға салды. Шығыс Қазақстан облысының Туристік қауымдастығының төрағасы Асқар Оразбаев "Атамекен" ҰКП-ның сараптамалық қорытындыларды берудегі рөлін күшейту керек деп есептейді.
"Бүгінгі күні сараптамалық қорытындылар кеңес сипаттында беріледі. Оны мемлекеттік органдар үшін міндетті етіп реформалау қажет", – деді спикер.
Ал Qazaq oner қолөнер шеберлері орталығының жетекшісі Айгүл Жансерікова ҰКП-да шағын бизнеске қарағанда ірі бизнес өкілдерінің мүддесі көбірек қорғалған деп есептейді. Бұл ретте ол шағын және орта бизнесті қолдау бойынша бірнеше ұсынысын ортаға салды.
"Регламенттік кеңестер мүшелерін сайлауды енгізу қажет. Әр бірлестіктің жұмысына қарап, белгілі бір мүддені қолдап, тек сынайтын, талқылап, жұмыс істемейтін тиімсіз салалық бірлестіктерді ҰКП құрамынан шығару керек. Тегін бизнес-кеңестер, оқыту бағдарламалары, "Бастау бизнес" өте жақсы жұмыс істейді. Бұл жобаларды одан әрі дамыту керек. Бұған қоса кәсіпкер оқуды аяқтағаннан кейін жұмыс істемейтін болса, онда ол міндетті түрде жұмыс табуы керек, өйткені оларға мемлекет қаржысы жұмсалды. Гранттардың көлемін ұлғайту, бірақ гранттардың санын азайту және тиімді болу үшін гранттарды бөлуді бақылауды күшейту керек. Оқуды аяқтағаннан кейін сертификаттау мерзімін ұлғайтып, ҰКП-ны цифрландыру", – деп ұсыныстарын тізімдеді орталық басшысы.
"Кәсіпкерлердің тәуелсіз қауымдастығының" елордадағы бөлімінің төрағасы Қанат Елеусізов ҰКП-ның заңнамалық қызметтегі ұстанымын күшейту қажет де есептейді.
"Бұнымен қатар Өңірлік кеңестің функциялары, құқықтары, міндеттері көрсетілген ережені нақты жазу қажет. Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауда және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесте "Атамекен" ҰКП өкілеттігін күшейту маңызды. Өңірлік кеңестің және Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің мүшелеріне мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау үшін куәлік жасап беру", – деді спикер.
Жиын барысында жалпы саны 300-ден аса ұсыныс айтылды. Сонымен қатар кәсіпкерлер 25 бағыт бойынша өзекті болып саналатын мәселелердің тізімін жолдаған. Жұмыс тобының алғашқы отырысына қатысқан сала өкілдері барлық мәселелерді бірнеше топқа бөліп, жіктеп саралауды құп көрді. Кейін әр топтан іріктелген өкілдер ой елегінен өткізілген тұшымды пікірлерді ортаға салмақ.
Құралай Құдайберген