Атом энергетикасы: Қазақстандағы болашағы қандай?

6837

Бүгінгі таңда атом энергетикасы арқылы өндірілетін электр энергиясын әлемде 10%-ға жетті. Дүниежүзінің 32 елінде 427 реактор жұмыс істейді. 

Атом энергетикасы: Қазақстандағы болашағы қандай? Фото: elorda.info

Ал Қазақстанда алғашқы атом электр станциясын салу үшін алдын-ала қысқа тізім жасалды, оған 4 жоба кірді – Кореядан (KHNP), Қытайдан (CNNC), Ресейден ("Росатом") және Франциядан (EDF).

Ranking.kz атом энергетикасының болашағы туралы талдау жасапты. Портал мәліметіне сәйкес, атом энергетикасын негізінен дамыған елдер пайдаланады. Олардың арасында АЭС арқылы электр энергиясын өндіру үлесі рекордтық 69%-ды құрайтын Франция көш басында. Бельгияда бұл көрсеткіш – 50,8%, Швецияда – 30,8%, Швейцарияда – 28,8%, Оңтүстік Кореяда – 28%, АҚШ-та – 19,6%, Ұлыбританияда – 14,8%, Канада – 14,3%. Ал реактор саны жағынан АҚШ бірінші орында – 92, Францияда – 56, Қытайда – 55, Жапонияда – 21, Канадада – 19 реактор бар.

Атом электр энергиясын өндірудегі 2020 жылғы шағын "корона дағдарысын" есептемегенде, саладағы қарқынды өсу динамикасы 2012 жылдан бері байқалады.

Болашақта атом энергетикасы дамып, электрмен және энергиямен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады деген үміт бар. Өйткені қазіргі уақытта 18 елде жалпы қуаты 57,6 ГВт болатын 56 реактор салынып жатыр. Беларусь, БАӘ, Бангладеш және Түркия сияқты елдер өздерінің алғашқы атом электр станцияларын салуда. Тағы 5 ел (Эстония, Польша, Египет, Сауд Арабиясы және Өзбекстан) алғашқы атом электр станцияларын салу үшін қажетті инфрақұрылымды белсенді дайындау үстінде. Чехия, Болгария, Франция, Венгрия, Аргентина және Бразилия қосымша реакторлар салу жоспары туралы жариялады.

2008-2009 жылдардағы әлемдік қаржы дағдарысы мен 2011 жылы Фукусимадағы атом электр станциясының апаты кезінде атом генерациясы біршама төмендеген болатын. Дегенмен көмірқышқыл шығындыларын азайту бағытындағы әлемдік үрдіс, 2021 жылы Глазгода өткен БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі конференциясында парник газдар шығындысын азайту бойынша қойылған міндеттеме және ұлғайып келе жатқан энергия тапшылығы атом технологияларының белсенді дамуына ықпал етуде.

МАГАТЭ орталық және Шығыс Азия аймағында атом генерациясы артады деген үмітте. Бұл үрдістің негізгі драйвері Қытай болады. ҚХР-дағы алғашқы энергетикалық реактор 1991 жылы салынған. 30 жыл ішінде Қытайдағы реакторлар саны 55-ке жетті, қазір тағы 18 реактор құрылысы салынуда. Дамыған елдер өз кезегінде инновациялық реакторлық технологияларға, соның ішінде шағын модульдік реакторлар құрылысына инвестициялар салу арқылы атом энергетикасын қолдап отыр.

Қазақстанда болашақта электр энергиясы тапшылығы тууы ықтимал және бұл мәселені шешудің жолы ретінде Үкімет атом электр станциясын салуға ниетті. Сонымен қатар электр генерациялаушы жабдықтардың 70%-нан астамы тозған. Ал Қазақстанға көмірсутек көздері арқылы энергия станциясын салу үшін әлем елдері мен ЕО-тан инвестиция тарту қиынға соғуы мүмкін. Сондықтан еліміз үшін өнеркәсіп пен халықты үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз етде атом энергетикасын дамыту және атом станциясын салу – ең қолайлы нұсқа.

Қазақстанда АЭС салу бойынша қазір әлемдік тәжірибені зерттеу үстінде. Атом электр станциялары бар елдер және өздерінің ядролық-энергетикалық бағдарламаларын әзірлеп жатқан елдер тәжірибесі саралануда.

2022 жылғы маусымда қазақстандық делегация Оңтүстік Кореядағы жұмыс істеп тұрған және салынып жатқан атом электр станцияларын аралап көрді. "Қазақстандық атом электр станциялары"  ЖШС мен кореялық Korea Hydro & Nuclear Power арасында өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Биылғы шілде айында қазақстандық мамандар Францияға барып, тәжірибені егжей-тегжейлі зерделеу үшін өнеркәсіптік нысандарды аралап көрді. Сонымен қатар қазақстандық БАҚ өкілдері, сарапшылар және басқа да мүдделі тараптар Түркияда салынып жатқан "Аккую" атом электр станциясын көріп қайтты. Қыркүйекте "General Electric" компаниясының шақыртуымен Венгриядағы "Пакш" атом электр станциясына барды.

Осы сапарлар барысында қазақстандық сарапшылар технологиялық және жобалық шешімдер, қаржыландыру және салынған инвестицны қайтару жолдарын, жобаларды ұйымдаса басқару, нормативті-құқықтық базаны дамыту және кадр даярлаудағы шешімдермен танысып қайтты.

Жалпы әлемдегі атом технологияларын енгізуші алпауыттар тарапынан техникалық-коммерциялық ұсыныстар қабылданды. Нәтижесінде, 5 елдегі  (Корея, Қытай, Ресей, АҚШ, Франция) 6 ірі компаниядан ұсыныс түскен.Ола қуаты мен жасақталуы әралуан 13 түрлі реактор нұсқасын ұсынған. Ұсыныстарды қарау және зерделеу барысында әлеуеті жоғары нұсқалар іріктелді. Еліміздегі алғашқы атом электр станциясын салу бойынша алдын-ала қысқа тізім жасалды, оған 4 жоба кірді – Кореядан (KHNP), Қытайдан (CNNC), Ресейден ("Росатом") және Франциядан (EDF). Қазақстан тарапының сұранысы бойынша төрт вендор техникалық-коммерциялық ұсыныстарын және 2022 жылғы жағдай ұсынылатын жобалардың алдын ала құнын есептеп, нақтылауы тиіс. Вендорды таңдау кезінде әлеуетті үміткерге сенімді әрі қауіпсіз технологияны әзірлеу бойынша ең жоғары талаптар қойылады. Әртүрлі компаниялардың мүмкіндіктері мен әлеуетін ескере отырып, өндірушілер мен мердігерлердің халықаралық пулын жасақтау нұсқасы қарастырылуда. Жалпы қуаты 2,8 ГВт-қа дейін жтетін екі реактор салу жоспарланып отыр.

Атом энергетикасы станция салынған аймақтың экожүйесіне, қоршаған ортаға, ауыл шаруашылығына теріс әсер етпейді. Ел аумағында ауқымды атом электр станциясын пайдалану арқылы көмір мен газдан өндірілетін электр энергиясын алмастырып, ауаға тарайтын көмірқышқыл газының жалпы көлемін орта есеппен жылына 8 млн тоннаға қысқартуға мүмкіндік туады.  

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, АЭС құрылысы жаңа жұмыс орындарын ашып, экономикалық өсімге ықпал етеді. Өйткені АЭС салу кезінде бір жұмыс орны аралас салаларда 10-нан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар атом энергетикасының дамуы ғылыми зерттеулер және жоғары технологиялық өнімдер экспортының көлемін арттыруға ықпал етеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу