Атыраудағы қоғамның назарын өзіне аударған "дәрігерлер ісіне" нүкте қоюға әлі ерте сыңайлы. Бұған дейін оларға қатысты сот үкімі шыққанын жазған болатынбыз.
Кесілген үкімді естіген перинаталдық орталық қызметкерлері онымен келіспейтінін айтып, сол жерде шу шығарды. Ал оларға залдан қосылғандарды қарауыл шығарып жіберіп отырды. Тарап 15 күн ішінде аппелляциялық шағым беруге құқылы.
Үкім шыққаннан кейін, Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі өз сайтында аталған іске байланысты эпизодтарды түгел жариялады. Олар, негізінен, бұған дейін сот процесінде бүге-шігесіне дейін баяндалған жайлар: өлі туылды деген нәрестенің тіршілік нышанын көрсетуі, соған қарамастан тоңазытқышқа салынуы, алдын ала сөз байласу. Ал көп айтыла қоймаған айыптаудың қатарында пара беру эпизодын айтуға болады.
Оған сүйенсек, 2019 жылғы 31 тамызда Нысанбаев алдын ала келісім бойынша куәгер Төлегенмен кездесіп, перинаталды орталықта өлі босанған әйел Ережеповаға қатысты сот-медициналық сараптама қорытындысы бойынша оң шешкені үшін 300000 теңге салынған конверт берген. Алайда Төлеген оны алудан бас тартқан.
Бұдан бөлек, бас дәрігерді пара алды, қызметкерге жалақыны артық аударды деген айыптаулар расталмаған.
Сондай-ақ, әлеуметтік желіде сотта айғақ ретінде қолданылған аудиоайғақтардың таралып кетуі пікірталасты одан әрі өршітіп отыр. Ақ халаттыларды қолдаған, сондай-ақ, ғайбаттаған пікірлер де көптеп айтылуда. Атыраулық дәрігерлер бұған дейін де бұл жағдайдан кейін жұмыс істеу мүмкін болмай кеткенін, беделдеріне үлкен нұқсан келгенін айтып көтерілген еді. Бұл жолы да перзентхана қызметкерлері қалыптасқан ахуалды айтып және сотталған әріптестерінің жазасын жеңілдетуді сұрап, облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Айдарбеков пен облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменовамен, мәслихат депутаттарымен кездесті.
"Осындай өте күрделі жағдайда медицина қызметкерлері қалыпты режимде қызмет етіп, тікелей міндеттерін атқара алмайды. Бұдан кейін, енді жетіліп келе жатқан жас медицина қызметкерлерінің көзінен қандай жалын, қандай от көруге болады? Осының бәрін ескере отырып, мемлекет басшысына, сондай-ақ, дәрігер құқықтарын қорғайтын республикалық қауымдастықтарға, кәсіподақ ұйымдарына өтінішімізді жолдап, әріптестеріміздің жазасын жеңілдетуге шағымданғымыз келеді", – деп мәлімдеді облыстық перинаталдық орталығы директорының міндетін уақытша атқарушы Асқар Кенжеғалиев.
Дәрігерлер сот үкіміне қарсы еместігін, бірақ, жауапқа тартылғандарға берілген жаза тым қатаң деп санайтындарын жеткізді.
"Біз өз ұсыныстарымызды құжат жүзінде дайындап, мемлекет басшысына жеткізуге толық құқымыз бар деп есептейміз. Жазаны жеңілдетуге қатысты шаралар қолдануға болады деген үмітіміз басым. Өйткені үкім тым қатаң. Бұған дейін олар көптеген сәби мен ананы ажал ауызынан арашалап қалды, біраз отбасын бақытқа кенелтті. Болашақта да қоғамға мол пайда әкеледі. Медицина қызметкерлері сот процесі бір жақты өткеніне реніштерін білдіруде", – деді Асқар Кенжеғалиев.
Сол сияқты, ол сот үкімімен келіспеген орталықтың ұжымы жаппай жұмыстан кету жөнінде арыз беріп жатқаны туралы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
Құралай Қуатова
Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!