Атыраудың – Гурьев, Ақтаудың – Шевченко коды өзгеріссіз қалатын болды

2176

Жауапты шенділер барлық жауапкершілікті авиакомпанияларға ысыра салды, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. 

Атыраудың – Гурьев, Ақтаудың – Шевченко коды өзгеріссіз қалатын болды

Халықтың өкпелейтін жөні бар. Билік өзіне керек кезде кез келген заңды, тіпті Ата заңды өзгерте салады, Конституциялық кеңес оның Ата заңға сәйкестігін дәлелдеп береді. Ал халық тілесе, "көнеріп, құрт жеп" қойған заңды қайта көтеріп, шаңын сілкіп, сондағы талап халық талабынан жоғары екенін алға тартады.

Билік мысалы, ел астанасының атын өзгерткісі келді, үш күнде өзгерте салды. Ал ұлтжанды азаматтардың, қалың қазақтың Павлодар, Петропавл сияқты қалалар мен тұтас облыстың орысша атауынан арылуды сұрап келе жатқанына 32 жылдан асты. Билік былқ етер емес. Журналистердің осыған қатысты "қыңқылына" облыс әкімдерінің жауабы бір. Заң бойынша елдімекеннің атауын өзгерту үшін жергілікті халықтың келісімі керек. Ал негізінен орыстілді бұл облыстарда жергілікті тұрғындар атауды ауыстыруды қолдай қоймайды-мыс. 

Тағы бір ұқсас "параллель" келтіруге болады. 2019 жылы Астананың атауын өзгертуді азсынған шенеуніктер енді дереу елорданың халықаралық әуежайының кодын өзгертуге құлшына кірісті. Ал бұл аса күрделі іс. Оны Ата заңды өзгерте салып шеше алмайсың, Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA) барлық рәсімдерін орындауға уақыт керек. Оның үстіне халықаралық бюрократия машинасы тез жүрмейтін оралымсыз екені жасырын емес. Дегенмен арада небәрі бір жылдай ғана уақыт өткенде, пандемияның өршіп тұрған шағына қарамастан, 2020 жылғы маусым айының басында Астананың бас әуе қақпасы NQZ деген жаңа үш әріпті символға ие болды.

Елорданың халықаралық әуежайының бұған дейінгі әріптік коды 1961 жылы тағайындалған және TSE болды. Ол Целиноград деген атаудан шыққан. 1992 жылғы 6 шілдеде азаттықпен бірге оған Ақмола атауы оралды. 1998 жылы Президент жарлығымен Астана аталды. Осы кезеңдерде қала жұртшылығы, ұлтжанды азаматтар кеңестен қалған TSE кодын өзгерту бастамасын көтерумен келді. Жаңа код А әрпінен басталуға тиіс еді. Осыған отыз жылдай уақытта қол жеткізе алмаған азаматтық авиация шенеуніктері экс-президенттің есімі ұлықталған жаңа кодты бір жылда қабылдатқызды.

Сонда еліміздің Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев Қазақстанға бола, IАТА халықаралық ұйымы басты қағидатын өзгертуге мәжбүр болғанын мақтана жеткізген. Оның түсіндіруінше, халықаралық қауымдастықтың қағидаты бойынша әлемдегі әуежайларға код бір рет, мәңгілікке тағайындалады екен. Қазақстан шенділері табандап жүріп, әйтеуір соны өзгертудің жолын тауыпты.

Астана атауының Нұр-Сұлтан деп ауыстыруына қарсы болып жүрген жұртшылық Үкіметтің бұл жетістігіне қуана қоймады. Тіпті қарсылық қайта өршіген. Содан шенділер басу айтып, басқа бір игілікті уәде етті.

"Бұл тек алғашқы қадам ғана. Жұмысты ары қарай жалғастырамыз. Алда Ақтаудың Шевченко атауынан шығарылған SCO кодын, Атыраудың ескі Гурьев атауынан туындаған GUW кодын, сондай-ақ Тараздың Джамбул атауынан түзілген DMB кодын қазіргі аттарына лайықты етіп ауыстыруды жоспарлап отырмыз", – деп уәде етті Азаматтық авиация комитетінің төрағасы.

Осы уәдеге жұбанған халық үмітке иек артты.

Әдетте, ведомствоға жаңа басшы келсе, ол бұрынғы басшылықтың қабылдаған жоба, жоспар, бағдарлама, құжаттарын қоқысқа лақтырады. Ол үшін ешқандай жауапкершілік арқалағысы келмейді. Бірақ сол кезде сөз берген шенеуніктер орнында отыр: авиация саласының кері кеткенін ақпарат құралдары да, сарапшылар да қатаң сынап келе жатқанымен, Талғат Ластаев ИИДМ Азаматтық авиация комитетін 2017 жылдан бері тапжылмай басқарып келеді.

Сондықтан таяуда Атырау мен Ақтау қалаларының тұрғындары осы уәделерін шенеуніктердің есіне салды.

"Қазақстанда кеңестік кодтары сол бойы өзгертілмеген 3 халықаралық әуежай қалды. Осыны есіңізге салғым келеді. Бұлар: Атырау – GUW, Ақтау – SCO, Тараз – DMB. Екі жыл бұрын, Астана әуежайының коды ауыстырылғанда, сіз осы үш әуежайдың мәселесін қолға алуға уәде беріп едіңіз. Неге бұл процесті сөзбұйдаға салып жібердіңіз", – деп сұрады комитет төрағасы Талғат Ластаевтан Атырау тұрғыны Санжар Сабаз.

Әйтпесе, осы қалаларға қатысты авиабилеттерде, отырғызу талондарында, жүктердің биркаларында, сонымен қатар бүкіл әлем бойынша әуежайлардағы ақпараттық таблоларда, бұдан бөлек авиабилеттер сатып алуға, қонақүйлерді брондауға, автокөліктерді жалға алуға және басқасына арналған отандық және шетелдік электронды сервистерде әлі күнге дейін кеңестік кодтар орналастырылады.

Азаматтық авиация комитеті аталған әуежайлардың үш әріпті кодтарын ауыстыру өтініштері қаралғанын хабарлады. Ведомство бүкіл әлемде әуежайларға осы бірегей мекенжай идентификаторларын Қазақстан емес, Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы (ИАТА) тағайындайтынына назар аудартты. 

Бұл істі ИАТА-ның "Мекенжайлар идентификаторлары" атты 763-ші қарары реттейді. Қазіргі кезде дүниежүзінде шамамен 9 мыңдай әуежай коды бар.

Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Салтанат Томпиеваның хабарлауынша, комитеттің сұрауымен, 2022 жылғы 31 наурызда "Қазақстанның авиациялық әкімшілігі" АҚ-ы ИАТА-ға өтініш жолдапты. Онда Қазақстан Атырау, Ақтау және Тараз қалалары әуежайларының үш әріптік кодына өзгеріс енгізуге деген тілегін білдірген. Халықаралық қауымдастық жауап қайырды.

"ИАТА ақпаратына сәйкес, аталған әуежайлардың кодын ауыстыру үшін Қазақстаннан бірқатар іс-әрекеттерді орындау талап етіледі. Біріншіден, ИАТА мүшелері, яғни аталған қалаларға тұрақты рейс орындайтын авиакомпаниялар да ИАТА-ның атына кодты өзгертуге өтініш бағыттауға тиіс. Екіншіден, осы әуежайлардың жазбаша ресми қолдауы қажет. Үшіншіден, жүйеге өзгерістер енгізу үшін авиакомпаниялармен және қызметтер жеткізушілермен бірге өтпелі кезең мерзімін келісіп алу керек", – деп мәлім етті комитет басшысының орынбасары.

Жалпы бұл талаптармен комитет онсыз да таныс. Себебі 2020 жылы Астананың Нұрсұлтан Назарбаев әуежайының кодын NQZ-ға ауыстыра алғандарына сүйінші сұрап, журналистермен кездескен комитет төрағасы Талғат Ластаев сонда IATA-ның жаңа кодтарды тағайындау тәсілдеріне өзгеріс енгізуіне Қазақстанның ықпал ете алғанын әңгімелеген болатын.

Атап айтқанда, ИАТА сонда жаңа қарар қабылдапты, ол бойынша бұдан былай кодты өзгерту үшін басты 2 шарт орындалуға тиіс: біріншіден, мемлекет өтінішпен жүгінуі керек. Екіншіден, сол әуежайға ұшатын IATA-ға мүше авиакомпаниялар келісімін беріп, өтініш білдіруі қажет. Сонда IATA өтінішті қарастыратын болады.

Негізі, бұл екі шартты орындау Үкіметке еш қиындық тудырмайды.

Мысалы, Ақтау халықаралық әуежайына отандық Air Astana, FlyArystan, SCAT, ресейлік "Россия", әзербайжандық Azerbaijan Airlines қана ұшады.

Атыраудың "Хиуаз Доспанова халықаралық әуежайына" Air Astana, FlyArystan, Qazaq Air, SCAT, түріктің Turkish Airlines, ресейлік Azimuth Airlines, Red Wings, "Россия" авиакомпаниялары мен ирандық Qeshm Air ғана рейстерді орындайды.

Тараз халықаралық әуежайына тек қазақстандық SCAT, FlyArystan және ресейлік S7 Airlines сапарлайды. 

Азаматтық авиация комитетінің олармен тез тіл табысуына, тіпті тікелей тапсырма беруіне мүмкіндігі бар. Оларға қарағанда, мысалы, Астанаға ұшатын әуе тасымалдаушыларының әлдеқайда көп. Арасында германиялық Lufthansa, арабтардың Flydubai сияқты жаһандық алпауыттар жетерлік. Үкімет солардың да келісімін ала алған.

Бірақ комитет қазір құлық танытып отырмағандай. Себебі, биылғы көктемде "Қазақстанның авиациялық әкімшілігі" АҚ-ына сұрау жолдаумен шектелген көрінеді.

"Атап өтетін жайт, әуежайлардың үш әріпті кодтарына өзгеріс енгізу процесі ИАТА мүшелерінің біраз шығындалуына әкеледі. Осыған байланысты ИАТА талаптарына және 763-ші қарарға сәйкес, Атырау, Ақтау және Тараз қалаларына тұрақты рейс жасайтын барлық авиакомпания сол әуежайлардың кодтарын өзгертуді сұрап, ресми мәлімдеме бағыттаулары тиіс", – деп сырғытты комитет төрағасының орынбасары С.Томпиева.

"Өзім дегенде өгіз қара күшім бар" дейді халық даналығы. Яғни ұлт мәселесі сынға түскенде сол күш кез келген проблеманы еңсеуге көмектеседі. Ал авиация шенеуніктері жоқ жерден проблема тауып, жалтарудың жолын іздеп әлек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу