Әуе компаниялары қазақстандықтардың құқығын бұзып жатыр

1985

Рейстердің кешігуі қалыпты құбылысқа айналған жоқ па?

Әуе компаниялары қазақстандықтардың құқығын бұзып жатыр Фото: canva.com

Күні кеше сенатор Андрей Лукин әуе рейстерінің жүйелі түрде кешігуі мәселесін көтерді. Ол қазақстандықтардың соңғы екі айда еліміздегі рейстердің жаппай кешігуіне жиі шағымданғанын жеткізді. Әуекомпаниялардың ұшу тәртібін сақтауына қатысты жария рейтингін енгізу ұсынылып отыр.

Жалпы рейстердің кешігуі бізде қалыпты құбылысқа айналып бара жатқан жоқ па? Бұл мәселені қалай шешуге болады? Осы тақырып төңірегінде редакция тілшісі сарапшының пікірін білді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"12 тамызда KS860 Ақтау-Алматы рейсі 13 сағаттан астам уақытқа кешіккен, бірақ авиакомпания жолаушыларға балама рейс немесе түнеп шығатын орын туралы ұсыныс жасамаған. Air Astana әр жолаушыға өтемақы ретінде 2000 теңгелік ваучер беріп, наразылық туындатты. Бүгінгі таңда бұл мәселе маңызды болып отыр және жалғасып келеді. Жоғарыда аталған және басқа да оқиғалар жолаушылар мен авиация саласы өкілдерін қатты алаңдатып отыр", - деді Андрей Лукин өзінің депутаттық сауалында.

Сенатордың жазуынша, техникалық ақаулар, ауа райының қолайсыздығы және әуежай жұмысындағы кемшіліктер де рейстің кешігуіне себеп болып жатады.

"Ұшақ кешіккен кезде қызмет көрсету стандарттарын қатаңдатуды ұсынамын. Ұшақтардың техникалық жағдайын қатаң бақылауды қамтамасыз ету керек. Әуекомпаниялардың ұшу тәртібін сақтау жөнінде жария рейтингін енгізу керек, бұл қызмет көрсету сапасын арттыруды ынталандырады. Жолаушылардың өтемақысын жабу мақсатында авиакомпанияларды рейстердің кешігуінен міндетті түрде сақтандыру енгізу керек. Кешігуге жиі тап болатын жолаушыларға арналған ниеттестік бағдарламасын жасау керек", - деді Сенат депутаты.

Авиация сарапшысы Абыл Кекілбаевтың сөзінше, ұшақтардың кешігіп ұшу мәселесі тек Қазақстанда болып жатқан жағдай емес, бұл негізінен халықаралық жағдайға байланысты.  

"Біріншіден, пандемия кезінде ұшақтарға бөлшектер жасайтын мекемелердің көбі өз жұмысын тоқтатқаннан кейін, логистика жағынан, геосаяси жағдайға, санкцияларға байланысты қауіпті жағдай туындады. Солардың бәрін ескере отырып, қазір уақытылы бөлшектерді тасымалдау мәселесі қатты көтеріліп отыр. Оған қоса ұшақтарды дайындау мерзімі де ұзарып кетті. Сондықтан бүгінгі кезде Қазақстанның ішкі нарығы шамамен 25 пайыз өсуде. Осы өсім мәселесін қамтамасыз ету үшін уақытылы қосымша ұшақтарды сатып алу немесе лизингке алу мәселесі қарастырылып жатыр деп Үкімет мүшелері, әсіресе министрлік айтып жатыр. Бірақ осының бәрі уақытылы болмағандықтан, мысал үшін Нью-Йоркке тікелей ұшатын рейске ұшақ 2025 жылы сатып алынатын болды деп алдында мәлімдесе, қазір ол да 2026 жылы немесе әрі қарай созылып кетуі мүмкін. Осындай сияқты ұшақтардың уақытылы ұшу мәселесі ұшақтардың немесе олардың бөлшектерін уақытылы тасымалдауына байланысты алдын ала болжам жасауға мүмкіндігіміз жоқ", - деді авиация маманы.

Айтуынша, азаматтық авиация саласындағы саясатымызды белгілеп алуымыз қажет. Бұл бағытта құзыретті органдар жұмыс істеуі керек, деп есептейді сарапшы.

"Оған қоса ішкі нарықта немесе халықаралық бағыттарда ұшатын рейстеріміздің сервис сапасын да әрі қарай дамытуымыз керек. Алдыңғы жылдары Мәжіліс депутаттары осы мәселені көтеріп, жолаушылардың құқығын қорғау үшін бірқатар ұсыныс енгізіліп, заңға бекітілген. Алайда оларды әрі қарай күшейту мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл да ішкі нарықтағы бәсекелестіктің жоқтығы, халықаралық бағыттарда "ашық аспан" деп жарияланып отырғанымен, "ашық аспан" екіжақты келісімшарт бар елдермен жұмыс істемейді. Ол да бір кедергі болып отырған секілді", - деді Абыл Кекілбаев.

Бұдан бөлек сенаторлар ұшақ кешіккен кезде қызмет көрсету стандарттарын қатаңдатуды ұсынды. Сарапшы осы мәселеге қатысты да пікір білдірді.

"Бәрімізге мәлім, ішкі нарығымызда үлкен Air Astana тобы мен оған бағынбайтын Scat, Qazaq Air сияқты әуекомпаниялары бар. Ашығын айтқанда, Qazaq Air-дің ұшақтары алыс жақтарға ұша алмайды, себебі олар кішкентай өңірлік ұшақтар. Вьетнам инвесторлары сатып алғанымен де, келісімшартқа әртүрлі кедергілер болып жатыр. Оған геосаясат та өзінің әсерін тигізуде. Scat әуекомпаниясы өздерінің даму моделі бойынша көбінесе туристік бағыттарда жұмыс істеуге тырысып жүр. Көптеген жыл бойы Air Astana тобының ықпалы мықты болғаннан соң біздің заңнамалардың көбінде оларды қорғайтын қағидалар көп. Оларды қайта қарастырып, соларды жою керек деп ойлаймын. Осы бағытта депутаттарымыз қарқынды жұмыс істеп жатыр", - деп атап өтті спикер.

Бәсеке жоқ, ұшақ билеті қымбат

Авиация сарапшысы авиация тек қана ұшақтар емес екенін, әуежайлардың инфрақұрылымдық жағдайы да сай болуы тиіс екенін баса айтты. Оның сөзінше, қазір әуежайлардың көбіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізетін уақыт келді.

"Ұшу қауіпсіздігіне әсер ететін әуежайлар мен әуекомпаниялардан басқа, мамандар дайындау мәселесін де қолға алуымыз керек. Елімізде бір оқу орны жұмыс істейді. Соңғы жиырма жыл ішінде мамандардың жоқтығы осыған әсер етіп, мамандар даярлау мәселесі де қолға алынып жатыр. Бұл бағытта да көп жұмыс жасалады деп сенімдіміз", - деді ол.

Абыл Кекілбаев бәсекелестік жоқ болғандықтан, елде әуе билеттерінің құны жоғары екенін жеткізді.

"Жақында ғана Qazaq Air компаниясы Вьетнам инвесторларымен бірігіп, өзіне қосымша ұшақтар алатынын мәлімдеді. Олар нарыққа кірген жағдайда бұл бағытта бәсекелестік болады деп ойлаймын. Меніңше, оның арқасында жоғары билет құны түсуі керек. Нарықтық механизмдер жұмыс істеуі керек. Үкімет 2012 жылы билет құнын реттеуден бас тартты. Сондықтан бұл жерде тек қана нарықтық механизмдер жұмыс істеп отыр. Әуежайлардың тарифтерін реттеу болғанымен, ол тарифтер өте төмен болғандықтан, әуежайлар өздерінің инфрақұрылымдық дамуына инвестиция тарта алмай отыр. Бұл да ұшу қауіпсіздігіне әсер етіп отыр. Осы бағыттан алғанда ұшақ билеттеріне ол да әсер етуі мүмкін. Бірақ әуежайдың тарифтері біздің ұшақ билеттерінде 5-10 пайызға дейін жетпейді. Біздің әуекомпаниялар әуежайлардың тарифтерін көтергізбеуге тырысып жатыр, бірақ соңғы 20 жылда тарифтердің өспеуіне байланысты инфрақұрылымдық жағдай да нашарлап кетті. Билеттер нарықтық механизмдермен реттеліп жатқан жағдайда бәсекелестік қажет", - деді авиация сарапшысы Абыл Кекілбаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу