Ауғанстан: "Талибанмен" өткен 2 жыл

1146

Жаһандық сахнадан аластатылса да, тәліптер аймақ елдерімен өзінше байланыс орнатып, экономиканы сақтап, апиын өндірісін жойып жатыр. 

Ауғанстан: "Талибанмен" өткен 2 жыл Фото: bangkokbook.ru

"Талибанның" Ауғанстан билігіне қайта келгеніне екі жыл толды. Радикалдық қозғалыс бұл мемлекетті 2021 жылы тамызда, яғни АҚШ пен НАТО күштері жиырма жылға созылған соғыстан кейін елден кеткенде басып алды.

Тәліптер басшылыққа ораларда айтарлықтай қарсылыққа тап болмады. Олар өздерінің идеологиялық тұрғыдан қайсар лидерінің соңына еріп, ішкі алауыздыққа жол бермеді. Олар халықаралық қауымдастық ресми мойындаудан бас тартса да, аймақтың бай елдерімен инвестициялық келіссөздер жүргізу арқылы қиындыққа душар болған экономиканы сақтап қалды. Сонымен қатар, "Талибан" үкіметі "Ислам мемлекеті" сияқты қарулы топтармен аяусыз күрес жүргізіп, ішкі қауіпсіздікті жақсартты және сыбайлас жемқорлық пен апиын өндірісіне тойтарыс беріп жатқандарын айтады.

Фото: bangkokbook.ru

Бірақ тәліптер осы екі жылда ауған қыздары мен әйелдерінің саябақтарға, спортзалдарға, университеттерге баруына, үкіметтік емес топтар мен Біріккен Ұлттар Ұйымында жұмыс істеуіне тыйым салды. Бұл үкімдер қыз-келіншектер хиджабты дұрыс тақпады немесе жыныстық бөліну ережелерін бұзды деген желеумен шығарылып отыр. Тағы бір айта кететін жайт – "Талибан" өз билігінің алғашқы жылында қыз балалардың алтыншы сыныптан әрі қарай білім алуына тосқауыл қойғаны белгілі.

Тәліптер билігі және олар Ауғанстанды қайда бастап барады? Бұл сауалдарға жауаптардың қысқаша сипаты төмендегідей:

Неге әйелдер жоғары білімнен, жұмыстардың көбінен және қоғамдық орындардан шеттетілді?

"Талибан" Ауғанстанда ислам немесе шариғат заңдарын енгізуге бекінгенін мәлімдеп келеді. Бұл өзгеріс шетелдік немесе зайырлы деп есептелетін әрекеттерге, мысалы, әйелдердің жұмыс істеуіне, оқуына мүмкіндік қалдырмады. Тәліптер осынау радикалдық бағытты 1990-шы жылдардың аяғында Ауғанстанды алғаш рет басып алғанда ұстанды. Сол саясат 2021 жылдың 15 тамызында "Талибан" басшылық тізгінін қайта қолға алғаннан кейін жалғасын тауып отыр.

Фото: themedialine.org

"Талибанның" рухани көсемі Хибатулла Ахунзада болса, бұл өзгерістерді жоғары бағалап, шетелдік әскерлер кетіп, хиджаб кию міндетті болғаннан кейін, ауған әйелдерінің өмірі жақсарғанын айтады.

Бұл тыйымдарға қандай жауап берілді?

Шетелдік үкіметтер, адам құқығын қорғау топтары және жаһандық органдар бұл шектеулерді әрине айыптады. БҰҰ өкілдерінің айтуынша, тәліптердің тыйымдары "Талибанды" Ауғанстанның заңды үкіметі ретінде халықаралық тұрғыдан мойындауға үлкен кедергі жасап отыр және де сол мойындаудың жоқтығынан Кабулге шетелдік көмек сиреді. Өйткені ірі донорлар ақшасының "Талибанның" қолына түсуінен қорқып, гуманитарлық жобаларды қаржыландыруды тоқтатқан.

Бұның бәрінен қаражат тапшылығы  туындап, ол проблема ең алдымен қарапайым халыққа ауыр тиіп, көп адамдар кедейшілікке ұшырап жатыр.

Ауғанстанның қазіргі жағдайы қандай?

Бұрынғы Батыс қолдаған Ауғанстан үкіметі бюджетінің 80%-ға жуығы халықаралық қауымдастықтан келген. Сол ақша негізінен ауруханаларды, мектептерді, зауыттарды және министрліктерді қаржыландыруға жұмсалды. Бірақ "Талибан" үкіметке оралғаннан кейін, бұл көмектің көлемі мүлде қысқарды. 

COVID-19 пандемиясы, медициналық қызмет тапшылығы, климаттың өзгеруі және дұрыс тамақтанбау ауғандықтардың өмірін одан сайын қиындатып жіберді.

Фото: bangkokbook.ru

Сонымен қатар, Ауғанстан үшінші жыл қатарынан қуаңшылықтан, отбасылар кірісінің азаюынан, халықаралық банктік шектеулер проблемаларынан зардап шегіп отыр. Бұған қоса, Ауғанстан ондаған жылдарға созылған соғыстар мен табиғи апаттардың залалдарынан әлі ес жия қойған жоқ.

Экономиканың халі нешік?

Дүниежүзілік банк өткен айда ұлттық төлем бірлігі "ауғанидің" әлемнің негізгі валюталарына қатысты құны өскенін хабарлады. Енді клиенттер 2021 жылдың тамызына дейін салған жеке салымдарынан көбірек ақша ала алады.  Мемлекеттік қызметкерлердің көпшілігіне жалақы төлене бастаған. Бұған қоса, Дүниежүзілік банк  Ауғанстан бюджетіндегі кірісті "сау" деп сипаттап, сұраныс төмен болғанымен, негізгі тауарлардың көпшілігі қолжетімді екенін атап өтті.

Талибандар аймақтағы елдермен, соның ішінде Қытаймен, Қазақстанмен инвестициялық келіссөздер жүргізді. Сонымен қатар, олар ауғандықтардың азабын жеңілдету үшін санкцияларды алып тастауды, бұғатталған миллиардтаған долларды босатуды талап етіп отыр. Бірақ халықаралық қауымдастық тәліптер белгілі бір әрекеттерден бас тартқанда, соның ішінде әйелдер мен қыздарға қатысты шектеулерді жойғанда ғана бұл талаптарды орындауы мүмкін.

"Талибан" бағытының өзгеруі қаншалықты ықтимал?

Бұл негізінен "Талибан" жетекшісі Ахунзадаға байланысты. Оның жанында пікірлестері, үкімет министрлері, ислам ғұламалары бар. Әйелдер мен қыздарға қатысты жарлықтар дәл осы Ахунзаданың бұйрығымен қабылданды. Оның шариғат тілінде рәсімделген қаулылары - абсолютті. Демек, Ахунзада бұйырған жағдайда ғана аталған тыйымдар жойылады. Кейбір тәліп қайраткерлері әмірдің шешім қабылдау тәсіліне қарсы шығып, әйелдер мен қыздарға байланысты тыйымдармен келіспейтіндерін білдірді. Бірақ "Талибанның" бас өкілі Забихулла Муджахид бұл жайлы хабар-ошарларды үнемі насихат деп сипаттап келеді.

 "Тәліптер сәттілігінің сыры - олардың бірлігінде. Егер біреу-міреу өз пікірін немесе ойын білдірсе, бұл сол адамның басшылыққа қарсы екенін немесе басқа тарапқа өткенін білдірмейді. Келiспеушiлiктер әмiрдiң (Ахундзада) алдында шешіледi. Ахунзаданың айтқаны - заң", – дейді 1990 жылдары "Талибанның" Пәкістандағы өкілі қызметін атқарған және бірнеше жылын атышулы Гуантанамо (Куба) түрмесінде өткізген Абдул Салам Заиф АР агенттігіне берген сұхбатында.

Халықаралық тану ше?

Көмек беру ұйымдары өкілдерінің айтуынша, "Талибан" халықаралық мойындауды келіссөздердің емес, құқықтың ісі деп санайды. Ал кейбір сарапшылар тәліптердің Қытай, Ресей сияқты қуатты мемлекеттермен жоғары деңгейдегі кездесулер өткізуін "Талибанның" екіжақты қатынастарды өзінше құрып жатқанының белгісі деп біледі.

Тағы бір айта кететін жайт - Қатар премьер-министрі Ахунзадамен маусым айында Ауғанстанның оңтүстік-батысындағы Қандағар қаласында кездесті. Бұл – ауған үкіметінің ең жоғары өкілінің шетелдік лидермен көпшілікке мәлім болған алғашқы жүздесуі.

"Талибан" жаһандық сахнадан аластатылса да, өзге елдермен байланыстарды қалыпқа келтіру үшін өзара әрекеттестік пен келісімдерге қол жеткізуге күш салып жатыр. "Талибанмен" есірткі, босқындар және лаңкестікке қарсы күрес мәселелері бойынша ынтымақтастық бүкіл әлем, соның ішінде Батыс үшін де маңызды. Ал Қытай, Ресей және көршілес Пәкістан сияқты мемлекеттер Ауғанстан билігінің санкциялардан босатылғанын қалап отыр.

"Аймақтағы бірде-бір ел Ауғанстанды өз бақылауына алуды ойламайды. Ал тәліп шенеуніктерінің шетелге шығуына олардың қара тізімге ілігуі үлкен кедергі. Мұндай жағдайда өзге әлеммен тіл табысу қиын", - дейді Заиф.

"Талибанға" оппозиция бар ма?

Фото: bangkokbook.ru

"Талибанды" құлатуға жеткілікті және ішкі-сыртқы қолдауға ие қарулы немесе саяси оппозиция жоқ. Кабулдың солтүстігіндегі Панджшер алқабында тәліптер билігіне қарсы тұрған жауынгерлік отрядтар аяусыз күшпен таратылып жатыр. Ал қоғамдық наразылықтар сирек кездеседі.

"Ислам мемлекеті" екі министрлікке және өзге де нысандарға жойқын соққы берді. Бірақ оған "Талибанға" ірі шабуылдар жасау үшін жауынгер, ақша және басқа да ресурстар жетіспей отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу