Аукцион: Мұнай кеніштерін игеретін компаниялардың тізімі жарияланды

6507

Энергетика министрлігі көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын алуға арналған электрондық  аукционның  ақтық қорытындысын жариялады. 

Аукцион: Мұнай кеніштерін игеретін компаниялардың тізімі жарияланды

Бұған дейін хабарлағанымыздай, 23 сәуір күні Энергетика министрлігі 8 бірдей көмірсутек кенішін пайдалану құқығын беретін екінші электрондық аукцион өткізген болатын. 7 сағатқа созылған аукцион нәтижесінде саудаға қойылған 8 учаске де бастапқы бағасынан бірнеше есе қымбатқа сатылды. Тек Ақтөбе облысындағы Жаңатаң кен орны  бастапқы бағасынан 3 мың теңге ғана қымбатқа  (82 850 000) сатылды. Ең қымбатқа сатылған учаске де Ақтөбе облысында.  Ауданы 3,79 шаршы шақырым болатын Қаратөбе кен орнын барлауға  өндіру кезеңмен қосқанда  25 жыл беріліп отыр. Нысанның аукциондағы бастапқы бағасы 492 183 942 деп белгіленген болатын. Аукцион аяғында 3 965 863 262.72 теңге болып тоқтады.

Энергетика министрлігінің ресми сайтында аталмыш кеніштерді барлауға және игеруге мүмкіндік алған компаниялардың атын жарияланды.

Сонымен Қарағанды, Қызылорда облыстарының аумағында жатқан Құмкөл жанындағы учаскеде барлау және өндіру жұмыстарын (203084) -  "Құмкөл Ойл" ЖШС-і жүргізетін болды.

Ал Ақтөбе облысындағы Қаратөбе кен орнында көмірсутектерді өндіруге (203085) -  "IC Petroleum" ЖШС кіріспек.

Атырау облысындағы Биікжал кен орнындағы көмірсутектерді барлау және өндіру жобасын (203087) - "KhamAd partners" ЖШС іске асырады.

Атырау облысындағы Оңтүстік Қасқырбұлақ кен орнындағы көмірсутектерді барлау және өндіру жұмыстарын (203088) -  "Petrocraft" ЖШС жүргізуге мүмкіндік алды.

Ақтөбе облысындағы Жаңатаң кен орнындағы көмірсутектерді барлау және өндіру құқығын тағы да (203090) -  "Petrocraft" ЖШС жеңіп алды.

Ақтөбе облысындағы Жақсымай кен орнындағы көмірсутектерді өндіру құқығы (203092)  -  "Wings Oil" /Вингс Ойл/ ЖШС-іне берілді.

Ақтөбе облысындағы Көпбұлақ учаскесіндегі көмірсутектерді барлау және өндіру жобасы (203094)  -  High Tech Solutions Ltd. жеке компаниясының еншісінде кетті.

Ақтөбе облысындағы Шатырлысай учаскесіндегі көмірсутектерді барлау және өндіру жұмыстарын (203095) -  "BSG OIL" ЖШС іске асыратын болды.

Аталмыш кеніштердің қандай бағаға сатылғанын мына кестеде көруге болады.

Энергетика министрлігі аукцион нәтижесі жерге меншік құқығын бермейтінін, тек жер қойнауын пайдалану құқығын ғана ұсынатынын ескертіп отыр.   Енді жеңімпаз болған компаниялар жер қойнауын пайдалану құқығын алған инвестор жергілікті атқарушы органмен жерді жалдау туралы шартқа  қол қояды. Жобалау құжатын әзірлеу алдында әрбір жер қойнауын пайдаланушы жергілікті тұрғындардың қатысуымен қоғамдық тыңдаулар өткізуге міндетті.

Есжан Ботақара


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу