Ауыл әкімдерін тікелей сайлау рәсімін қалай жетілдіруге болады?

3837

Биыл тамызда аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерінің алғашқы тікелей сайлауы өтті. Сайлау 800-ден астам әкімге немесе 2021 жылы өкілеттігі аяқталған әкімдердің жалпы санының үштен біріне қатысты болды. 

Ауыл әкімдерін тікелей сайлау рәсімін қалай жетілдіруге болады?

Бұл сайлау ауылдардағы өмірді жақсы жаққа өзгерте алатын адамдардың орнына келуі үшін алдағы уақытта қандай жұмыс жүргізу керектігін көрсетті.

Естеріңізге сала кетейік, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында сол кеңестің мүшесі Александр Данилов егжей-тегжейлі тоқталды.

"Бұл – біздің елде демократиялық институттарды дамыту үшін жасалған үлкен қадам. Мамырдан бастап кеңес мүшелері өңірлерге сапарлап шықты. Сапарларда сайлау процесін дайындау мен өткізу барысын талдау үшін қажетті ақпарат жиналды. Марат Шибутовтың басшылығымен аталмыш кеңес және Президенттің жастар кадрлық резерві мүшелерінен бірлескен зерттеу тобы құрылды. Құрамында Индира Рыстина, Айбек Күмісбеков, Мейір Алпысов, Станислав Каримов, Азиз Искаков және мен болдым. Қазан айында біз Шығыс Қазақстан, Түркістан, Павлодар және Қостанай облыстарының 12 ауылдық округінде болып, процестің барлық қатысушыларымен, жеңіске жеткен және ұтылған кандидаттармен, аудан әкімдерімен, партия өкілдерімен және бақылаушылармен кездесулер ұйымдастырылды. Біз кездескен ауыл тұрғындары ауыл әкімдерін сайлауға көшуді қолдайды", – деді Данилов.

Ол ауыл тұрғындары айтқан "дәстүрлі" проблемаларды атап өтті. Олардың ішінде жолдардың жағдайы, сумен жабдықтау, абаттандыру, жастардың кетуі, көлік қатынасы, бағаның өсуі, интернет пен коммуникацияның болмауы бар. Бұл проблемалар шешілсе, ауылдар одан әрі дамиды деп есептейді халық. 

Жалпы Александр Даниловтың айтуынша, осы кездесулердің негізінде сайлау процесін жетілдіруге арналған ұсыныстар анықталды. 

Бірінші, кандидаттардың білім беру цензін орта арнаулы деңгейге дейін төмендету, сондай-ақ жұмыс тәжірибесінің болуына қойылатын талаптарды жеңілдету.

Екінші, ауылдық сайлауды ретке келтіру, мысалы, сайлау қорларын үгіттеу мерзімдерін түзету, бірыңғай дауыс беру күндерін енгізу. Жергілікті мемлекеттік органдардың әлеуметтік желілердегі, ауылдық чаттардағы және смс-жіберілімдердегі жергілікті пабликтерді пайдалана отырып, жергілікті халықты және саяси партияларды өткізілетін сайлауды хабардар ету жөніндегі жұмысын жандандыру қажет. 

Үшінші, белгілі бір кедергіні еңсерген кезде өзін-өзі ұсынған адамдар үшін тіркеу жарнасының сомасын ішінара немесе толық қайтару бойынша норманы енгізу. Ауыл тұрғындары үшін 60 мың теңге сомасы біршама жоғары болып табылатынын ескере отырып, нәтижеге қол жеткізген кезде жарнаны кепілді қайтару арқылы сайлауға қатысуды неғұрлым тартымды және азаматтар үшін қолжетімді ете аламыз. 

Төртінші, кандидаттар арасында пікірталастар өткізу үшін аудандық әкімдіктердің аккаунттары базасында әлеуметтік желілерде гибридті алаңдар ұйымдастыру.

Отырыс барысында Президент үгіт-насихат науқанының кезеңін ұлғайту және сайлау науқандарын қаржыландыруда сараланған тәсілді қолдану мәселесін қарауды ұсынды. Президент егер солтүстік өңірлердің халық аз қоныстанған ауылдарында қазіргі қаражат көлемі үгіт-насихат шығындарын жабуға жеткілікті болса, онда халықтың тығыздығы жоғары оңтүстікте бұл жеткіліксіз деп санайды . 

Александр Даниловтың айтуынша, бұл үгіт-насихат жұмыстарының сапасын арттыру үшін өте маңызды шара. Қазір нормалар талқыланатын болады. Дауыс берушілер саны негізінде жан басына қаржыландыру сияқты, өзге де тәсілдер бар. Тұтастай алғанда, бұл тәсіл кандидаттар үшін де, халық үшін де сайлаудың тартымдылығын арттырады. Осылайша, қоғамдық белсенділерді де көбірек тартуға болады.

Айта кетейік, келесі жылы сайлауға шамамен 351 әкім қатысады. 2023 жылы – 499, 2024 жылы – 585, 2025 жылы 74 әкім қатысады. 

Мира Мейрамова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу