Ауыл жұртына арзан несие түрінде 100 миллиард теңге үлестірілмек

2095

Халық Үкіметтен 25 миллион теңгеден астам қаржыны өте арзан несиеге ала алады.

Ауыл жұртына арзан несие түрінде 100 миллиард теңге үлестірілмек Фото: fotokonkurs.ru

Кез кеген қарыз қара халықты борыш батпағына батырып, тұрмысын құлдыратуы мүмкін.

Бірақ бүкіл дамыған әлемде несиелендіру елді және экономиканы дамытудың басты бір құралы болып табылады. Капитализм одан жақсыны әзірге ойлап тапқан жоқ. Тек кредиттің сыйақы ставкасы мейлінше арзан болса, жөн.

Сондықтан бұқараның өмір сапасын арттыру үшін Қазақстан Үкіметі кезекті рет осы тетіктің көмегіне жүгінді. Бұл "Ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі жобаны масштабтау" бағдарламасы аясында қолға алынып отыр.

Оған сәйкес, биылғы жылғы бірінші тоқсаннан бастап, ауылда тұратын қазақстандықтарда тиімді шарттармен шағын несие, яғни микрозаем алу мүмкіндігі пайда болды. Бұл қарыз тек қана ауылдық елді мекендер мен шағын қалалардың тұрғындарына төл бизнесін ашуына немесе жұмыс істеп тұрған бизнесті кеңейтуге беріледі.

Шарттары тартымды көрінеді:

  • Кредит сыйақысының номиналды ставкасы жылдық 2,5%-ды құрайды;
  • Несие 7 жылдан аспайтын мерзімге беріледі;
  • Кепілмен қамтамасыз ету қажет;
  • Несиенің ең жоғары сомасы – 2,5 мың АЕК немесе биыл шамамен 7,9 миллион теңге;
  • Ірі кооперацияны дамыту үшін – 8 мың АЕК немесе шамамен 25,4 миллион теңге арзан несие алуға болады.

Айтпақшы, операторлар кіріссіз қалмайды: бюджеттік кредит су тегінге, 0,01%-бен ұсынылады. Оны оператор 2,5%-бен үлестіреді.

Бұл жобаның жергілікті операторы кім болатынын, яғни жеңілдетілген несие қаражатын қандай ұйым тарататынын әр әкімдік өзі шешеді. Мысалы, жергілікті танымал микроқаржы ұйымы немесе әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация арқылы үлестіре алады. Бірақ операторды таңдау үшін тендер жариялауға тиіс: талап бойынша әкімдіктер оны мемлекеттік сатып алуды өткізу арқылы айқындайды.

Үкімет елге нені масштабтамақ?

Бағдарлама атауындағы "масштабтау" деген анықтауыш назар аудартады. Себебі, ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі пилоттық жоба алғаш рет, 2019 жылы Жамбыл облысында басталды. Кейін оның жемістері мен қомақты қорытындыларын сол кездегі аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев Қ.Тоқаевқа таныстырыпты. Бұл Президентке ұнаған көрінеді. Содан былтыр Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында өңірлік бағдарламаны республикалыққа айналдырып, бүкіл Қазақстан бойынша кең таратуды тапсырды.

Содан 2023 жылы аталған республикалық жобаны іске асыру үшін ел бюджетінен 52 млрд 396,9 млн теңге бөлінді. Бұл шамамен жалпы саны 11 мыңнан астам шағын қарыз беруге жетеді.

Дегенмен енді Ауыл шаруашылығы министрлігі осыған қатысты Үкіметтің жаңа қаулысының жобасын әзірлеп шықты. Құжат "2023 жылға ауыл халқының кірістерін арттыру жөніндегі жобаны ауқымды түрде қолдану үшін ауыл халқына микрокредиттер беруге облыстық бюджеттерге кредит берудің негізгі шарттарын бекіту туралы" деп аталады. Жаңа қаулы бұған дейінгі соманы екі есеге жуық арттырады.

"Облыстардың жергілікті атқарушы органдарына 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заңын іске асыру туралы" Үкіметтің 2022 жылғы 6 желтоқсандағы №987 қаулысында көзделген ауыл халқының кірістерін арттыру жөніндегі жобаны ауқымды түрде қолдану үшін 2023 жылға 100 000 000 000 (жүз миллиард) теңге сомасында кредиттер қарыз алушыларға ауыл халқына микрокредиттер беруге облыстық бюджеттерге кредит беруге 10 жыл мерзімге 0,01% сыйақы мөлшерлемесімен беріледі", – делінген жаңа жобада.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің түсіндіруінше, 2022 жылғы 1 желтоқсандағы "2023–2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заңында "Ауыл халқының кірістерін арттыру жөніндегі жобаны ауқымды түрде қолдану үшін ауыл халқына микрокредиттер беруге облыстық бюджеттерге кредит беру" атты 014-ші бюджеттік бағдарламасына 52 396 965 000 теңге қаражат көзделген болатын.

"Дегенмен 2023 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау мақсатында биылғы 28 наурызда "2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заңына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" заңы қабылданды. Оған сәйкес, аталған бюджеттік бағдарламаға 47 603 035 000 сомасында қосымша қаражат бөлінді. Қорытындысында, осы бюджеттік бағдарлама бойынша 2023 жылы 100 000 000 000 (жүз миллиард) теңге сомасында қаражат көзделіп отыр. Осыған байланысты бағдарламаны одан әрі іске асыру үшін Үкімет қаулысына тиісті өзгерістер енгізу қажет", – деп хабарлады ауыл шаруашылығы ведомствосы.

Жалпы бұл бағдарлама 2022 жылы "Ауыл аманаты" деген жаңа, бейресми атау алды. Ресми құжаттарда оның ұзын атауы жазылады.

Оның аясында егер өзге облыстар арзан кредит таратуға енді ғана кірісіп жатса, ал Жамбыл облысында "Тараз" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы несиені өтеген борышкерлерден қайтқан қаржыны жаңа өтінімдерді несиелендіруге бағыттап та жатыр. Мысалы, 2021–2022 жылдары 1,09 млрд теңгеге 253 өтінім қаржыландырылыпты. Бұл жеңіл кредиттер Жамбыл ауданының Өрнек, Байзақ ауданының Үлгілі және Жуалы ауданының Ақсай ауылдары тұрғындарының еншісіне тиді.

"Тараз" ӘКК басқарма төрағасы Дәулет Әбілқайыров хабарлағандай, жалпы алғанда, 2023 жылы Жамбыл облысында, жоба аясында 10 ауданның 10 ауылының тұрғындары соның игілігін көре алады. Олардың арасында Жамбыл, Байзақ, Жуалы, Қордай, Мерке, Мойынқұм, Шу, Т.Рысқұлов, Сарысу, Талас аудандарынан таңдалған 10 ауыл бар. Бұл мақсатта 6 миллиардтан астам қаржы бөлінді. Алда бұл сома артады деп күтілуде.

Былтырдан бері өңірде 200-ден астам адам арзан несие ұсынатын келісімге қол қойды. 1,5 мыңдай өтініш қаралып жатқаны айтылды. Әрине, қаржы неғұрлым көп бөлінсе, соғұрлым көп жоба қаржыландырылар еді. Соның арқасында әр ауылдық округте сүт, ет және көкөніс өнімдерін өндіру жолға қойылып, жаңа кәсіпорындар ашылып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласы өрістер еді.

Жамбыл облысының Жалғызтөбе ауылының тұрғыны Қайрат Асанбаев мемлекет ұсынып отырған мүмкіндікті пайдалануға шешім қабылдапты. Ол бизнеспен айналысуды, соның ішінде мал шаруашылығынан нәпақа табуды көптен ойластырып жүрген екен. Енді жылқы өсіруге 2,5 пайыздық ставкамен 7,5 миллион теңге несие алған. Банктер өніміне қарағанда мемлекеттің ұсынған қарызын әлдеқайда тиімді санайды.

Арзан несие алудың талаптары қандай?

"Ауыл аманаты" жобасына өтінім берушілерге келесідей негізгі талаптар қойылады: 

  • Өтінім берушілер ауыл тұрғыны болуға, мекенжайлық кітаптағы тіркеуде кем дегенде 6 айдан артық тұруға тиіс. Бірақ ауылда тұратын азаматтардың жақын туысы болса да жеткілікті;
  • Қарыз алушының немесе кепіл берушінің қолданыстағы төлеу мерзімі өтіп кеткен берешегі болмауға тиіс;
  • Қарыз алушының жасы 18-ден зейнеткерлік жасқа дейінгі аралықты құрауы шарт.
  • Несие алушы жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі керек;
  • Мемлекеттік кірістер органдары алдында салық берешегі болмауы қажет;
  • Несиені кепілзатпен: жеке үйімен, пәтерімен, коммерциялық мүлкімен қамтамасыз етуге міндетті;
  • Несиенің кепілзат нысаны сақтандырылуы қажет;
  • Ауыл шаруашылығын жүргізу үшін қажетті жағдайлары, мысалы, жер телімі, қорасы, ауыл шаруашылығы ғимаратының және басқасының болуы талап етіледі;
  • ӘКК-мен бірлестікте құрылған немесе басқа ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне мүшелікке кіруі қажет;
  • Қаржыландырылған жоба аясында өндірілген өнімін ауыл шауашылығы кооперативіне өткізуі шарт. 

Д.Әбілқайыровтың түсіндіруінше, жобалық кредитті алу кезінде өз ісін ашуға үміттенген өтінім иесінен бизнес-жоспар да талап етіледі. Алайда егер өтінім беруші мал шаруашылығына несие алуды қаласа, онда бизнес-жоспар сұралмайды.

Кредитке өтінімдерді қарау барысында жұмыссыздарға басымдық берілетін көрінеді.

Негізі, Үкіметтің бұл бағдарламаға арналған қаражатты арттырғаны орынды. Әлеуметтік желіде өз өтінім-жобасына арзан несие жетпей қала ма деп алаңдап, күйіп-піскен адамдардың пікірі жетерлік. Олар әкімдер әдеттегідей, бюджет қаржысын туыс-туған, тамыр-таныс арасында жасырын үлестіріп барып, былайғы жұртқа тек ақырғы қорытындысын, яғни қанша жобаға үлестіргені туралы жалпылама ақпаратты ғана жариялайды деп сынап жатыр.

Бұл ретте облыс, аудан әкімдерінің сайттарынан "Ауыл аманаты" жобасы аясында өтініштерді қабылдаудың басталғаны туралы хабарландыруды табу қиын. Демек, жобаға ашықтық, жариялылық жетіспейтіні байқалады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу