Ауылдағы ағайын мал азығын жеткізе алмай әлек

3590

Ал жергілікті биліктің қаржы бөлер ниеті жоқ. 

Ауылдағы ағайын мал азығын жеткізе алмай әлек

Павлодар облысындағы Баскөл ауылының тұрғындары соңғы 20 жыл бойы шабылған шөпті қораларына таси алмай әуре-сарсаңға түседі. Мәселенің барлығы жылжымалы көпірге тіреліп отыр, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Май ауданы Баскөл ауылының тұрғындары үшін қорадағы төрт түлігін жем-шөппен қамту - оңай шаруа емес. Себебі Ертіс өзені арнасының ар жағындағы тоғайға өтетін өткел жоқ. Қ.Сәтбаев атындағы су арнасы қоятын жылжымалы көпірдің әбден тозығы жеткен.

Соның салдарынан шөп тасып жүрген талай трактор суға кетті. Тіпті, адам өлімі тіркелген екен. Алайда мұндай жайттардың барлығы жергілікті биліктің назарын аудартар емес.

Сондықтан ауылдықтар 20 жыл бойы әупірімдеп келеді. Бұл қиындықтан әбден шаршаған кейбір ауылдықтар мал ұстауды қойып, ет пен сүтті дүкеннен сатып алуға көшті. Ал шағын шаруашылығы бар азаматтарға жыл сайын түйткілмен күресуге тура келеді. Канал басшылығы паром қойса, шаруалар сағаттап кезек күтіп, тіркемелерді өзен арнасының бер жағына шығарып алудың амалын жасайды. Паром арқылы бір ғана трактор өте алатындықтан, ұзақ уақыт күтуден басқа амал жоқ. Ал канал басшылығы апаттық жағдайда тұрған паромды орнатудан бас тартса, ауылдағы ағайынның күні босқа кетеді.

Айтпақшы, Қ.Сәтбаев каналының паромы арқылы өзен арнасының келесі жағасына тегін өте алмайсыз. Бір өткенің - 1000 теңге. Енді есептей беріңіз. Тұрғындар дизельді отын, трактордың саймандарынан бөлек, "жол ақысына" да қомақты қаржы төлеуі керек. Дәлірек айтқанда, айына 30 мың теңге!

Ауыл тұрғыны Амангелді Кенжеғалиннің сөзінше, адамдар билікке қарап, қол қусырып отырған жоқ. Былтыр белсенді азаматтар бас қосып, Семейдің Курчатов қаласынан 12 жылжымалы көпір сатып алады. Әрқайсысы 350 мың теңге тұрады. Жеткізу қызметіне тағы 200 мың теңге жұмсады. Бірақ бұл көпірді әлі күнге дейін орнату мүмкін болмай тұр.

"Құрал-жабдықтарды өз қаржымызға сатып алдық. Бірақ оларды орнату үшін арнайы крандар, мамандар мен рұқсатқағаздар керек. Бұл істе әкімдік қол ұшын созса екен дейміз",– дейді ауыл тұрғыны.

Десе де, аудандық әкімдік барлығына тұрғындардың өздері жауапты дегенді алға тартады. Май ауданы әкімінің орынбасары Медет Шоқановтың айтуынша, ауыл азаматтары алдымен рұқсатқағаз алуы қажет. Кейін өз қаражаттарына жобалық-сметалық құжаттама дайындауға тиіс.

"Баскөл ауылының маңында 5 мыңнан астам шабындық жер бар. Олардың арасын ені 50 метр болатын Белая өзені бөліп жатыр. Қазіргі уақытта 3 мың гектарға жуық шабындық жер 23 шаруа қожалығы мен 17 тұрғынға жалға берілген. Май ауданының әкімдігі "Бизнестің жол картасы-2025" бағдарламасы бойынша инфрақұрылым тарту мәселесін қарастырған еді. Бірақ бұл іс бюджеттік бағдарлама талаптарына сай келмейді. Сондықтан кәсіпкерлерге құны 3 млн теңге болатын жобалық-сметалық құжаттаманы жасау ұсынылды. Бұл құжат дайын болған жағдайда облыстық бюджеттен көпір өткеліне қаражат сұрай аламыз",–дейді Медет Шоқанов.

Аудан басшысының орынбасары тұрғындардан өткен сайын алынатын 1 мың теңгелік ақы жанар-жағармай алу, жұмысшылар жалақысын төлеу және пантонды жөндеу жұмыстарына жұмсалатынын айтты.

Қысқаша қайырғанда, аудандық деңгейдегі әкімдіктің шаруаларға көмектесетін мүмкіндігі жоқ. Ұсыныс айтып, кеңес берумен ғана шектеліп отыр. Ал бұл тұста мал азығын жеткізу тұрғындардың бас қайғысына айналды. Былай тартса трактор батады, былай тарса апаттық жағдайдағы паром сынады. Амал нешік...

Ажар Дәулетова


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

 

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу