Ауылдықтар да баспанаға мұқтаж

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
10810

Ауыл тұрғындарына арналған арнайы тұрғын үй бағдарламасы әзірленуі мүмкін.

Ауылдықтар да баспанаға мұқтаж

Инвестициялар және даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев мәжілісте өткен "дөңгелек үстелде" ауыл тұрғындарына арналған арнайы тұрғын үй бағдарламасының керек екенін айтты.

"Ауылға қатысты арнайы тұрғын үй бағдарламасы қажет. Үкіметтегі талқылауда бұл мәселені көтергенбіз. Қазір болашақ бағдарламаның кейбір тетіктері біршама түсінікті бола түсті. Оны осы айда аяқтап, келісуге жіберетін шығармыз", – деді Қайырбек Өскенбаев.

Еске сала кетейік, "Нұрлы жер" және "7-20-25" мемлекеттік бағдарламасында ауылдықтардың мүддесі ескерілмеген. Сондықтан мәжіліс депутаттары ауыл тұрғындарын назардан тыс қалдырмау керек дейді.

Халық қалаулысы Уәлихан Қайназаров көп балалы отбасылардың жағдайын да ескеру қажет деп есептейді. Оның айтуынша, "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында салынатын тұрғын үйдің көлемі 80 шаршы метрден аспауы керек.

"80 шаршы метр дегеніңіз ары кетсе 3 бөлмелі пәтер. Бұл бір-екі бала тәрбиелеп отырған отбасы үшін тиімді, әрине. Ал төрт-бес баласы бар отбасыларды қайтпекпіз? Сондықтан, тұрғын үй көлемін 110 шаршы метрге дейін ұлғайту қажет. Әйтпесе, бұл мәселені қазір шешпесек, ертең алдымыздан шығуы әбден мүмкін", – деді Уәлихан Қайназаров мәжілісте ұйымдастырылған "дөңгелек үстелде".

Депутаттың сауалына жауап берген Қайырбек Өскенбаевтің сөзінше, көп балалы отбасылар үшін тұрғын үйдің шаршы метрі қайта қаралмақ.

"80 шаршы метр деген шектеу нақты қанша пәтер салатындығымызды айқындау үшін қажет болды. Жалпы, көп балалы отбасыларға мүмкіндік бергеніміз дұрыс", – деді вице-министр.

Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, биыл ел бойынша 12,1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмек. Оның 1 млн шаршы метрі – жеке тұрғын үй, ал 7 млн шаршы метрі көппәтерлі тұрғын үй болмақ. Бюджеттік қаражат есебінен шамамен 22 мың пәтер немесе 1,3 млн шаршы метр тұрғын үй тапсырылады деп күтілуде.

"Биыл "Нұрлы жол" бағдарламасын жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 148,6 млрд теңге қарастырылды. Оның негізгі бөлігі, яғни 69,8 млрд теңгесі тұрғын үй құрылысы жүретін аумақтарға инженерлік коммуникация жүйелерін тартуға жұмсалмақ. 26,9 млрд теңгесі жергілікті атқарушы органдар арқылы жалға берілетін тұрғын үйлерге, 24 млрд теңгесі Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларына несие бөлуге бағытталмақ. Бұдан бөлек, апаттық жағдайдағы тұрғын үйлерді бұзуға және ілкімді жобаларды жүзеге асыруға 20 млн теңге бөлініп отыр. 7,9 млрд теңге жеке құрылыс компанияларындағы халықтың ипотекалық қарыздарын субсидиялауға бағытталатын болады", – деді Қайырбек Өскенбаев.

Статистикалық деректерге сүйенсек, қаңтар-сәуір аралығында республика бойынша барлық қаржы көздері есебінен 3,6 млн шаршы метр тұрғын үй немесе 31 442 пәтер пайдалануға берілген.

"Биыл тұрғын үй құрылысына 274,8 млрд теңгеге инвестиция тартылды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, тұрғын үй көлемінің артуы республиканың 13 аймағында байқалып отыр. Ал Астана, Алматы қалалары мен Қызылорда облысында тұрғын үй құрылысының қарқыны бәсеңдеді", – деді вице-министр.

Бүгінде 500 мыңға жуық қазақстандық баспана кезегінде тұр. Вице-министрдің сөзінше, бұл жерде де проблемалар бар. Мәселен, 35 094 адамның жеке сәйкестендіру нөмірі екі-үш мәрте тіркелген. Бұдан бөлек, кезекте тұрған 96 581 адам пәтер алып үлгерген.

"Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларының саны – 1 млн 96 мың адам. Олар да кезекте тұрған соң пәтерге мұқтаждардың қатарына жатады. Бұдан бөлек, 1 милилоннан астам адам жер учаскесін сұрауда. Оларды да осы тізімге қостық. Сонда барлығы 2,5 млн адам пәтерге мұқтаж боп шығады", – деді вице-министр.

Еске сала кетейік, ел үкіметі "Нұрлы жер" бағдарламасы арқылы 15 жылда 1,5 млн пәтер салуды жоспарлап отыр.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу