Премьер-министр Олжас Бектенов елдегі полигондардың 20 пайызы ғана талапқа сай екенін мысалға келтіріп, бұл бағыттағы жұмыстың баяу жүріп жатқанын сынады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Полигондар бойынша ахуал қандай? Менің қолымда бар ақпаратқа сәйкес, полигондардың 20 пайызы ғана тиісті талаптарға сай келеді", – деді Премьер-министр Олжас Бектенов.
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, 2023 жылдың аяғында Үкімет кешенді іс-шара жоспарын бекітті.
"Онда 100 жаңа полигон салу қарастырылған. Соның ішінде 7 полигон салынып, іске қосылды. 23-інің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленді. 18 полигон бойынша құжаттар әзірлену үстінде. Қалған 52 полигон бойынша өңірлер биыл қаражатты қарастырып, құжаттамасын әзірлеуге кірісуі керек. Бұдан бөлек полигондардың экологиялық кодекске сәйкес келмеуінің бірден-бір себебі – қала мен ауылдық елді мекендерді бөлмей, бір талаптың болуы. Себебі ауылдарға бүгінгі талаптарға сәйкес қыруар қаражат керек. Сол себептен біз экологиялық кодекске талаптарды жеңілдету қарастырылған. Сондай-ақ полигондарға утиль төлем есебінен қаржыландыруды қарастыру белгіленіп жатыр", – деді министр.
Бұл ретте Үкімет басшысы осы бағыттағы жұмыстардың баяу жүріп жатқанын атап өтті.
"Ауыз толтырып айтатындай нәтиже жоқ. Министрлік әкімдіктердің жұмысын дұрыстап үйлестіруі керек. Осы бағытта министрліктің белсенді ұстанымы керек. Біз бұның бәрін әлі күнге дейін көріп тұрған жоқпыз", – деді Олжас Бектенов.
Айта кету керек, осыған дейін елімізде коммуналдық қалдықтардың төрттен бірі ғана қайта өңделетінін жазғанбыз.