Ауызды қола жүлдемен әлі "сүртіп" отырмыз

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3899

Қысқы Олимпиада ойындарының аяқталуына төрт күн қалды, ал Қазақстан қоржынында әлі бір ғана қола жүлде.

Ауызды қола жүлдемен әлі "сүртіп" отырмыз Фото: olympic.kz

Фристайл спортының могул жаттығуында үшінші орын алған Юлия Галышевадан басқа спортшыларымыз әзірше сенім үдесінен шыға алар емес. Оңтүстік Кореяға аттанған 46 спортшымыздың бәрі бірдей жүлде әпермеді деп, тырнақ астынан кір іздеп отырған жоқпыз. Тек әрқайсысы шама-шарықтарына қарай, ел намысын абыроймен қорғап, сенім үдесінен шықса дейміз.

Өкінішке қарай, спортшыларымыздың біразы өз мүмкіндіктері мен қабілеттерін толық жүзеге асыра алмай жатыр. Негізі, олардың бәріне де барлық жағдай жасалған. Тіпті кейбір спортшыларымыз жекелеген бағдарлама бойынша дайындалды. Түгелі де халықаралық додалардың бәріне дерлік барып, тәжірибелерін толықтырды, шеберліктерін шыңдады. Қазақша айтқанда, оларды үлде мен бүлдеге орап отырмыз. Енді, соның қайтарымы болу керек қой.

Оның үстіне, допинг дауына байланысты Ресейдің ең үздік спортшылары 2018 жылғы қысқы Олимпиада ойындарынан шеттетілді. Бұл дегеніңіз – бірнеше спорт түрінде жүлдеден үмітті дүлдүлдер саны азая түсті деген сөз. Мәселен, шаңғы жарысынан, конькимен жүгіруден, биатлоннан, шорт-тректен біздің спортшыларымыздың бәсекелестері селдіреп, небір әйгілі спортшылар төрт жылда бір өтетін дүбірлі додадан тыс қалды.

Кореяға барған журналистердің көмбеге жеткен әр спортшыдан алған пікірлерін қалт жібермей оқысаңыз, төбе шашыңыз тік тұрады. Әу баста кейбір басылымдардан шаңғышыларымыз бен биатлоншыларымыздың "қолым, саусақтарым, аяғым тоңды, үсіп қала жаздады" деген сөздерін оқып, жер шұқыдық. Енді "ішім ауырды, тамақтары нашар, тағамдары жақпайды, жел болды" деген сылтауларын да көлденең тарта бастапты.

Сонда қалай, Пхенчханда Эквадор, Ямайка, Малайзия, Кения, Гана, Оңтүстік Африка елдерінің спортшылары қалай шыдап жүр? Жасыл құрлықтағы Аустралия жігіттері екі күміс бір қола алса, небәрі үш спортшы апарған Лихтенштейн бір қола олжалады. Алматыдағы Ақ Азия ойындары мен қысқы Универсиадада Жапония мен Оңтүстік Кореяның алдын орап кеткенбіз. Енді оларды маңайлай да алар емеспіз.

Жүлдеге іліккен шет елдік спортшылардың көбісі, тіпті бәрі де болар, көмбеге жеткен соң ентіктерін баса алмай, қара терге түседі. Шаңғышылар мен биатлоншылар мәре сызығын қиған бетте құлап, біразға дейін тұра алмай жатады. Біздің кейбір спортшыларымыз сияқты қол бұлғауға да шамалары жетпей қалады.

Мүмкін, біздің спортшыларымыздың деңгейлері осы болар. Бәлкім, төрт жылда, яғни бір олимпиаладық циклде, көрсеткіштері жоғарыламай қойған спортшыларды ұлттық құрама сапына тартпау керек шығар. 10 жыл бойы, халықаралық жарыстарда 20-40 орындардан жоғары көтеріле алмаса, олардың орындарын жастарға беру керек пе? Мәселен, 37-ден асқан шаңғышы бір қызымыз Пхенчханда 54-орыннан жоғары көтеріле алар емес.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу