Ауызсуды аңсаған ауыл: Шығыс Қазақстанда бір ауыл халқы ауызсуға жарымай отыр

682

22 колонканың 6 ғана жұмыс істеп тұр.  

Ауызсуды аңсаған ауыл: Шығыс Қазақстанда бір ауыл халқы ауызсуға жарымай отыр Фото: inbusiness.kz

Самар ауданына қарасты Сарыбел ауылының тұрғындары бір аптадан астам шөп-шалаң басқан құдықтың бетін қалқып су ішіп отыр. Себебі ауылдағы су станциясының басқару бөлігі істен шыққан. Салдарынан колонкаларға су келмеген. 

Аталған ауыл тұрғындары ауызсу мәселесін айтып видео жолдаған болатын. Тұрғындар екі аптаға жуық басқа көшеден су тасып ішуге мәжбүр болғандарын айтады.

"Сарыбел ауылының су мәселесі әлі шешілмеді. Бір шақырым аралықтағы құбырларды ауыстырған. Бірақ онысынан да пайда жоқ, тағы сусыз қалдық. Амалсыз құдықтың бетін ашып, қара судың бетін қалқып ішіп жатырмыз. Мәселені аудан, округ әкіміне айттық. Нәтижесін көріп отырсыздар", – дейді Сарыбел ауылының тұрғыны Ырыскен Қағазбаева. 

Іргесі Бұқтырма су қоймасына тйіп жатса да, ауыл адамдары бақшалықтарын суаратын суды да таппай отыр. Көбісі шелектеп тасыйды екен. Айтуларынша мәселенің шешімі ауылға "Ақбұлақ" бағдарламасымен су тарту. 

"Ауылымызға "Ақбұлақ" бағдарламасымен су тартпайынша, мәселе шешілмейді. Ауыл тұрғындарының бау-бақшалары қурап қалды. Су жоқ. Шелектеп суарады. Ол не болады дейсіз. Округ әкімі жұмыс істесе, барлығын қалпына келтіруге болады. Міне, ауылдың іргесі қоқысқа толды. Оны да халық өзіміз жинадық. Әкім осының бәрін қадағалауына болады ғой. Жан-жаққа төгеді де кетеді. Сарыбел – туристік орын. Ертең қоқыстың астында отырсақ кім келеді? Өзеннің жағасы да қоқыс", – дейді ауыл тұрғыны Нұржан Кимадиев. 

Ауыл адамдарының айтқан сөздерінің жаны бар. Осыған дейін Сарыбел ауылдық окугіне қарасты демалыс базаларының бірін қоқыс басқаны туралы мақала жазған болатынбыз.

Айта кетейік, Сарыбел ауылында 400-ден астам тұрғын бар. Ауылда барлығы 22 су бағанасы бар екен. Бірақ оның 6 ғана жұмыс істейді. №1, №2 сорғы станциялары іске өлсылса, ауыл толықтай ауызсумен қамтамасыз етіледі.

"Сарыбел ауылдық округі тұрғындарының ауызсу мәселесіне қатысты шағымдары бойынша жиын өткіздім. Жиын барысында ТКШ бөлімінің басшысы тұрғындарға 2023 жылдың 22 тамызында Сарыбел ауылында су қондырғысы мұнарасы іске қосылғаны туралы айтты. Алайда 5 қыркүйекте қатты жауын салдарынан су сорғы станциясын басқаратын бөлігі істен шықты. Бүгінгі күні жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қазір су қосалқы станциядан беріліп жатыр", – дейді Самар ауданының әкімі Нұрлан Мұхтарұлы.

Сарыбел ауылының су желілері 1972 жылы пайдалануға беріліпті. Жарты ғасырға жуықтаған ескі су құбырлары сыр бере бастағанын айта кеткен жөн. Ауылда көбінесе зейнеткерлер тұратындықтан алыстан су тасып ішу қиын. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу