Аян Зикирин: Бізге бағыт тұрғысынан – тиімді, баға тұрғысынан – арзан жоба қажет

2956

Сәулетші, урбанист Аян Зикирин елорданың сол жағалауында қандай кемшілік бар екенін мәлімдеп, inbusiness.kz тілшісіне сұхбат берді.

Аян Зикирин: Бізге бағыт тұрғысынан – тиімді, баға тұрғысынан – арзан жоба қажет Фото: informburo.kz

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтандағы LRT құрылысы инфрақұрылымдық жобадан елдің беделіне нұқсан келтіретін күрделі проблемаға айналғанын айтып, жұмсалған ақша мен жоғалған уақыттың есесін қайтару және құрылысты жалғастыру үшін отандық сәулетшілер мен урбанистерге оңтайлы шешім қабылдауды тапсырды. Маман ретінде сіз қандай жоба, идея ұсынар едіңіз?

– Жер үсті саябағын салған тиімді болады деп ойлаймын. Идея Нью-Йорктегі Хай-Лайн парк жобасынан алынды. Мұнда да теміржол тіректері болды. Оны 80-ші жылдары мақсатына сай пайдаланылмауына байланысты бұзу мәселесі көтерілді. Жоба бірнеше жыл тоқтап тұрды. Кейін қаланың қоғамдық орындарын қайта құру сәнге айналған кезде, дәл осы аумаққа жер үсті саябағын салу ұсынылды. Нью-Йорк мэриясы келісім беріп, қаржы бөлді.

Жер үсті саябағы өте қысқа мерзім ішінде құрылысына жұмсалған қаражатты қайтарып қана қоймай, жергілікті бюджетке табыс түсіре бастады. Саябақтың айналасындағы тұрғын үйлердің бағасы қымбаттап, сауда ойын-сауық орталықтарының саны көбейді. Жоба өзін-өзі толық ақтады.

Біздің LRT-ға келетін болсақ, ол сол жағалаудағы Ақорда резиденциясы, мешіт, EXPO, Ботаникалық бақ, Abu Dhabi Plaza, "Бәйтерек" сынды ғимараттар орналасқан ең көрнекті, ең көрікті жерлерді басып өтеді. Жер үсті саябағы Назарбаев университетінен басталып, Президент саябағына дейін жалғасуы керек деп санаймын. Бұл – шамамен 8 шақырымды құрайтын аумақ. Тіректердің қалған бөлігін бөлшектеуге немесе жол төсеміне пайдалануға болады.

Уақыт өте келе халықтың орналасу тығыздығы артады. Ерте ме, кеш пе, тіректерді қайтадан LRT жобасы үшін қолдану қажеттігі тууы мүмкін. Жер үсті саябағы қала тұрғындарына пайда әкелетін және үлкен сұранысқа ие болатын аралық шешім. Сол жағалаудың қазіргі абаттандырылуы мен қоғамдық кеңістігі нашар. Жер үсті саябағы салынса, жаяу жүргіншілердің де қозғалысы реттелер еді.

– LRT-ны бұзып тастау оңай әрі арзан деп ойламайсыз ба?

– Әрине, тіректердің тас-талқанын шығару LRT-ның бастапқы жобасын жүзеге асырудан әлдеқайда арзан болады. Қазіргі келісімшарт бойынша жеңіл рельсті жүрдек көлік жолымен жүретін пойыздардың жылжымалы құрамының құны өте қымбат. Дегенмен елорда үшін белсенді қоғамдық бағыттың болуы маңызды екенін түсіну қажет. Күндердің бір күнінде қалаға қосымша көлік ағыны қажет болады. Қаланың сол жағалауында қазірдің өзінде күнде кептеліс. Қалай болғанда да уақыт өте келе біз LRT-нің қажеттігін сезінеміз.  

Бүгінгі таңда бізге бағыт тұрғысынан – тиімді, баға тұрғысынан – арзан жоба қажет. Теміржол вокзалынан әуежайға дейінгі транзиттік дәліз жобаға жұмсалуы мүмкін қаражатты шығындауға ғана әкеледі. Бұл бағыт бюджетке кіріс кіргізбейді.

LRT-ны бұзып тастау дұрыс емес. Жобаға бұған дейін қыруар қаржы жұмсалды. LRT-ны үшті-күйлі жоқ қылып жіберсек, ақшаның барлығы желге ұшқан болады.

– "LRT жобасы елорда көшелеріндегі көлік жүктемесін жеңілдетуді көздеді" деген пікір орынды ма?

– LRT-ның қазіргі нұсқасы сіз айтып отырған мәселені шеше алмайтын еді. Астананың 3 негізгі белсенді орталығының арасында көлік ағынын кептеліссіз өткізуге мүмкіндік беретін байланыс жоқ. Біздің қалада 3 белсенді орталық бар. Оның бірі – сол жағалау. Бұл жерде биік үйлер, "Керуен" ойын-сауық орталығы бар. Қаланың ескі орталығы – Республика даңғылынан Сәкен Сейфуллин көшесіне дейінгі аумақта да үнемі ығы-жығы болып жатады. "Еуразия" сауда орталығы орналасқан аудан да адам мен көліктен арылмайды. Осылардың арасындағы байланыс шешілсе, көшедегі көлік кептелісі азаяр еді. LRT жобасы әуежай мен ескі теміржол станциясының арасын байланыстырғанда ғана елорда көшелеріндегі көлік жүктемесін жеңілдете алады деп ойлаймын. Кептелістен құтылу үшін көлік айрығының санын көбейтіп, бағдаршамдардың санын азайту қажет. Сонда Тұран, Қабанбай батыр, Мәңгілік ел даңғылдары бойында автокөліктер ұзақ уақыт тұрмайды.

Министрліктер үйінің маңында 2 көлік айрығы бар. Дәл осындай көлік айрығы қаламыздағы басқа да ірі даңғылдарда болуы керек. Мысалы, Бөгенбай батыр даңғылында көлік айрығы болса дұрыс сияқты. Бұл мәселені жақсылап талдау қажет.

– "Талдыкөл" көлінің мәселесіне алып-қосарыңыз бар ма?

– "Талдыкөлді" топырақпен толтыру дұрыс емес. Бұл – ашық табиғи кеңістік. Оны жақсартып, абаттандырып, экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп ұстаған жөн. Әрине бұл үшін көп уақыт пен белгілі бір мөлшерде қаражат қажет. Әдемі табиғи жері көп емес аймақта орналасқанымызды ескере отырып, "Талдыкөл" сияқты табиғи нысандарды сақтауға басымдық беру маңызды деп санаймын.

– Урбанист, блогер Илья Варламов біздің қаланы тұрғындар үшін, әсіресе жаяу жүргіншілер үшін "ыңғайсыз қала" деп атады. Осы пікірмен келісесіз бе?

–  Оның пікірі сол жағалаудың тұрғындарына қатысты айтылған деп ойлаймын. Себебі сол жағалау адамдардың емес, сәулетшілердің масштабымен салынған. Қала жайлы болуы үшін ең алдымен адамдарға жағдай жасалуы керек. Барлығы таяқ тастам жерде, жаяу барып келетін қашықтықта орналасуға тиіс. Сауда, ойын-сауық, білім беру және медицина орталықтары жақын жерде болғаны жақсы. Ерекше қажеттілігі бар адамдар, балалар, кішкентай нәрестесі бар аналар кез келген жерден кедергісіз өту үшін жаяу жүргінші жолы алдын ала ойластырылуы керек. Сол жағалауда мұндайға мән берілмеген.

Сол жағалау – мега жоба. Ол автокөліктің терезесінен өте әдемі және әсерлі көрінеді. Бірақ күнделікті өмірде тұрғындар үшін ыңғайсыз. Қаланың ескі орталығы өмір сүруге қолайлылық тұрғысынан әлдеқайда тартымды.

Жайлылық тұрғысынан Илья Варламовпен келісемін. Бізге қоғамдық кеңістікті дамыту қажет. Бұл үшін урбанизмде, қала құрылысында және аумақтық жоспарлауда заманауи құралдар бар. Елорданың урбанистика орталығы қаланың ескі бөлігінде ілкі жобаларды жүзеге асырып жатыр. Менің ойымша, оларға сол жағалауға көбірек назар аудару керек. Сол жағалауда жаяу жүргіншілер жолы пайда болса, шетелдік блогерлер біз туралы теріс пікір білдірмейді.  

Біздің астанамыз өте жас қала. Сол жағалаудағы құрылыстың 60-70% соңғы 10 жылда салынды. Сондықтан ерекше қарқынмен дамыған кез-келген қалалардағы секілді біздің қалада да кемшіліктің болуы заңдылық. Барлығы уақыт өте келе дұрысталады.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Айбын Асқарұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу