Азаматтар БЖЗҚ-дағы ақшасын стоматологтар арқылы шешіп алып жатыр ма?

12052

Халықтың айтуынша, осы қызметі үшін кейбір тіс дәрігерлері зейнетақы қорынан әкетілген қаражаттың үштен бір бөлігімен бөлісуді сұрайды екен.

Азаматтар БЖЗҚ-дағы ақшасын стоматологтар арқылы шешіп алып жатыр ма?

Қорда жеткіліктілік шегінен асатын жинағы бар азаматтар оны 1 сәуірге дейін тезірек шешіп алудың қамын жасауда. Өйткені 1 сәуірде жеткіліктілік шегі екі есеге жуық өсіп кетпек.

Жинағы мол қазақстандықтар оның бір бөлігіне пәтер сатып алды. Кейбірі туыстарымен, достарымен, таныстарымен жалған келісімшарт бекітіп, оның баспанасын көз қылып сатып алып, миллиондарын қордан әкеткені жасырын емес.

Азаматтардың көбінде зейнетақы жинағы қазіргі төмен жеткіліктілік шегінің өзінен 1-1,5 миллиондай теңгеге ғана асады. Бұл қаражатқа ешқандай баспана келмейтіні мәлім. Сондықтан қазақстандықтар оны да шешіп алудың өзге амал-шарғыларын іздеп жатқан көрінеді.

Мысалы, Денсаулық сақтау министрлігі БЖЗҚ-дағы жинақты құны қымбат стоматологиялық қызметтер үшін алуға рұқсат етті. Содан кейбір тіс дәрігерлері өз қызметтері үшін зейнетақы қорынан 17 миллион теңгеге дейін ақы төлеуді талап еткен. Ең қымбат қызметтер брекет жүйесін орнату, имплантация. Олардың құны 350 мыңнан бірнеше миллион теңгеге дейін барады.

Атырау тұрғыны Гүлмира Қалауова азын-аулақ зейнетақы жинағын пәтерін жөндеуге алмақшы болыпты. Басқаға жетпеген. Алайда зейнетақы жинағы жөндеу жұмыстарына жеке берілмейтінін біліпті. Индустрия және инфрақұрылымдық даму агенттігі бекіткен "Біржолғы зейнетақы төлемдерін тұрғын үй жағдайларын жақсартуға пайдалану қағидаларына" сәйкес азамат бір шарт аясында жөндеуін жүргізе отырып, тұрғын үйді сатып алуға ипотека рәсімдесе ғана БЗТ беріледі. Яғни жөндеу тек пәтерді сатып алуға қосымша ретінде қарастырылған. 

"Үкіметтен қағидаларға өзгеріс енгізіп, пәтерді не үйді жай ғана жөндеу үшін зейнетақы жинағын пайдалануға рұқсат етуін өтінемін. Әйтпесе, соңғы кезде жиі естимін. Көптеген адам зейнетақы жинағының жеткіліктілік шегінен асқан сомасын алу үшін алақол стоматологтердің "қызметіне" жүгініп, мәміле жасайды екен. Осы рәсім үшін әлгі тіс дәрігерлері 20-дан 30%-ға дейінгі көлемде өз комиссиясын алып қояды. Маған үйге жөндеу жүргізу үшін зейнетақы жинағым аса қажет болып тұр. Бірақ сол үшін осы схемаға жүгінгім келмейді. Үлкен бөлігін алып қоятыны еске түскенде, ішім қыж-қыж қайнайды", – дейді ол.

Сондықтан арыз иесі биліктен азаматтарды құйтырқы жолдарға итермелей бермей, маңдай тер, табан ақысымен жиған жинағын тұрмысын жақсартуға жұмсауға мүмкіндік беруін сұрайды.  

"Мысалы, халыққа зейнетақы жинағы есебінен көнерген үйін не пәтерін жөндеуіне жол ашса дұрыс болар еді. Құрылыс материалдарын сатып алғанымды дәлелдеп, түбіртек-чектерді жинап, көрсетер едім. Сонда елдегі жылдам ескіріп, апатты жағдайға жетіп жатқан тұрғын үй қоры біраз жақсарып қалатыны даусыз. Бұл құрылыс материалдары өндірісіне де серпін береді ғой. Президентіміз бұл өтінішімізге құлақ асып, қабылдайды деген сенімдемін. Алматыда, өзге өңірлерде не болып жатқанын көріп отырмыз, халықтың жағдайы ауыр. Бос қаражаты жоқ. Жөндеу үшін несие алып, борыш батпағына батқым келмейді. Әрі зейнетақы қорында текке жатқан активіміз бола тұра, қарызданып жатқанымыз жөн бе?", – дейді Г. Қалауова.

Билік не дейді?

"Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" АҚ басқарма төрағасы Жанат Құрманов халықтан түскен бұл ұсыныс бойынша өзінің шешім қабылдай алмайтынын жеткізді.

Оның айтуынша, "Біржолғы зейнетақы төлемдерін тұрғын үй жағдайларын жақсартуға пайдалану қағидаларын" Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі әзірлеген және бекіткен. Оған өзгерістер енгізуге де сол жауапты.

Ал Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев қазақстандықтарға тек жөндеу жүргізу үшін БЗТ алуға рұқсат ете алмайтындарын айтады. Оның байламынша, бұған жол берілсе, оны адамдар БЖЗҚ-дан ақша шешіп алудың оңай жолына айналдырып алуы мүмкін.

"Зейнетақы жинақтарын пәтерді жөндеу шығындарына пайдалану мәселесіне келсек, қағидаларға сәйкес, БЗТ-ны тек тұрғын үйді сатып алуды қарастыратын бір ипотекалық заем құрамында баспанаға жөндеу жүргізу үшін қолдануға мүмкіндік берілді. Бұл ретте баспанаға жөндеу жүргізілгені тиісті құжаттармен расталуға тиіс. Бұған зейнетақы төлемдерін мақсатсыз жұмсау тәуекелдерінің жоғары екенін ескере отырып, бардық. Ал зейнетақы төлемдерін банктік ипотекасыз, тек баспананы жөндеу үшін ғана алу – ақшаны зейнетақы шотынан шығарып алудың оңай жолы болып табылады. Бұл баспананы жөндеуге қатысты операциялардың үлкен көлеміне, сол арқылы шағын сомаларды шығарып әкетуге, жалған чектердің ұсынылуына ұласады. Себебі жеткіліктілік шегінен асқан соманы пайдалануда шектеу қойылмаған", – деді министрі.

Осының алдында журналистер "күдікті" тіс емдеу қызметтерінің мән-жайын "Отбасы банктің" басшысы Ләззат Ибрагимовадан сұрастырған болатын. Л. Ибрагимова БЗТ есебінен емделген әрбір адамның тісін қарап жүруге мүмкіндігі жоғын айтып, қысқа қайырды. Оның байламынша, қазір стоматологиялық қызметтер қымбат тұрады. Сондықтан бұған күмәнданбайды.

"Ең қымбат процедура – имплантация. Протездеу, швейцариялық немесе израильдік имплант орнату, соның ішінде айталық, 18-19 имплант қойса, онда 17 миллион теңге деген чек ойға қонымды. Емделген азаматтың аузында жаңа импланттардың бар-жоқтығын біз тексере алмаймыз. Сол себепті біз тісін қымбат емдетуді маңызды деп тапқан салымшыға сенеміз. Мен бұл қадамды қолдаймын. Тіс өмірде үлкен рөл атқарады. Ол асқазан-ішек жолдарының жұмысына, жалпы жай-күйге, тәннің саулығына әсер етеді. Адамдар есептесу шотын ұсынады, бізге алғысын айтады. Барлығы негізінен, заң аясында жүріп жатқанын байқап отырмыз", – деді "Отбасы банкінің" басшысы.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының дерегінше, 2022 жылғы 21 қаңтардағы жағдай бойынша "Отбасы банкіне" азаматтардан БЗТ-ны емдеуге пайдалану туралы жалпы саны 194 410 өтініш түскен. Оның 45 356-сын қанағаттандырудан бірден бас тартылған.

Нәтижесінде, 147 132 өтініш иесіне 132 млрд 756 млн теңгесін медициналық қызметтер құнын өтеуге пайдалануға рұқсат етілді.

Алайда 25 736 өтініш иесі 15 млрд 120 млн теңгені емдеуге жарата алмаған. Тиісінше, осынша сома зейнетақы қорына кері аударылды.

Жанат Ардақ    

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу