Азаматтарды мемлекеттік баспанадан қууға қатысты шешім қабылданды

4159

Ел Үкіметі құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында реформаны қолға алды. Осы орайда әкімдіктер "майшелпек" құзырынан айрылып, ол жаңадан құрылатын монополистке берілмек. 

Азаматтарды мемлекеттік баспанадан қууға қатысты шешім қабылданды

Бала отау құрса, ата-ана далада қала ма?

Қазақстандықтардың кезекте ұзақ жыл күтіп, әзер қол жеткізген мемлекеттік пәтерінен айырылып қалу дерегі тіркелуде. Өйткені "Тұрғын үй қатынастары туралы" заңының 107-бабының 8-тармақшасы белгілі бір жағдайларда жергілікті әкімдіктерге осы жазалау тетігін пайдалануға рұқсат ететін. Егер ол баспанада тұратындардың біреуі кез келген елді мекенде жеке меншігіне үй сатып алса, онда басқа баспана ұсынусыз, ол отбасының мүшелері және олармен бірге тұратын басқа адамдар тегіс мемлекеттік тұрғын үйден шығарып тасталады. 

Мысалы, көп балалы анаға көп бөлмелі арендалық үй берілуі мүмкін, алайда егер балалардың алды үйленіп, тұрмыс құрып, олардың меншігінде төл баспаналары пайда болса, олардың ата-анасы далада қалады. Осыдай қиындыққа тап болған қазақстандықтар біраз жылдан бері билік кеңселерінің, сот инстанцияларының табалдырығын тоздырды. Кейбірі амалсыз балаларының қолына көшті.

Ақыры Конституциялық кеңес 2020 жылғы 21 қаңтардағы №1 нормативтік қаулысымен осы норманы "конституциялық емес" деп таныды. Бұл енді заңнамаға өзгеріс ретінде енгізілмек.

"Қалыптасқан мәселені шешу үшін мемлекеттік пәтерден шығару шарттарын қайта қарастыру қажет. Атап айтқанда, мемлекеттік тұрғын үйден тек сол баспананың негізгі меншік иесі – отағасы не отанасы басқа тұрғын үйді сатып алған жағдайда ғана шығару ұсынылады. Бірақ егер олар жаңа тұрғын үйге мұрагерлік, сыйға тарту тәртібімен қол жеткізсе, бұл талап оған таралмайды", – деп түсіндірді Экономика министрлігі.

Мәртебені жоғалту баспананы жоғалтуға соқтыра ма?

"Жетім бұрыш" жағалағандардың бір бөлігін ата-жұртқа оралғандар құрайды. Сондықтан Үкімет қандастардың тұрғын үй жағдайларын жақсартуға арналған шараларды пысықтауда. Жалпы тұрғын үй заңнамасына сәйкес, қандастар халықтың әлеуметтік осал топтарына жатады, тиісінше, олар үй кезегіне тұру құқығына ие.

Алайда "Халықтың көші-қоны туралы" заңына сәйкес "қандас" мәртебесінің қолданыс мерзімі олар Қазақстанның азаматтығын алғаннан кейін 1 жылдан кейін тоқтатылады. Үй кезегі жылдам жылжымайтыны мәлім. Салдарынан Қазақстанның азаматтығын алған қандастар үй кезегінен шығарылуға жатады.

Енді бұл мәселе де ішінара шешілуге тиіс. Неге ішінара? Үкімет үй алу құқығын жұмыс күші тапшы әрі орыстілділері көп өңірлерге көшкен қандастар үшін сақтауды көздеп отыр. Бұл әділетті секілді. Қазағы қалың, халқы тығыз тұратын өңірлерде баспанаға шын мұқтаж жетімдер, көпбалалы аналар, ардагерлер, әлеуметтік осал отбасылар саны тым көп. Ал бұлардың ешқайсысына жатпайтын, аяқ-қолы балғадай, еңбекке қабілетті, әрі қандас мәртебесін жоғалтқан азамат үшін әрі қарай үй кезегін сақтау орынсыз болса керек.

"Президент Қ. Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 4-ші отырысында Үкіметке "солтүстік өңірлерге қоныс аударған жағдайда қандастарға Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін де тұрғын үй кезегін сақтау үшін шара қабылдауды" тапсырды. Бұл ретте жұмыс күшіне зәру өңірлерді жұмыс қолымен қамту, өңірлік деаспирацияларды жою және еңбек ресурстарының аумақтық ұтқырлығын ынталандыру мақсатында ел Үкіметінің қаулысымен айқындалатын нақты өңірлерге ғана мәртебесінен айырылған қандастар үшін тұрғын үй алу құқығын бекіту ұсынылды", – деп түсініктеме берді экономика ведомствосы.

Үкіметтің №83 қаулысына сәйкес, "Қандастарды қоныстандыруға арналған өңірлерге" қазір 7 облыс жатады. Бұлар – Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар облыстары. Соның ішінде СҚО, Қостанай, Павлодар өңірлерін жерсінген экс-қандастар ғана үй кезегінде қала беруі мүмкін. Бұл осы өңірлерді қазақыландыруға серпін беруі ықтимал.

Жаңа палата пайда болады

Президенттің экономикаға қатысты ұстанымы айқын. Мемлекет экономикадағы үлесін мейлінше азайтуға, салалардағы бизнес процестерді басқаруды, түрлі рәсімдер мен рұқсат берулерді бизнестің өзіне тапсыруға тиіс. Сондықтан меморгандардың кейбір құзыр-өкілеттіктері "өзін-өзі реттеу ұйымдарына" (ӨРҰ) табысталып жатыр.

Мұның теріс жағы бар екені анықталды. Шенеуніктердің орнын билікқұмар жеке тұлғалар, ал мемлекеттік бюрократия орнын жеке сектордың бюрократиясы басты. Оның үстіне кей салада мемлекетке қарағанда жекелердің қиянаты қатты, құйтырқы істері көп көрінеді. Оған түрлі алқа, палаталарға қатысты дау-жанжалдар дәлел. Бұл жерде егер қандай да бір шенеунікті дереу қызметін қууға немесе жемқорлығы үшін темір торға отырғызуға болады, ал одақ не палата басшысын орнынан кетіру үшін бастама көтеріп, қол жинап, қарсы мүшелерді біріктіру қажет. Сөйтіп, тайталас ұзайды. Ақыр соңында саланы былықтырған тұлға талан-тараж еткен қаражатты қалтасына басып, жазасыз құтылады.

Мемлекет құрылыс салу, жобалау салаларының тізгінін де ӨРҰ-ге ұстатады. Оны әлгіндей кеселден арылту жайы пысықталып жатыр.

"Құрылыс жобаларына ведомстводан тыс кешенді сараптаманы өзін-өзі реттеуге беру мәселесі бойынша ұсыныстар әзірленді. Осы саладағы мемлекеттік функцияларды өзін-өзі реттеуге беруге байланысты өзін-өзі реттейтін ұйымдағы (ӨРҰ) қызметкерлер мен басқару функцияларын орындайтын тұлғаларды "мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға" теңестіру қажет. Тиісінше, олар үшін әкімшілік, коррупциялық, қылмыстық жаза көзделетін болады", – деп түсіндірді Ұлттық экономика министрлігі.

Сонымен бірге мемлекет палата үстінен бақылауды жоймайды: жаңа заң жобасына сәйкес, олардың қызметіне мемлекеттік бақылау жүргізу, ӨРҰ-ге қатысты шара қабылдау өкілеттігі сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы уәкілетті органға беріледі. Осы салада құрылатын жаңа палата мен оның субъектілері өз қызметінің тәртібін айқындайтын қағидаларды, өзге де нормативтік құжаттарды уәкілетті органмен келісуі қажет. Палатаның есеп беру формаларын да сол бекітеді. 

Жаңа мемлекеттік монополист құрылмақ

Жалпы алғанда, ауыл-аудан түгіл, ірі қалалардың өзінде қай жерде қандай ғимарат бой көтеретінін тіпті сол маңның тұрғындары біле бермейді. Өйткені әрбір жаңа келген әкім қаланың Бас жоспарын өз қалауынша өзгертеді. Неге? Құқығы мен құзыры болғасын, соны пайдаланады. Дегенмен алда ауыл-аймақ басшылары ол құзырынан айырылатын түрі бар. Себебі салаға жүргізіліп жатқан реформа аясында "барлық деңгейдегі қала құрылысы жобаларына кешенді қала құрылысы сараптамасы" енгізілмек.

"Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдар Бас жоспардың ережелеріне қайшы келіп, сондай-ақ аумақтың инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуін ескермей-ақ, Егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын (ЕЖЖ) еш бақылаусыз, ішінара түзете беру тәжірибесіне бейім болып алды. Бұл өз кезегінде Бас жоспардың да бірнеше рет өзгеруіне соқтырады. Қала құрылысы жобаларына сараптама атүсті, формальды жүргізіледі. Оның сапасы үшін жұмыс тобының немесе комиссияның мүшелері жалпылама ғана жауап береді, дербес жауапкершілік жоқ", – деп мәселені айқындады Ұлттық экономика министрлігі.

Саладағы проблемалар тізбегі мұнымен бітпейді: бүгінде әкімдіктердің сәулет және қала құрылысы басқармалары қала жобаларын әзірлеу кезінде функционалдық аймақтарды, қабаттылық бойынша шектеулерді, әлеуметтік объектілермен қамту талаптарын үнемі бұзады.

Қала жобалары бойынша жергілікті тұрғындардың қатысуымен қоғамдық тыңдаулар көбіне өткізілмейді. Салдарынан тұрғындар әлдебір құрылыстың жүргізілуіне қарсылығын құқықтық өрісте емес, санкцияланбаған митинг, наразылық шарасы арқылы білдіруге мәжбүр.

Экономика министрлігі өз талдауында осы салада жол берілетін бұзушылықтар халықтың тыныс-тіршілігі жағдайларының нашарлауына, бұқара тарапынан наразылыққа, қоғамдық резонанс пен мемлекетке деген сенімсіздікке соқтыратынын ашық айтады. Сондықтан барлық деңгейдегі қала құрылысы жобаларына бір жерден, кешенді қала құрылысы сараптамасын енгізу қажеттілігі туындапты.

"Қала құрылысы жобаларының стратегиялық маңыздылығын ескере отырып, кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізуді монополиялық қызмет түрі ретінде "Мемсараптама" РМК-ге беру ұсынылып отыр. Сәйкесінше, бұл қызмет жергілікті атқарушы органдардың, Құрылыс және ТКШ істері жөніндегі уәкілетті органның (ИИДМ комитетінің) құзыретінен алып тасталады", – деп ұсынды ведомство.

Алда барлық қала құрылысы жобалары міндетті түрде "Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде" (МҚК ААЖ) есепке алынбақ. Сонда халық та, бизнес те өзін қызықтыратын елді мекеннің даму перспективасы қандай болатынын нақты біле алады. Сондай-ақ бұл "Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры" ақпараттық жүйесінде қала құрылысы жобалары туралы шынайы ақпараттың көрсетілуіне ықпал етеді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу