Азаттық аңсағандар азаптауға ұшырады

2957

Ресейден тұтқыннан оралған АҚШ азаматтары қандай азап тозағынан өткенін әңгімеледі. Human Rights Watch баяндауынша, қарсыласушы қос тарап азаптау және өзге де қатыгез, адамгершілікке жатпайтын, қадір-қасиетті қорлайтын жазалау түрлерін қолданады. 

Азаттық аңсағандар азаптауға ұшырады

Биылғы 27 наурызда қаны қарайған украиналық жауынгердің тұтқынға түскен жау солдаттарына әлімжеттік жасап жатқан видеосы әлеуметтік желіге тарады. Бұл дерек халықаралық құқық қорғау ұйымдарын алаңдатты. Алайда Буча, Ирпень, Гастомель, басқа да украиналық қалаларда оккупанттардың жергілікті тероборона жауынгерлеріне, тіпті бейбіт тұрғындарға қандай қиянат жасағанын білгенде жаһан жұртшылығының төбе шашы тік тұрды. Мұндай сорақы жағдайлар басқыншы қолындағы Мариуполь, Мелитополь және басқа қалаларда, таяуда азат етілген Харьков облысында белең алғаны белгілі болды.

Қолға түскен украиналық жас жауынгердің иығында "үшазу" (трезубец – Украина гербінің орталық геральдикалық пішіні) бейнеленген татиуровкасы үшін оның қолын шауып тастағаны туралы дерек халықаралық қоғамдастықты қатты тіксінткен еді.

Биылғы 29 шілдеде алдымен ресейлік ресурстарда украиналық тұтқын жауынгерді азаптау бейнеленген видео тарады. Ресейлік "Медиазона" порталы жариялаған, Deutsche Welle және басқа да шетелдік ақпарат құралдары баяндаған бірінші бейнежазбада Z әрпі түсірілген ақ BMW көлігінің жанында бірнеше ресейлік содыр украиналық тұтқынды азаптаған. Оның жалғасы саналатын екінші видеода қатты қиналған, азабы жанына батып ыңырсыған тұтқын жауынгерді ресейлік солдат басынан атып, өлтіріп тастады. Соңынан жіппен байлап, мәйітті сүйреледі. Украиналық зерттеушілер азаптауға қатысқандардың бірін анықтай алды: ол ресейлік РИА Новости үшін түсірілген сюжеттің кейіпкерінің бірі болыпты. Әрине, Украина жағы осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғады. Бірақ Ресей күдіктілерді ұстап бермейтіні белгілі.

Шетелдік және украиналық ақпарат құралдары таяуда толық дерлік (әзірге шамамен 8 пайызы жау қолында) азат етілген Харьков облысында басқыншылар адамдарды азаптаған 10-нан аса орын табылғанын жазды. Мұны Украина Ұлттық полициясының басшысы Игорь Клименко хабарлады. Ақпарат құралдарында және әлеуметтік желіде азаптау орындарынан түсірілген фото және видео тарады. Сондай-ақ Клименконың дерегінше, Изюм қаласы жанындағы орманнан тұспалдап айтқанда, азаптап өлтірілген адамдар жаппай көмілген қорым табылды. Харьков облысының үлкен бөлігіне оккупанттар басып кіргелі бері әлгі жерде кем дегенде 445 адам жерленген. Арасында тұтқынға түскен украиналық солдаттар да, оларға көмектескен волонтерлар да, сондай-ақ патриотизмін ашық білдірген, бодандыққа қарсыласқан жергілікті тұрғындар да бар көрінеді. Өңірде мүрделерді эксгумациялап, қазып алу, зерттеп, тексеру жұмыстары жалғасып жатыр.

Reuters журналистерінің мәліметінше, молалардан байланған қолдарымен, мойнындағы қылғындырған жібімен бірге жерленген мүрделер шығарылды. Қазу орнында жүрген Жоғарғы раданың адам құқықтары жөніндегі уәкілі Дмитрий Лубинец "өлім алдында олар азапталғанға ұқсайды" деді. БҰҰ адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасының ресми өкілі Элизабет Троссел жаппай жерлеу орындарының табылуына байланысты ол жаққа БҰҰ мониторинг миссиясының қызметкерлері аттанғанын мәлімдеді. Бірақ БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде отырған Ресей кез келген шешімге вето қоя алатындықтан, бұл жаһандық ұйым алаңдаушылық білдіргеннен басқа еш қауқар таныта алмайды, шарасыз.

The Washington Post ресейлік тұтқында 104 болып қайтқан америкалықтар Алекс Дрюке (Alex Drueke) және Энди Тай Хюиннен (Andy Tai Huynh) сұхбат алып, олардың қандай азаптың тезінен өткенін білді. Олар қазір емдеуден өтуде, бірақ қолдарын қимылдату қиынға түсетініне шағымданған: ұрып-соғу кезінде жүйке, тамырларына зақым келсе керек. Қабырғалары сынған. Энди басына соққыдан есін жоғалта беретінін, ұмытшақ болғанын айтыпты. Екеуі де қатты арып, құр сүлдері қалған.

Бұдан бұрын, 21 қыркүйекте Би-Би-Си арнасы тұтқын алмасу шарасы аясында "ДХР" тұтқынында отырған 10 шетелдікті, соның ішінде 5 британдықты босатуға қол жеткізілгенін хабарлаған болатын.

40 жасар Алекс Дрюке, 27 жасар Энди Тай Хюинь бір топ америкалық әскери ардагерлермен бірге Украина жерін жаудан азат етуге келіпті. Алайда биылғы 9 маусымда шетелдік легионның жедел тобы дрондар ұшырып, аумаққа бақылау жасап жүргенде жаудың торуылына түсіп, ауыр соққының астында қалады. Содан тірі қалған Алекс пен Энди Харьков қаласындағы базаға оралуға шешім қабылдайды. Қарағайлы орман кесіп өтіп, батпақты кешіп, жаяу келе жатқанда ресейлік әскердің қолына түседі. Қасіретті, тақсіретті күндер басталған. Олардың баяндауынша, тұтқындар алдымен Ресей аумағына тасымалданған. Оларды айнала тікенекті сыммен оралған лагерь іспеттес алып изоляторда қамап ұстап, физикалық және психологиялық зорлық жасалған. Содан соң әлдебір барақтарға тығып, жаппай соққыға жыққан. Соңынан Украинаның оккупацияланған Донецк облысына апарып, "ДХР" қолына табыстаған. Себебі Ресейде өлім жазасына тыйым салынған, ал квазиреспублика саналатын "ДХР" өз аумағында өлім жазасын енгізді.

The Washington Post тілшілері үйлеріне орала алған қос америкалық тұтқынның әбден көгеріп кеткен денелерін көрген соң, тұтқындардың көкала қойдай қылып, тоқтаусыз сабалатынына сеніпті.

"Дрюкенің еске алуынша, тергеулер жан түршігерлік еді. Ресейлік әскерилер бұлардың украиналық әскери бөлімдердің қатардағы жауынгерлері екеніне сенбеген, шетелдік инструктор деп ойлаған. Екеуін қайта-қайта тепкілеп, АҚШ Орталық барлау басқармасының қандай бөлімінде істейтінін баяндауды талап еткен. Әбден әлсіріп, естен тана жаздаған күйдегі америкалық тұтқындарды төрт тағандап тұрғызып қойған. Егер аяқ-қолы ұйып, қозғала бастаса, ұруды қайта бастайтын болған. Түнде жатып демалуға тыйым салынған, таң атқанша тік тұруды талап еткен. Ресей бұларды Америка Үкіметі жіберді деп түсініп, олардың миссиясын білмек болған", – деп жазды америкалық басылым.

Алаба штатының тұрғындары: АҚШ армиясының ардагері Дрюке мен теңіз жаяу әскерінде қызмет еткен Хюинь соғыс басталғанда жермен-жексен етілген қалаларды, барын тастап, басы ауған жаққа қашқан босқындарды, асқан қатыгездікпен өлтірілген бейбіт тұрғындарды көргенде, байыз тауып отыра алмай, өздерінің әскери тәжірибесі Украинаны азат етуге жарауы мүмкін деген байламға келеді. Бұл кезде Украина басшысы Владимир Зеленский әлемдегі білікті әскерилерді шетелдік легионға қосылуға шақырды. Бұған жауап ретінде АҚШ Мемлекеттік департаменті өз азаматтарына Украинадағы қарулы жанжалға араласпауға табанды кеңес берді.

Тұтқындар ызғар мен сыз жайлаған жертөледе ұсталыпты. Күн сайын оларға бір тілім нан мен қара су ғана берілген, ол су күлімсі иісі бар шалшық су болып шыққан. Тістері сындырылған тұтқындар қатты нанды жей алмаған. Хюинь жоғарыдағы азаптау бөлмесінен тергеліп жатқан тұтқындардың шыңғырған, шырқыраған дауыстарын есту де азап болғанын әңгімеледі. "Адамдардың ауруы жанына батқанын біле тұра, еш көмек көрсете алмау да азап екен", – деді ол.

Оның дерегінше, мысалы, Пол Юри (Paul Urey) есімді британдық азаптаулардан қаза тапқан. Украина сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба Полдың түрлі адам шошырлық азаптардың ізі қалған мүрдесі 7 қыркүйекте азат етілген аумақтан табылғанын мәлімдеді. Тұтқындардың жаралардан қансыраған денесін қандалалар кемірген. Олар жорғалағанда камера қабырғаларында қанды жолақтар қалады екен. Тұтқындар кез келген мезетте өлтіріп тастауы мүмкін екенін біліп, жан азабын тартқан, Дрюке кейде тіпті шыдамай, тезірек жан тапсыруды тілеген кездері болғанын білдірді.

Дрюкенің айтуынша, оккупанттар олардан пропагандистік видеоға түсуді талап еткен. Ресейлік ақпарат құралдарына арналған 17 маусымда жарияланған сұхбатта олар азаптаушылардың талап етуімен украиналық армияны коррупция жайлаған құрылым деп күстәналап, АҚШ-тан бұл елге көмек бермеуді өтінуге мәжбүр болыпты. Дрюке америкалық журналистерге соны айтуға тура келгеніне әлі күнге қатты ұялатынын, бар ынта-ықыласымен Украинаны қолдайтынын жеткізді.

Дрюке мен Хюиннің ендігі мақсаттары қол қусырып қарап отырмай, Украинаның әскери мұқтаждықтарына, Ресей тұтқынында қалған шетелдік әскерилер мен волонтерларды босатуға жұртшылық назар аудару болатынын мәлім етті.

Соғыстың әзір бітетін түрі жоқ. Ендеше естігеннің өзінде адам бойын үрей буатын жайттар ары қарай көбейе түсуі ықтимал.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу