Әзербайжан-Армения келіссөзі: Қазақстан Оңтүстік Кавказдағы ахуалдың тұрақталуына ниетті

485

Бүгінгі таңда Баку мен Ереван қарым-қатынасы қалай өрбіп жатыр? 

Әзербайжан-Армения келіссөзі: Қазақстан Оңтүстік Кавказдағы ахуалдың тұрақталуына ниетті Фото: Спикердің жеке мұрағатынан

Жақында Алматыда Әзербайжан мен Армения сыртқы істер министрлерінің келіссөздері өтті. Екіжақты кездесуді өткізуге Қазақстан тарапы ұсыныс білдірді. Баку мен Ереван арасындағы бейбіт келісімге қол жеткізу мүмкіндігіне қатысты қандай болжам жасауға болады? Осы тақырып төңірегінде inbusiness.kz сайтының тілшісі саясаттанушы Ислам Кураевтың пікірін білді.

Осы жылдың мамыр айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда Әзербайжан мен Армения арасындағы бейбіт келісімге дайындық жүргізу мақсатында екі елдің сыртқы істер министрлерінің келіссөзі өткізілетінін хабарлады. Президенттің сөзінше, бұл кездесу Оңтүстік Кавказда тұрақты әрі ұзақмерзімді бейбітшіліктің орнауына ықпал етпек. Тоқаевтың бұл бастамасы туралы не ойлайсыз?

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы уақытылы жүзеге асты, қажетті әрі қисынды бастама деуге болады. Әзербайжан мен Армения арасындағы соғыс қимылдары тоқтады. Одан кейін дипломатиялық ынтымақтастық, достық, тату көршілік қатынасты ілгерілету бойынша қандай да бір іс-әрекет байқалмады. Әрине, 30 жылдан астам уақытқа созылған соғыстың жай ғана тоқтай салмайтынын, адамдардың санасында әлі де күмән барын түсінеміз. Сол себептен бүгінде ең әуелі саяси ерік-жігер қажет. Елдер арасында саяси ерік-жігер бар, оларға альтернативті алаң қажет болды. Екі тарап осыған дейін Еуропада, Мәскеуде бірнеше рет кездесті. Тәжірибе көрсеткендей, тараптар келісімге келе алмады, бірін-бірі жиі айыптаумен болды. Бұл жағдайда біз бейтарап елміз, алаң ғана ұсынып отырмыз. Бұл ретте Армения мен Әзербайжан арасындағы қарым-қатынасты бір ізге салу Қазақстан үшін келешекте негізгі фактор екенін атап өту керек. Әсіресе, осы елдердің Оңтүстік Кавказ арқылы Еуропаға логистикалық әлеуетін ескерер болсақ, Қазақстанға жаңа жолдар ашылады. Бұл логистикалық әрі экспорттық тұрғыдан тәуелділіктің азаюын көздейді.

Алматыда Әзербайжан мен Армения сыртқы істер министрліктері басшыларының кездесуінде қандай негізгі мәселелер талқыға түсті?

– Делимитациялау мәселесі ең өзекті екенін айта кету керек. Одан кейін Армения мен Әзербайжан арасындағы шекараны демаркациялау мәселесі де бар. Бұдан басқа Зангезур дәлізі мәселесі қаралып жатыр. Екі тарап өзара түсіністікке қол жеткізген, келісімдерге келген жалпы мәселелер бар. Ортақ шешім табылмаған сұрақтар да бар.

Осы кездесуден соң Әзербайжан мен Армения арасындағы бейбіт келісімге қол жеткізу мүмкіндігіне қатысты қандай болжам жасауға болады?

— Болжамдарға келер болсақ, бұл өте перспективалы алаң болғанын айтсақ болады. Тараптардың өздері негізгі келісімдерге қол жеткізілгенін айтып отыр. Даулы мәселелер қалды, министрліктер деңгейіндегі кездесу жаһандық дүниеге айналып, болашақта мәселе екі елдің президенттері деңгейінде талқыланатын болады деп алдын ала баға беруге болады. Бұл ортақ мәмілеге келгенде, белгілі бір келісімге қол қойылғанда болуы мүмкін. Меніңше, ол күннің ауылы алыс емес. Арменияның көршілерімен қарым-қатынасты қалпына келтіруге деген құлшынысына қарайтын болсақ, Армения ұзақ блокада ішкі саяси жағдайдың, экономикалық жағдайдың нашарлауына әкеп соққанын түсініп отыр. Жалпы алғанда Армения үкіметі Әзербайжан және Түркиямен қарым-қатынасты реттеуге ниетті.

Екі елдің арасындағы қарым-қатынасты қалай бағалайсыз?

– Бүгінде Әзербайжан мен Армения арасындағы қарым-қатынас айтарлықтай қалыпты деуге келеді. Соңғы уақытта олардың әскери дайындықта жүргенін, түрлі арандатушылықтар болғанын ескерсек, қазір армян қоғамында мәселені дипломатиялық жолмен шешуге қатысты мәселе бар. Олар Бакумен арадағы қарым-қатынасты реттеуге ұмтылып жатқан басшыларының шешімімен келіспейді. Келешекте бұл мәселе реттеліп, Әзербайжан мен Армения бір-біріне рухы жағынан өте жақын елдер болады деген ойдамын. Бұрын Арменияда әзербайжан мектептері, Әзербайжанда армян мектептері болды. Қарабах қақтығысындағы оқиғаларға дейін бәрі басқаша еді. Біртіндеп бәрі оңалады.

Баку мен Ереван арасындағы бейбіт келіссөздерге қандай аймақтық және халықаралық факторлар ықпал етуі мүмкін?

– Қазір Еуропа, Ресей жағдайды шиеленістіріп жатыр, себебі Еуропа Арменияға қару-жарақ жеткізеді. Ресей болса саяси, экономикалық тұрғыдан қысым көрсетуге тырысып бағуда. Өйткені Армения Мәскеудің ықпалынан шыққысы келеді. Өз кезегінде осының бәрінің Әзербайжанмен қарым-қатынасқа, диалог орнатуға әсері бар. Меніңше, тараптар ортақ тіл табуға дайын, болашақта бұл мәселе шешімін табуы мүмкін.

Айта кету керек, осыған дейін Армения Алматыда өткен екіжақты кездесуге риза екенін жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу