Ажал-дрондары Украина аспанында үстемдік етуге әрекеттеніп жатыр

2769

Ирандық арзан "шахедтер" Ресей үшін қымбат ракетаның орнын басты. Ал "мопедтің" ызылдаған үнінен Киев жұртының үрейі ұшатын болды. 

Ажал-дрондары Украина аспанында үстемдік етуге әрекеттеніп жатыр Фото: google.com

Олар дәл, шағын, әрі көптеп жіберсе, әуедегі қорғаныс құралдарының бақылауынан өтіп кете алады, ең бастысы арзан.

Ресейдің Украинаға басқыншылығы барысында камикадзе-дрондар жауынгерлер мен бейбіт халықтың үрейін ұшырып, дәрменсіз күйге түсіріп, нысандарды іздеп тауып, жоя алатын қуатты әрі үнемді қару атағына ие болды.

Олар сондай-ақ дистанциялық қару ретінде де ракеталарды тез басып озды. "Кедейлердің қанатты зымыраны" атанып кеткен бұл ажал машиналары бүгінде кез келген ұрыс даласында қарсыласты көп шығынсыз талқандай алады.

Ресей Украина жерінде ирандық "Шахед" ұшқышсыз ұшақтарын топтап жібере отырып, бірнеше мақсатты көздейді. Негізгі нысандарды жою, украиналықтардың сағын сындыру және олардың қару-жарақ сандығын ортайтып, мүмкіндігінше оны толық жою.

Айта кетсек, Тегеран Мәскеуге дрон сатқаны жайлы ақпаратты үнемі жоққа шығарып келеді.

Соғыс кезінде дрондар қалай жұмыс істейді?

Ресей атын "Герань-2" деп өзгерткен "Шахед" дрондары тәрізді әуеде ұзақ уақыт қалықтап жүретін пилотсыз аппараттар Украина арсеналында да бар.

Жарылғыш заттармен қамтылған ирандық шағын ұшақтар мақсатты нысанын GPS координаттары арқылы табады. Содан кейін олар төмен қарай құлдилап, көздегенін өлтіруге кіріседі. Бұл әрекет Жапонияның Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі камикадзе-пилоттарын еске түсіреді. Ол ұшқыштар Тынық мұхиттағы соғыс кезінде жарылғыш зат толтырылған ұшақтарымен АҚШ-тың әскери кемелерін, эсминецтерін соққаны белгілі.

Иран деректеріне сілтеме жасаған украиналық Defense Express интернет-басылымының мәліметінше, "Шахедтің" ұзындығы 3,5 метр, ені 2,5 метр, салмағы шамамен 200 келі тартады. Ол сағатына 185 шақырым жылдамдықпен ұшып, 50 аттың күші бар қозғалтқышпен жұмыс істейді.

Бұл дрон бұрын Йеменде және өткен жылы мұнай танкеріне жасалған шабуылда қолданылған, дейді Вашингтондағы  "Демократияларды қорғау" қорының ғылыми орталығының аға қызметкері Бехнам Бен Талеблу.

"Шахед" шамамен 1,000 шақырым қашықтыққа арналғанымен, CNA сараптама орталығының сарапшысы Сэмюэл Бендеттің ойынша,Украинада ол әлдеқайда қысқа қашықтыққа ұшырылып жүр. Себебі бұл дронның GPS бағдарлау жүйесі кедергілер алдында өте берік емес.

"Шахедтерді" ирандықтар радиомен басқарғаны анықталып отыр. Ал Ресейдің Украина майданында бұндай іске қауқары жете ме, ол жағы белгісіз.

"Гераньдар" арзан әрі көп болғандықтан, Ресей өз ұшқыштарының өмірі мен күрделі ұшақтарына қауіп төндірмей, Украинада оларды қаптатып ұшырып жатыр.

Дүйсенбіде Киев мэрі Виталий Кличко қалаға 28 ұшқышсыз ұшақпен кезекті шабуыл жасалғанын хабарлады. Жүк машинасының ұшыру қондырғысынан жылдам атылатын бұл дрондар радардың назарына ілікпеу үшін төмен әрі баяу ұшады және де "шахедтер" әуе қорғанысынан өтіп кету мақсатында қарсылас аумағына тобымен жіберіледі.

Бұған қоса, олардың үрей туғызу күші жарылғыш заттың екпінінен де асып түседі.

Дегенмен Украинаның Ұлттық стратегиялық зерттеулер институтының ғылыми қызметкері Николай Белесковтың айтуынша, "шахедке" тек 40 келі жарылғыш заряд салынады, ал кәдімгі зымырандар 480 келі оқтұмсықты әлдеқайда ұзаққа жеткізе алады. 

"Мұндай дрондармен ірі нысанды қирату қиын", – дейді Белесков.

Шағын әрі арзан

Бір данасы 20 000 доллар тұратын "Шахед" толық өлшемді ракетадан әлдеқайда арзан. Мысалы, сегіз айлық соғыста кеңінен қолданылған ресейлік "Калибр" қанатты зымырандарының әрқайсының құны шамамен 1 миллион доллар тұрады. Олар көп атылып, РФ армиясын үлкен шығынға ұшыратты.

"Шахедтер" жанармай қоймаларын, инфрақұрылымды, электр және су станцияларын зақымдауға, қиратуға тиімді пайдаланылды және де Ресей Украина артиллериясына шабуыл жасау үшін "гераньдарды" барлау дрондарымен бірге дәлдікпен қолданды, дейді Бендетт.

Шағын көлеміне қарамастан, "Шахедтің" жарылғыш зарядының зақымдау қуаты жойқын тәрізді. Дүйсенбі күнгі шабуылдарда бір ұшқышсыз ұшақ операциялық орталыққа соққы берді, ал екіншісі бес қабатты тұрғын үйге соғылып, оның ортасын опырып түсіріп, кем дегенде үш пәтерді қиратып, үш адамды мерт қылған.

Украинаның Ұлттық стратегиялық зерттеулер институтының қызметкері Белесковтың айтуынша, қазір Ресей "шахедтерді" ұрыс даласында емес, азаматтық мақсатқа бағыттап жатыр. Өйткені украин күштері "олармен тиімді күресуді үйреніп", ирандық дрондардың жартысынан сәл астамын атып түсірген.

Соғыстың соңы көрінбейді. Ал оның Мәскеудің мойнына түсірген қаржылық салмағы ауырлап барады. Ресей Украина сияқты Батыс елдерінен миллиардтаған доллардың қару-жарағын тасымалдай алмайды. Бұл шайқас екі жақ зорыққанша жалғасуы мүмкін. Адами, материалдық және қаржылық ауыртпалыққа кім ұзақ төтеп бере алады, бұл сауалға нақты жауап жоқ. Бірақ қазір РФ үшін арзанырақ және күшті қару табу маңызды болып тұр.

"Шахед-136 – бұл Ресей тез шығара алмайтын қанатты зымыранның арзан нұсқасы", – дейді Белесков.

Талеблудың сөзінше, Ресей ирандық ұшқышсыз ұшақтардың көмегімен ұзақ қашықтықтағы нысандарға соққы беру мүмкіндіктерін арттыруды жалғастыра бермек.

"Бұл Еуропа мен әлемді алаңдатуы керек", – дейді америкалық сарапшы.

Ресей қақтығыс кезінде ұшырылған зымырандарының саны туралы ешқандай мәлімет бермеді. Бірақ жақында Украинаның қорғаныс министрі Ресей өзінің жоғары дәлдіктегі ракеталық арсеналының көп бөлігін пайдаланды деп мәлімдеді.

Оның дерегінше, басқыншылық қарсаңында Ресейде мұндай зымырандардың 1 844 данасы болса, қазанда олардың саны 609-ға дейін кеміген.

Жүйке соғысы

"Шахедтер" жүйкеге тиетін үздіксіз ызылдаған дауысы үшін "мопедтер" және "көгал орушылар" аталып кеткен. Бірақ олар ұшып жүрген жерде кез келген адамның бойын үрей билейтіні хақ. Өйткені бұл дрондардың қашан және қай тұстан соққы беретінін ешкім нақты білмейді.

"Жау түні бойы және таңсәріден бейбіт тұрғындарды үрейлендірді", – деп жазды әлеуметтік желіде Украина Президенті Владимир Зеленский пилотсыз аппараттардың "лаңкестік элементіне" мән бере отырып.

Белесков "Шахед" дрондарының соққылары Украинаның әуе қорғанысы осал деген қорқынышты тудыратынын мойындайды.

Оның айтуынша, бұл дрондарды тіпті көптеп қолданудың өзі Украина армиясының ұрыс даласындағы жетістіктерін жоққа шығара алмайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу