Ажар Ғиният: Ауыл тұрғындары тыныс алу жолдары ауруларына бейім келеді

Өңірлерде денсаулық сақтау көрсеткіштері жақсарып, жалпы өлім-жітім 21,3%-ға төмендеген.  

Ажар Ғиният: Ауыл тұрғындары тыныс алу жолдары ауруларына бейім келеді Фото: primeminister.kz

ҚР Үкіметінің отырысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният ауыл тұрғындарының денсаулығына талдау жасап, медициналық көмек көрсетуді арттыру үшін ведомствоның қандай шаралар қабылдап жатқанын баяндады, деп хабарлайды inbusiness.kz. 

Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, ауылда 8 млн-ға жуық адам тұрады, бұл ел халқының 41%-ын құрайды. Жалпы саны ауыл тұрғындарына 5 мыңнан астам медициналық ұйым көмек көрсетеді.

 "Ауыл тұрғындарының денсаулығын талдай келе, олардың арасында бірінші орында тыныс алу жүйесі аурулары 42,7% тұрғаны белгілі болды. Сонымен қатар ас қорыту жүйесі аурулары 9%-ды", – деді Ажар Ғиният.

Министр өңірлерде денсаулық сақтау көрсеткіштері жақсарып, жалпы өлім-жітім 21,3%-ға төмендегенін атап өтті.

Сонымен қатар, Ажар Ғиният коронавирустық пандемия жылдарында шектеу шараларына байланысты ауыл тұрғындарына мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігі төмендегенін де жеткізді. Ауруларды ерте анықтау және дер кезінде емдеу үшін ауқымды профилактикалық тексерулер енгізілуде. Жыныстық және жас құрамын, халықтың денсаулығын талдауды ескере отырып, нысаналы топ және ауыл тұрғындарына көрсетілетін қызметтердің тізбесі кеңейтілді.

Биылғы жылдың 20 қазанынан бастап республика бойынша барлық ауылдарда профилактикалық тексерулер жүргізілуде.

"Профилактикалық тексерулер жүрек-қантамыр жүйесі ауруларын, қант диабетін, асқазан мен бүйректің созылмалы ауруларын бастапқы сатысында анықтауға бағытталған", – деді Ажар Ғиният.

 

Сондай-ақ 18 жастан 70 жасқа дейінгі және одан жоғары жастағылар үшін асқазан-ішек жолдарының, зәр шығару жүйесінің ауруларын, 50 жастан асқан адамдар үшін респираторлық аурулар мен қуық асты безінің обырын ерте анықтау қызметтері кеңейтілді.

18 жасқа дейінгі балалар үшін 1, 3, 6 және 14 жаста қосымша жалпы клиникалық зертханалық зерттеулер енгізіледі.

Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, биыл ел тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған заңнамалық нормалар қабылданған.

Салалық заңнамаға ауылдық медициналық ұйымдарда дәріхана пункттерін құру нормасы енгізілді.  Биылғы жылдың шілде айынан бастап 230 елді мекенде 75 мемлекеттік дәріхана және 161 жеке дәріхана ашылды.

 "Ауылдық денсаулық сақтау саласын цифрландыру шаралары жүргізілуде, ауылдық денсаулық сақтау нысандарының 86,1%-ы интернетке қосылған, кеңселердің 91,1%-ы компьютермен жабдықталған, медициналық ұйымдардың 81%-ы ауруханалық ақпараттық жүйені енгізген", – деді министр.

 

Бұл ретте ауылдық жерлерде 67 мыңнан астам медицина қызметкері, оның ішінде 13 мың дәрігер, 54 мың орта медицина қызметкері жұмыс істейді.

 "Ауылға медициналық кадрларды тарту мақсатында түлектерге міндетті 3 жылдық жұмыс істеу нормасы қабылданып, әр келген дәрігерге 1-2 млн теңгеге дейін көтерме жәрдемақы, ал кейбір әкімдіктер 3-5 млн теңгеге дейін бөледі. Мәселен, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында", – деді министр.

 

Оның айтуынша, жыл сайын клиникалық бейіндегі 1500 медицина қызметкерін даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысы мен гранттар бөлініп, түлектер аймақтарға жіберіледі.

 "Мемлекет басшысы үш жыл ішінде резиденттік гранттар санын жыл сайын 70%-ға арттыруды қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар, "Салауатты ұлт" ұлттық жобасы аясында тапшы мамандықтарға 4000-ға жуық резиденттік гранттар қарастырылады. Биыл өңірлерге 1872 жас маман, оның ішінде ауылдарға 444 дәрігер жіберілді", – деді министр.

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу