Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 4,8 пайызға аз. Алғашқы 8 айда 11 093 жұп ажырасқан. Бұл былтырғымен салыстырғанда 9,3 пайызға төмен.
Қазақстан қоғамдық даму институты жүргізген зерттеу нәтижелеріне сүйенсек, ажырасудың жиі таралған себептері ретінде ерлі-зайыптылардың опасыздық жасауы, екінші отбасының пайда болуы, туыстарының отбасылық өмірге араласуы, тұрмыстық зорлық-зомбылық, маскүнемдік, қызғаныш, жұмыссыздық, қаражат және баспана мәселелері аталған.
Ал "Қазақстандық отбасылар – 2022" ұлттық баяндамасында елде соңғы 5 жылда ажырасу коэффициентінің азайғаны айтылады. Сарапшылардың мәліметінше, республикада бір жылда орта есеппен 140 мың жұп шаңырақ көтерсе, оның 50 мыңы бұзылады.
Заңды ажырасуға бел буғандар мұның да өз машақаты бар екенін ескеруі керек. Алимент өндіру мәселесі қалай шешіледі? Ортақ мүлік қалай бөлінеді? Ипотекаға алынған баспананың ақшасын қайтаруға кім міндеттеледі? inbusiness.kz сайтының тілшісі осы сұрақтарға жауап алу үшін адвокат Нұрлан Ахаттың пікірін білді.
– Неке бұзу үшін не істеу керек? Бұл процесс қанша уақытты алады?
– Жалпы некені бұзу тәртібі "Неке және отбасы туралы" Кодекстің аясында шешіледі. Неке бұзудың екі тәсілі бар. Ерлі-зайыптылар заңды ажырасу үшін сотқа немесе АХАТ бөліміне барады. Олардың кәмелет жасына толмаған ортақ балалары болмаса, АХАТ бөліміне арыз береді. Егер 18 жасқа жетпеген ортақ балалары болса немесе мүлік дауы туындаса, сот арқылы некені бұзады. Биылғы қыркүйектен бастап неке бұзуды ювеналды соттар қарайды. Негізінен бұл процесс 2 айға дейін уақыт алады. Бірақ сот ерлі-зайыптыларды татуластыру шараларын қолдану үшін қосымша уақыт бере алады. Егер ерлі-зайыптылар некені бұзуға қарсылық білдірмесе, сот мұны ескеріп, тиісінше неке бұзылады.
– Елімізде алимент беруден жалтарып жүрген ер азаматтар баршылық. Ажырасуға бел буған әйелдер бұл проблемамен кездеспес үшін нені ескергені жөн?
– Халық арасында әуелі некені бұзу керек, одан кейін барып алиментке беремін деген қате түсінік бар. Некені бұзбай жатып, алиментке бере беруге болады. Яғни бірге тұрғанның күннің өзінде де бір тарап, яғни әйелі көбінесе күйеуінен алимент өндіру жөнінде сотқа арызбен жүгіне алады. Сот осыған қатысты бұйрығын шығарып, әрі қарай сот орындаушылары жұмыс істейді. Алимент өндіру мәселесі сот орындаушыларына келіп тіреледі. Яғни әрі қарай олардың қалай жұмыс істеуіне тікелей байланысты. Кейбір жеке сот орындаушылары іс атқару өндірісіне түскен күннің өзінде әрекет етпей, борышкерге қатысты шаралар қолданбай жатады.
– Ажыраcқан кезде бала қандай жағдайда әкесінің қамқорлығында қалуы мүмкін? Негізі қандай да бір статистика жүргізіле ме? Көп жағдайда бала кімде қалады?
– Нақты статистиканы келтіре алмаймын. Алайда көбінесе балалар анасында қалып жатады. Әкесі жағында қандай кезде қалады дегенге келетін болсақ, егер тараптар қарсы болмаса, яғни анасы баланың әке қарауында қалуға қарсылық танытпаса, одан кейін әкесінің қаржы табу, баланы бағу мәселелері де қаралады. Осы бойынша тиісті уәкілетті органдар ер адамның қаржылық жағдайын, үйде баланы әкесінен басқа кім асырай алады деген мәселені қарастырады. Одан кейін ғана тиісті шешім қабылданады.
– Азаматтар неке бұзған кезде нені ескеруі керек? Мәселен, ортақ мүлік қалай бөлінеді?
– Неке бұзған кезде мүлікті бөлу дауы өте жиі кездеседі. Мұнда ортақ мүлік болып ерлі-зайыптылардың некеге отырған сәттен бастап жиған-терген мүлкі, ақша немесе тағы да басқа жылжымайтын мүлкі саналатынын ескеру қажет. Ортақ мүлік күйеуі мен әйелінің арасында негізінен теңдей бөлінеді. Бірақ кейбір жағдайда сотпен қаралған кезде бір тарапқа 50 пайызынан артығын беруге құқығы бар. Мүлікті бөлу кезінде оның балаларға қатысы бар деген де жаңсақ пікір. Мүлік балаларға бөлінбейді.
– Ерлі-зайыптылардың ортақ ипотекасы немесе несиесі болса, оны кім төлейді?
– Егер ипотека мәселесі сотта қаралатын болса, ерлі-зайыптылардың біреуінде ғана болатын болса, банк оны төлеуге міндеттейді. Ерлі-зайыптылардың екеуінде де болса, осыған дейін қалай төлеп келді, солай ипотека мен несиені төлеп өндіруге міндетті. Ипотека болғаннан кейін банк мүдделілік жағдайында қатысады. Кейбір жағдайда ипотекада тұрған үйдің бір бөлігі әйеліне немесе күйеуіне тиесілі болса, бір тарап екінші тарапқа тиісті нарықтық бағалауды жүргізе отырып, сол сомада екінші тарапқа өндіріп береді. Әрі қарай бір тарап үйдің толыққанды иесі атанып, ипотеканы өзі төлей береді.