Азия континенті Еуропаның өрмекшінің торындай темір жол желісіне тікелей шықты

5274

Көршіні күйіндірген, кәсіпкерді сүйіндірген жаңа халықаралық бағыт Қазақстанға қандай пайда әкеледі.  

Азия континенті Еуропаның өрмекшінің торындай темір жол желісіне тікелей шықты

Еуразиялық экономикалық одақтың жалғыз ғана мүшесін қамтитын, Қытайдан қазақ, түрік, азербайжан және грузин жері арқылы сонау Лондонға дейін баратын жаңа тасымал бағытының ашылуын аталған одаққа кіретін Ресей мен Армения аса ауыр қабылдап отыр.

Өйткені жаңа бағыт жаһандық алапат жүк тасқынының үлкен бөлігіне енді осы екі мемлекетті де айналып өтуіне жол ашты. Өкпесі қара қазандай болған бұл қос "одақтасымыз" өз ашу-ызасын таяуда іске қосылған "Баку – Тбилиси – Карс" темір жол бағытына небір жәбірлеуші эпитеттер таңу арқылы паш етуде. Олардың ішіндегі ең жұмсағы – "бұлар қотыр мысықты "экономикалық жолбарыс" етіп көрсетуде" деген өзін-өзі жұбатуға саяды.

Бірақ "ит үреді, керуен көшеді" деген даналыққа жүгінген қатысушы елдер бүкілконтиненталдық жобаны дамытуға белсене кірісті. "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының хабарлауынша, осы аптадағы сәрсенбі күні біздің Көкшетау стансасынан аттанған тұңғыш контейнерлік пойыз жаңа берілген халықаралық темір жол желісімен жүріп отырып, түріктің Мерсин қаласына келіп жетті. "ҚТЖ"-ға қарасты бұл пойыз құрамындағы 20 футтық отыз контейнерге астық тиелген. Жылжымалы құрам Қазақстан мен Каспийді қоса алғанда, 5 мың 435 шақырымды небары он күнде басып өтті.

Бұл бағытқа әсіресе, Мәскеудің ызаланатын жөні бар. Жаңа "темір Жібек жолы" солтүстік алпауыт көршімізді халықаралық тасымалдан табатын кірісін айтарлықтай кемітетін болады, мұны ресейлік сарапшылар да мойындауға мәжбүр.  

"Баку – Тбилиси – Карс" (БТК) темір жолы бағдары 2017 жылғы 30 қазан күні салтанатты жағдайда ашылды. Осы орайда теміржолшылар жақсы білетін "алтын балдақты" қағу символдық дəстүрі мен теміржол нұсқамасын бұру рәсіміне Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған, оның жұбайы Әмине Ердоган, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев және осы елдің бірінші ханымы Мехрибан Әлиева, Грузия премьер-министрі Георгий Квирикашвили, Өзбекстан премьер-министрі Абдулла Арипов, Түркіменстан теміржол көлігі министрі Дерягулы Бяшимов, ал Қазақстан атынан елбасының тапсырмасымен үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев қатысты. Сондай-ақ олар осынау тарихи мезетті мәңгілікке айғақтап қалдыратын арнайы мемориалдық тақтаны ашты. 

Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, БТК магистралінің енгізілуі Қазақстанға Қара және Жерорта теңіздеріне жаңа бағдар арқылы шығуға мүмкіндік береді екен.

"Ол арқылы біз теміржолмен Түркияға жете отырып, ары қарайғы дәліз бойынша жүк тасымалының географиясын кеңейтеміз және 2020 жылға қарай Қазақстан аумағы арқылы транзитпен жылына 2 миллион контейнерге дейін тасымалдануына қол жеткіземіз", – деді Қазақстан үкіметінің басшысы.

Еліміз бұл жерде тағы бір дивидент-ұтысқа ие болады: "Баку – Тбилиси – Карс" бойында елордадағы "Локомотив құрастыру зауыты"  мен "Электровоз құрастыру зауыты" шығаратын қазақстандық локомотивтер де қолданылатын болады. Бүгінде осы мақсатта 10 тепловоз жөнелтілген және олар ендігі сонда жұмыс істеуде. Сонымен қатар 2020 жылға дейін Қазақстан Әзербайжанға айнымалы тоқпен жүретін 40 жүк электровозын жеткізеді.

Қазір жаңа темір жол бағдары Түркияға дейінгі бағытта жүк тасымалын өрістетеді, ал алда ол жаңа "темір Жібек жолының" бөлігіне айналып, Қытайды тікелей Еуропамен байланыстырмақ және Босфор астындағы "Мармара" темір жол тоннелі арқылы Лондонға дейін жетеді. Осының барлығы Ресейді айналып өтеді: жоба бұл елдің оған қосылуын еш қарастырмайды.

Айта кетсек, қазақ елі Қытайды Еуропамен автокөлік жолымен байланыстыратын "Батыс Еуропа-Батыс Қытай" халықаралық мега-жобасын қол алған болатын, бұл бағдар аясында Қытай өз құрылыстарын екі жыл бұрын аяқтап, жол инфрақұрылымдарын қазақ жерінің шетіне әкеп тіреп қойды. Біздің ел де ары қарай жаңа желіні өркендетті: барлық магистральді жолдар құрылысы аяқталып та қалды. Бірақ бұл жоба Ресейдің өз аумағындағы бағытты дамытуға қаржы салмауы және оны екі жыл кейінге жылжытуы кесірінен, ары қарай дами алмай тұр.

Бұған дейін ресми Мәскеудің ұстанымы "кез келген халықаралық және трансконтиненталдық бағыт әлемдегі №1-ші алып аумақты айналып өте алмайды, егер Ресейді айналып өтсе, оның бағдары ұзайды" деп келетін. Алайда жаңадан жүргізілген ізденістер, заманауи технологиялармен тандем құра отырып, мұның еш қиындық тудырмайтынын дәлелдеді. Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев жаһандық ақпарат құралдары арқылы БТК-ны "Еуропа мен Азияны біріктіретін ең қысқа әрі сенімді жол" деп жариялады.

Бұл байламды кейін Қазақстан үкіметінің жетекшісі де растады: "Бұл жоба бүкіл Каспийдегі логистикалық мүмкіндіктерді де кеңейтеді. Ол Азиядан Еуропаға және кері бағытта ағылатын жүк тасымалының жылдамдығын екі есеге арттырады", – дейді Бақытжан Сағынтаев.

Түркия басшысы Ердоған мырза да шетелдік журналистер арқылы Батысқа құлаққағыс жасады: "БТК – бүкіл аймақ үшін стратегиялық мәнге ие. Біз осылайша, Лондоннан Қытайға дейінгі тікелей темір жол бағытының құрылғанын жариялаймыз", – деді Реджеп Тайып Ердоған.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта Қытайдан Ұлыбритания, Франция, Германия және басқа да еуропалық елдерге қолданыстағы Оңтүстік және Солтүстік дәліздері және теңіз жолы арқылы жүк тасымалдау 45-тен 62 күнге дейінгі уақытты алады. Ал БТК енді бұл мерзімді бірден екі аптадай уақытқа – 12-15 күнге қысқартуда. 

Мамандардың мәліметінше, Қытай мен Еуропа арасындағы жүк айналымының көлемі 240 миллион тоннадан асады. Осының біраз бөлігінің Қазақстан арқылы өтуі ел қазынасына мол кіріс түсірмек.

Бұл жаңа магистральдің жалпы ұзындығы шамамен 850 шақырымды құрайды. Онымен жүріп өткен алғашқы пойыз вагондарына қазақ астығы тиелген екен. Ол астық жаңа бағытқа Каспийдегі "Құрық" портынан пароммен жеткізілді. Жүзеге асырылуы он жыл бұрын басталған БТК желісі сөйтіп, өмірге жолдама алды.

Айтпақшы, 2007 жылдың қарашасында, осы жобаның басталуы салтанатында сөз сөйлеген Грузияның сол кездегі президенті Михаил Саакашвили мұны анау-мынау емес, "үлкен геосаяси революция" деп бағалады: "Бүгінде Еуропаға Ресей аумағы арқылы тасылып жатқан барлық жүктер енді осы жолмен жүретін болады", – деп мәлімдеген еді ол. 

Бір айта кетерлігі сол, әу баста бұл бағытпен небары 4-5 миллион тонна ғана жүкті жөнелте бастау көзделіпті. Бірақ кейін Ресей және Беларусь арқылы Еуропаға бет түзейтін 10 миллион тонна жүгін БТК-ға бағыттауға ниет білдірген Қазақстан жобаға тың леп, жаңа серпін беріпті. Нәтижесінде, Түркияның көлік, кеме қатынасы және коммуникациялар министрі Ахмет Арсланның айтуынша, БТК-ның қазіргі қуаттылығы жылына 35 миллион тонна жүкке дейін жетеді деп күтілуде.

Тағы бір белгілі болғаны, жобаға қатысушы елдер өзара тарифтік саясатты да үйлестірген көрінеді. Оған сәйкес, жүкті жеткізу құны 1 тонна үшін 37,9 долларды, 1 вагон үшін 2279 долларды, ал 40-пұттық 1 контейнер үшін – 529 долларды құрамақ. Салыстыру үшін айталық, бір контейнерді мәселен, Владивостоктан Мәскеуге дейін жеткізу құны $1200 тұрады.  

Алғашқы жылда БТК бағытымен шамамен 1 миллион жолаушы тасымалдау да жоспарлануда. Бұл ретте жолаушылар тасымалы келе жатқан 2018 жылы басталмақ.

БТК арқылы Түркия сонымен бірге, Каспий өңірі елдерінен сұйытылған газ бен мұнай өнімдерін тасуға кіріспек. Ал ең бастысы, Қытай Қазақстан арқылы контейнерлік тасымалдарын осы желіге бұратын болады. Әйтпесе, вагондары өз өнеркәсіптік топтарынан аспайтын Ресей шың елінің жүк ағынына бөгесін болып жатыр деседі.

Ресейлік сарапшы Рустем Фаляховтың пайымдауынша, бұл жаңа бағыттың іске қосылуы нәтижесінде Қытай мен Еуропа арасындағы жол шынымен де қысқарады, әрі қолайлырақ болады. Өйткені Қара теңізде тауарларды қайта арту қажет болмай қалады. Ал түріктің Карс елді мекенінен Еуропаға қарай – Грекия мен Болгария арқылы темір жол қатынасы бұрыннан жолға қойылған. Рас, БТК-ға, соның ішінде Бакуге дейін қытайлық жүктер Каспийдегі қазақстандық айлақтар арқылы пароммен жеткізіледі.

Осы орайда жаңа магистралдің жұмыс жасай бастауы қазақстандық көлік-логистиканың жаңаша дамуына түрткі болмақ. Атап айтқанда, мамандандың пікірінше, енді біздің айлақтарда контейнер тасымалдаушы кемелер пайда болуы маңызды. Себебі, паромдар күші жиырма шақты контейнер тасуға ғана жетеді. 

Әрине, Ресейді айналып өтетін бағыттар толық күш алғанға дейін солтүстік көршіміз арқылы өтетін бағдарлар да қызмет ете бермек. Бұдан Қазақстан да ұтылмайды: өйткені қазір қытайлық тауарлар ағыны "Достық" және "Алтынкөл" бекеттері арқылы ресейлік "Забайкал", "Наушки" стансаларына немесе Владивостоктағы "Восточный" портына жол тартады. Қытайдан Қазақстан және Ресей арқылы Еуропаға бағытталатын транзиттік жүк ағыны биылғы жылы 340 мың TEU-ді құрады (1 TEU – бір 20-пұттық контейнерге тең). Бұл ретте бір контейнерді тасу құны қытайлық тараптың субсидияларын қоспағанда, 3,5-4,5 мың доллар болған екен.

Сарапшылардың байламынша, БТК жаңа темір жол бағытын саясиландырудың еш мәні жоқ. Бұл жерде бизнес пен экономика мүдделері алға озып отыр.

"Қазақстан үшін жүк тасымалы саласын әртараптандыру, бір елге ғана тәуелді болып қалмау маңызды. Есіңізде ме, екі жылдай бұрын Түркия Сириядан өзіне қарай өтіп кеткен Ресейдің әскери ұшағын атып құлатты да, Мәскеу мен Анкара арасында шиеленіс туындады. Міне, сонда көптеген бизнесмендер ресейлік солтүстіккавказ бағыты бойынша тауар тасымалдауда қиындықтарға душар болды. Кәсіпкерлерге тауарларының бір бөлігін Әзербайжан арқылы тасымалдауға қайта бағыттауға тура келді. Бұл баламалы сауда жолдарын дамытудың қажеттілігін дәлелдеді", – дейді тұңғыш президент қорының әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Асқар Нұрша.

Қазақстанның Грузиядағы төтенше және өкілетті елшісі Ермұхамед Ертісбаев та жаңа темір жол бағытын қуанышпен қарсы алып, оны "жылдың басты оқиғасы" деп бағалады.

"Қазақстан "жаңа Жібек жолы" аса ірі халықаралық жобасын жүзеге асыруға өте белсенді қатысуда. Демек, "Баку – Тбилиси – Карс" жобасына араласуымыз заңды және оның символдық мәні бар. Кейбір адамдар онда аттары аталған қалалардың атауларына қарайды да, бұл бағыттың бүкіл әлем үшін маңызды екенін түсінбейді. Бірақ шынында бұл адамзатпен қош айтысқалы тұрған 2017 жылдың ең бір ірі оқиғасы болып табылады. Себебі, дәл осы темір жол арқылы Азия мен Еуропа бір-бірімен тез табысатын болады. Осыдан бастап, Азия континенті Еуропаның ну ормандай қалың темір жол желісіне тікелей шығып отыр", – деп әсерлі пікір білдірді қазақ елшісі Ермұхамед Ертісбаев.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу