Азық-түлікке қойылған шекті баға алынып тасталды

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
4609

Министрліктердің бірлескен бұйрығының күші жойылды.  

Азық-түлікке қойылған шекті баға алынып тасталды

Үшінші сәуірде сауда, ауыл шаруашылығы және ұлттық экономика министрліктері бірлескен бұйрыққа қол қойып, төтенше жағдайға байланысты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының шекті бөлшек сауда бағасын бекіткен болатын. Осының негізінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауары саналатын: бірінші сортты бидай ұнын, бірінші сортты ұннан жасалған бидай нанын, өлшеніп сатылатын рожкиді, қарақұмық жармасын, тазартылған күрішті, сиыр етін, I санатты тауық жұмыртқасын, күнбағыс майын және ас тұзын қымбат бағаға сатуға тыйым салынған еді. Бұл туралы сауда және интеграция министрлігі: "Әлеуметтік маңызы бар тұтыну тауарын қымбат бағаға сатып алған кез келген тұтынушы dosmart.kz порталына фискалды чек жіберсе, бекітілген шекті бөлшек сауда бағасын бұзған сауда объектілеріне әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 202 бабы бойынша 100 АЕК мөлшерінде 277 мың теңге, құқықбұзушылық қайталанған жағдайда 200 АЕК мөлшерінде 555 мың теңге айыппұл салынады", – деп хабарлаған.

Бұдан кейін арнайы рейд ұйымдастырылған. Қорытындысында Нұр-Сұлтан қаласындағы Interfood, "ВкусМарт", "Встреча" супермаркеттерінің басшылары 100 АЕК көлемінде айыппұл арқалаған. Ал Алматы қаласының 110 кәсіпкері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының шекті бағасын негізсіз көтергені үшін 30 млн теңге айыппұл төлеуге мәжбүрленген.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен 15 наурызда елімізге енгізілген төтенше жағдай режимінің 11 мамырда аяқталуына байланысты министрліктердің бірлескен бұйрығының күшін жойылып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қойылған шекті баға алынып тасталды

Сауда және интеграция министрлігінің мәлімдеуінше, қымбатшылыққа жол бермеу үшін алдағы уақытта әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру шаралары жүзеге асырылады.

Айта кетейік, өткен аптада мәжілістің жалпы отырысында "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды. Құжат тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық бірлестіктерді және өзін-өзі реттейтін ұйымдар мен тұтынушы арасындағы дауды сотқа дейінгі реттеу мәселелеріне белсенді тартуға, тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктерінің қоғамдық бақылауды жүзеге асыруына, тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың бірыңғай ақпараттық жүйесін құруға, Қазақстан Республикасының тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылау енгізуге, тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органның мемлекеттік органдар қызметін үйлестіруші ретіндегі рөлін, оның ішінде тұтынушылардың құқығын қорғау жөніндегі ведомствоаралық кеңес құру арқылы күшейтуді көздейді.

Депутат Меруерт Қазбекованың айтуынша, заң жобасында ішкі сауда субъектілері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өткізген кезде сауда үстемесін өндірушілер мен көтерме сауда арқылы берушілердің  бағасына 15% дейін шектеу енгізу нормаcы қарастырылған.

"Бұл талап бұзылған жағдайда кәсіпкерлерге әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төлейді. Осы норма әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағысының өсуін тежеуге мүмкіндік береді. Аталмыш норма

ұн, жұмыртқа, күнбағыс майы, тұз және басқа да азық-түлік тауарларынан тұратын 19 позицияны қамтиды", – деді Меруерт Қазбекова.

Біле жүріңіз, сәуір айында азық-түлік тауары бағасының жылдық өсімі 10,4% құрады. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев: "Төтенше жағдай мен карантин талаптарында тамақ өнімдеріне сұраныстың өсуінен Қазақстандағы жылдық инфляция үдеуін жалғастырды және екі ай қатарынан 2020 жылы 4-6% нысаналы дәлізден асты. Сәуірде инфляция 6,8% деңгейінде қалыптасты. Сауда бойынша серіктес елдерде карантин шаралары енгізіліп, импорт шектелді және ұсыныстың жеткіліксіз болуынан азық-түлік тауарының бағасы бір айда 1,9% өсті. Ал жылдық өсім 10,4% жетті.  Бұл – 2017 жылдан бергі ең жоғары өсім", – деді.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу