Бағдат Мусиннің командасынан мамандар кетіп жатыр

1937

Бүгінде ең көп сыналатын меморганға айналған Цифрлық даму министрлігінің Орталық аппаратының қызметіне жүргізілген жемқорлық тәуекелдерді ішкі талдаудың нәтижелері жарияланды. 

Бағдат Мусиннің командасынан мамандар кетіп жатыр Фото: primeminister.kz

Бірден айталық, ішкі талдауды министрліктің өзі жүргізді. Бірақ осы антикоррупциялық талдау қорытындысының өзі біраз тосын жайтты әшкереледі, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібінің орталық аппараты 19 құрылымдық бөлімшеден – 15 департаменттен және 4 басқармадан тұрады. Соған қарамастан, өзге министрліктерге қарағанда, бұл ведомство шағындау саналады.

Мусиннің орталық аппаратындағы қызметкерлердің штат саны 169 бірлікті құрайды. Алайда министр әлі күнге дейін өз командасын білікті мамандармен толтыра алмай келеді. Тексеру басталғанда, 2022 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша онда вице-министрлерді қоса алғанда, небары 153 қызметкер ғана жұмыс істепті. Сол кезде бос тұрған лауазымдардың жалпы саны – 16 бірлік болған.

Содан бері министрліктің 20 қызметкері қызметінен кетіп қалды. Соның ішінде:

  • 15-і өз еркімен өтініш жазып, лауазымдарын тәрк еткен. Себебі белгісіз;
  • 3 адам басқа мемлекеттік органдағы жоғары тұрған лауазымға ауысқан;
  • 1 адам басқа меморганға ауысып, тең лауазымды қанағат тұтқан;
  • 1 адам тіпті басқа мемлекеттік органдағы төмен тұрған лауазымға келісіпті. Бұл командадан ауысуға асыққанға ұқсайды.

Биылғы 9 айда Цифрлық даму министрлігінің 10 қызметкері саналуан бұзушылықтары үшін түрлі жазаға тартылғаны туралы мәлімет те елең еткізді. Тарата айсақ, 9-ы ескертумен құтылған. Бірақ бұл да жаза саналады. Айтқандай, Үкіметтің биылғы кеңейтілген отырысында министр Бағдат Мусиннің өзі Президенттен ескерту алған болатын. Оның бірі –  сөгіс, екіншісі – қатаң сөгіс.

Түсініктемеде айтылғандай, министрлік қызметкерлерінің тәртіптік жауапкершілікке тартылуының негізгі себептері – лауазымдық міндеттерін тиісінше орындамау.

Бірақ 8 тәртіптік жаза мерзімінен бұрын алып тасталды.

Бағдат Мусиннің ұжымында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар, мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтар немесе сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар үшін сотталғандар жоқ екен.

Бұл ведомство шынында, шағын. Цифрлық даму министрлігінің орталық аппаратын, аумақтық органдарын және ведомстволық бағынышты мемлекеттік мекемелерін қоса алғандағы жалпы штат саны –  426. Одан төмені – тек Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі: оның жалпы штат саны бар-жоғы –  386 адам.

Салыстырсақ, Ішкі істер министрлігінің штат саны – 123 мың 581, Төтенше жағдайлар министрлігінде – 25 364, Қаржы министрлігінде – 17 218, Денсаулық сақтау, Ауыл шаруашылығы, Экология министрліктерінде – тиісінше, 5 897, 5 757 және 5 461, Мәдениет және спорт министрлігінде – 2 621, Әділет министрлігінде – 2 441, Сыртқы істер министрлігінде – 1 352, шағын саналатын Ұлттық экономика министрлігінде – 1 078 бірлікті құрайды.

Жалпы, сонша бос орын бола тұра, Мусин командасының өз қатарына жаңа қызметкерлерді алуға асықпайтыны қайран қалдырады. Мемлекеттік қызметке қабылдау салалық заңнамаға сәйкес конкурстық рәсімдерді өткізу арқылы жүзеге асырылатыны мәлім. 2022 жылдың 6 айында Цифрлық даму министрлігі 29 конкурс өткізіпті. Оның 20-сы ішкі, яғни ведомствоның өз қызметкерлері арасында, қалған 9-ы ғана жалпы негізде жүргізілген. Оларға жалпы алғанда 103 үміткер қатысты: 11-і ішкі, басым көпшілігі, яғни 92-сі – жалпы конкурстарда бақ сынады.

Содан 29 конкурс нәтижесінде 13 маман тағайындалды. Оның ішінде ішкі конкурстың қорытындысы бойынша 6 адам және жалпы конкурстың қорытындысы бойынша 7 адам.

Талдауда "Есепті кезеңде меритократия қағидаты бойынша жоғары тұрған лауазымдарға министрліктің 4 мемлекеттік қызметшісі тағайындалды" деп жазылған.

Министрлік жұмысында коррупция белгілері жоқ.

"Мемлекеттік қызметке жаңадан және алғаш рет қабылданған қызметкерлер Ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнайы тексеруінен өтеді. Жыл сайын мемлекеттік қызметшілердің, оның ішінде мемлекеттік қызметке жаңадан және алғаш рет кіргендердің кірістері мен мүлкі туралы декларацияларды уақтылы тапсыру бойынша жұмыс ұйымдастырылады. Министрліктің сайтында азаматтар мемқызметшілердің лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану фактілері туралы хабарлай алатын сенім телефоны көрсетілген. Ішкі құжаттарды талдау нәтижесінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталған жоқ", – деген ресми қорытынды жасалған талдауда.

Былтыр және биыл Қазақстанға жаппай көшкен, криптовалюта өндіретін қытайлық кәсіпорындарға қатысты қаншама былық ашылды. Ал бұл салаға Цифрлық даму министрлігі жауап береді. Цифрлық майнинг бойынша қызметті жүзеге асыратын компаниялардың тізілімін де осы министрлік жүргізеді. Бұл тізілім министрліктің ресми интернет-ресурсында жариялануға тиіс еді. Алайда ведомство сайтынан ол табылмады. Оның үстіне антикоррупциялық талдауда берілген сілтеме де істемейтін болып шықты.

2022 жылдың 6 айында 333 ұйым министрлікті цифрлық майнинг саласындағы ағымдағы қызметі туралы ресми түрде хабардар етті. Оның ішінде 112-сі – қолданыстағы ұйым, 177-сі – қызметін жаңа бастағандар. Сондай-ақ, 44 ұйым өзгелерге цифрлық майнинг жабдықтары мен инфрақұрылымын ұсынатыны жөнінде құлағдар етті.

Майнерлерге қатысты қаншама жөнсіздік ашылғанымен, "Цифрлық активтер басқармасының қызметін реттейтін құқықтық актілер мен ішкі құжаттарды талдау нәтижелері бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдері" анықталмапты. 

Айтпақшы, талдауда көрсетілгендей, 2022 жылғы 6 айда, яғни пандемия бәсеңдегеннің өзінде, министрлік жүргізген Ashyq жүйесіне және басқасына қатысты халық пен бизнестен 3 102 шағым түсіпті.

"Есепті кезеңде (2022 жылғы 9 айда) министрліктің қызметіндегі сыбайлас жемқорлық фактілері туралы мәліметтерді қамтитын ақпараттық материалдар электрондық және баспа БАҚ-та болған жоқ", – деп хабарлады Цифрлық даму министрлігі.

Әйткенмен, қазіргі таңда дәл осы министрлікке қатысты қоғам тарапынан көп сын айтылды. Мысалы, Цифрлық даму министрлігінің барлық оқушыны кітап орнына планшетпен қамту бастамасы қатты сынға ұшырауда.

"Мусин мырзаның айтқаны нақыл сөзге айналатын түрі бар. Ұялы байланыс операторлары арқылы планшеттер сатып алынады. Яғни, ұялы операторлар мамандандырылған SIM-картасын планшетке салады да, оқушыларға береді. Біз ұялы операторлардың шығынын өтейміз". Министрдің операторлардың ығына жығылып, олардың өніміне сұраныс тудырғалы тұрғанына тереңдемей-ақ қойсақ, онда Мусин тілінен адами тілге аударғанда, мемлекет ұялы байланыс операторларын тікелей қаржыландыруға көшеді деген қорытынды шығады", – деп сынады саяси шолушы, журналист Денис Кривошеев.

Бағдат Мусиннің түсіндіруінше, байланыс операторларының біреуі таңдалуы да мүмкін.

"Ол үшеуінің бірімен белгілі бір келісімге келеміз. Біз барлық тетікті талдадық және сұраныс тудыруға шешім қабылдадық. Біз ұялы байланыс операторларына әр оқушы үшін жан басына қарай төлейтін боламыз. Ал оператор Қазақстан аумағындағы планшет өндірушілермен өзі келіседі. Ол осы арқылы жыл соңына дейін мектептерге арналған планшеттер жеткізілімін қамтамасыз етеді. Бастапқыда планшеттер жай ғана құрастырылады. Ал екі-үш жыл өткен соң, қазақстандық жергілікті үлесті арттыру мәселесін қоямыз", – деді Цифрлық даму министрі.

Қазақстанда қазір 3,7 миллионнан астам оқушы бар. Ендеше қанша қытайлық, ресейлік және басқа елдердің планшеттері сатып алынатынын, ауқымын осыдан-ақ түсінуге болады. Демек, министрлік аппаратының ішкі тексеруімен шектелмей, бұл іске төгілетін бюджеттік миллиардтарды Антикор да, Парламент те бақылауға алса құба-құп.

Блогер, журналист Гүлбану Әбенова министрдің бір ісін сынады.

"Естеріңізде болса, министр Бағдат Мусин  Egov-ты Ресейге бермейтінін және жаңа платформаны әзірлеуге Сбер жіберілмейтінін бірнеше рет хабарлады. Алайда енді Есеп комитетінің тексеруі бұл жұмыстарға Сбер мамандары жіберілгенін әшкерелеп отыр. Министрлік ақпараттық коммуникация инфрақұрылымын және "электронды Үкімет" объектілерін тексеруге 2021 жылы 3 млрд 172 млн теңге шығындапты. Бұл ретте бюджет қаржысының басым көпшілігі – 1 млрд 779,1 млн теңгесі немесе 56%-ы қосалқы мердігер ұйымдарға берілген. Соның ішінде Сбербанктің еншілес ұйымы "BizOne Kazakhstan LTD" компаниясымен 1 млрд 82,2 млн теңгеге қосалқы мердігерлік келісімі бекітілген. Қарапайым тілмен айтқанда, 1 миллиардтан астам халық қаржысы тек осы жоба бойынша Сберге аударылды. Бұл ретте ресейлік Сбер азаматтардың деректеріне қол жеткізуі мүмкін",  – деп хабарлады блогер.

Әрине, осы және басқа да бастамалардың астарында жемқорлық көріністері шынымен жоқ та шығар. Бірақ Цифрлық даму министрлігіне халық пен бизнес тарапынан сұрақ өте көп болып тұр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу