Бай елдер де инфляция алдында иммунитетсіз

1629

АҚШ долларының күшеюі бүкіл әлемге ауыртпалық әкеліп жатыр.

Бай елдер де инфляция алдында иммунитетсіз

Каирде тұру құны шарықтағаны сонша, күзетші Мұстафа Гамаль ақша үнемдеу үшін әйелі мен 1 жасар қызын Мысыр астанасынан оңтүстікке қарай 112 шақырым жерде орналасқан ауылға ата-анасымен бірге тұруға жіберуге мәжбүр, деп хабарлайды inbusiness.kz.

28 жастағы Гамаль қазір екі жұмыс істейді, басқа жастармен бірге пәтер жалдап, оның ақысын бөлісіп төлейді және еттен бас тартқан.

"Барлығы екі есеге қымбаттап кетті. Амалым қалмады", – дейді ол "Ассоушиэйтид пресс" агенттігіне берген сұхбатында.

Гамальдың басындағы қайғы мен түңіліс қазір бүкіл әлемде талай адамға тән. Мұндай шағымды Найробидегі (Кения) автобөлшек сатушысынан, Ыстамбұлдағы киім саудагерінен, Манчестердегі (Англия) шарап импорттаушыдан естуге болады. АҚШ долларының тым күшеюі көп елдің ұлттық валютасын әлсіретіп, тауарлар мен қызметтер бағасының аспандап кетуіне себепкер болып отыр.

Доллардың күшеюі Ресейдің Украинаға басып кіруіне байланысты отбасылар азық-түлік пен энергия тапшылығына тап болған шақта қаржылық қиындықтарды тіпті ушықтырып барады.

Корнелл университетінің сауда саясаты профессоры Эсвар Прасадтың сөзінше, "қуатты доллар әлемнің қалған бөлігіндегі (АҚШ-тан тыс) жағдайды нашарлата бермек".

Көптеген экономистер доллардың күрт қымбаттауы келесі жылы жаһандық рецессия ықтималдығын арттырады деп алаңдап отыр.

Доллардың негізгі валюталарға қатысты құнын өлшейтін ICE-тің дерегінше, Америка ақшасы биыл 18%-ға өссе, өткен айда ол соңғы 20 жылдағы ең жоғары көрсеткішке дейін нығайған.

Доллардың күшею себептері ешкімге жұмбақ емес. АҚШ-тағы инфляцияның өсуімен күресу үшін Федералдық резерв жүйесі өзінің қысқа мерзімдік пайыздық мөлшерлемесін биыл бес рет жоғарылатты және алдағы уақытта бұл ставка тағы да көтерілуі мүмкін.

Басқа валюталардың көпшілігі салыстырмалы түрде әлдеқайда әлсіз, әсіресе -кедей елдерде. Үндістан рупиі биыл доллардың қасында шамамен 10%-ға, мысырлық фунт 20%-ға, түрік лирасы 28%-ға құлдырады.

60 жастағы Джелал Калели Ыстанбұлда сәбилерге арналған киімдер мен жөргек сөмкелерін сатады. Қазір ол доллармен бағаланатын импорттық заттарды сатып алуға бұрынғыдан көбірек лира жұмсап жүр. Демек, сол шығынды жауып, үстінен аздап болса да пайда көру үшін саудагер түрік тұтынушылары үшін бағаны көтеруге мәжбүр.

"Жаңа жылды асыға күтеміз. Содан кейін қаржымызды қайта қарастырып, соған сәйкес қызметкерлерді қысқартамыз. Басқа шара жоқ", – дейді ол.

Бай елдер де инфляция алдында иммунитетсіз. Энергия бағасының шарықтауынан құлдырауға бет алған Еуропада 1 еуро нарқы соңғы 20 жылда алғаш рет 1 доллардан төмендеді, ал британ фунты бір жыл бұрынғы дәрежесінен 18%-ға әлсіреген.

"ЖАҺАН ЭКОНОМИКАСЫ ҮШІН ЖАҒЫМСЫЗ ЖАҢАЛЫҚ"

Әдетте елдер өз валюталарының құлдырауынан белгілі бір пайда көреді. Өйткені, әлсіз ұлттық ақша бұл мемлекеттердің өнімдерін шетелде арзанырақ және бәсекеге қабілетті етеді. Бірақ, қазір экспорттың артуынан келетін кіріс мардымсыз, себебі экономикалық қарқын барлық жерде дерлік баяулап барады.

Доллардың көтерілуі түрлі жолмен ауыртпалық әкеледі. Мысалы, күшейген америкалық валюта басқа елдер үшін импортты қымбаттатады, инфляциялық қысымды күшейтеді және доллармен қарыз алған компаниялардың, тұтынушылардың, үкіметтердің берешегін көбейте түседі. Себебі несиені доллармен өтерде, сол долларды айырбастау пунктерінен сатып үшін көбірек жергілікті валюта қажет болады.

Доллардың қымбаттауы басқа елдердің орталық банктерін өз валюталарын нығайту және ақшаның шекарадан қашып кетуіне жол бермеу мақсатында пайыздық мөлшерлемелерді көтеруге мәжбүрлейді. Бірақ несиелік үстеменің жоғарылауы экономикалық өсімді әлсіретіп, жұмыссыздарды көбейтеді.

"Қарапайым тілмен айтқанда, доллардың қымбаттауы  жаһандық экономика үшін жағымсыз жаңалық және де бұл – дүниежүзілік өндіріс келесі жылы рецессияға ұшырауы мүмкін деп алаңдауымызға тағы бір себеп", – дейді Capital Economics сарапшысы Ариан Кертис

Құбылмалы валюталар бұрын да талай рет әлемді экономикалық ауыртпалықтарға душар етті. Мысалы, экономикалық бум кезінде доллармен көп қарыз алған индонезиялық компаниялар 1990 жылдардың аяғында Азиядағы қаржылық дағдарыс кезінде индонезиялық рупия долларға қатысты құлдыраған шақта жаппай күйрегені белгілі.

Дегенмен доллардың биылғы күрт көтерілуі ерекше ауыр. Бұл жағдай бағалар онсызда өсіп жатқанда, жаһандық инфляцияны одан әрі күшейтіп отыр.

Филиппин астанасы Манилада "джипни" деп аталатын түрлі-түсті шағын автобус жүргізетін 29 жастағы Рэймонд Манаог дизельдік отынның қымбаттауы оны бұрынғыдан көбірек жұмыс істеуге мәжбүр еткеніне шағымданады.

"Күнделікті шығындарымыздың орнын толтыруға жеткілікті табыс табу үшін не істеуіміз керек. Егер біз бұрын маршруттарымызды бес рет қайталасақ, қазір алты рет", – дейді ол АР агенттігінің тілшісімен болған әңгімеде.

Ал Үндістан астанасы Нью-Делиде Равиндра Мехта ондаған жылдар бойы америкалық жаңғақ экспорттаушылардың брокері ретінде қызмет етіп келеді. Бірақ рупидің рекордтық құлдырауы тасымалдау құнын жоғарылатып, жаңғақтарды үнді тұтынушылары үшін әлдеқайда қымбаттатып жіберді.

Мехтаның айтуынша, тамыз айында Үндістан Америкадан 400 контейнер жаңғақ импорттады. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 1 250 контейнерден кем болмаған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу