Байден мен вакциналар әлем экономикасына серпін беріп жатыр

2675

Дүниежүзінде екпе салу науқаны сәтті жүргізіліп, АҚШ-та ынталандыру пакеттері қабылданып жатқандықтан, әлем экономикасы пандемиялық дағдарысты болжағаннан әлдеқайда тез еңсере бастады. 

Байден мен вакциналар әлем экономикасына серпін беріп жатыр

Әлемдік экономиканың болашағы жарқын. Өйткені кейбір елдерде COVID-19-ға қарсы вакциналарды егу науқаны жеделдетіліп, Америка Құрама Штаттарында құны 2 трлн долларға жуық ауқымды ынталандыру пакеті іске қосылады, деп хабарлайды Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) сейсенбіде жариялаған жаңа болжамында.

Ұйымның пайымынша, дүниежүзілік экономика биыл 5,6% өсіммен қалпына келеді және келесі жылы 4,0% - ға кеңеймек. Бұл көрсеткіштер ЭЫДҰ-ның желтоқсандағы болжамынан әлдеқайда жоғары. Штаб-пәтері Парижде орналасқан халықаралық зерттеу орталығының үш ай бұрынғы есебінше, ғаламдық өндіріс биыл 4,2 %-ға, алдағы жылы 3,7 %-ға ғана артуға тиіс еді.

Дегенмен бұл өсімге төнген қауіп те жоқ емес. Мәселен, түрлі мемлекеттердің үкіметтері халықты қаншалықты жылдам вакциналай алады, карантиндік шектеулер қаншалықты тез алынып тасталады және коронавирустың жаңа варианттарын бақылауда ұстау мүмкін бе? Бұл сауалдарға нақты жауап беру қиын.

Осы жылдың ортасына қарай жаһандық жалпы ішкі өнім, елдер арасындағы үлкен айырмашылықтарға қарамастан, пандемияға дейінгі деңгейіне оралуы ықтимал.

"Вакциналау қарқыны экономиканы қалпына келтіру үшін жеткілікті деңгейде жедел жүзеге асып жатқан жоқ. Осы бағытта тезірек жүруіміз керек және бұл жұмысты әлдеқайда жақсы істеуге тиіспіз", – дейді ЭЫДҰ бас экономисі Лоуренс Бун онлайн режимінде өткен баспасөз мәслихатта.

Вакцина егу әлемдік экономикаға серпін беріп жатқаны өз алдына, АҚШ-та жоспарланған 1,9 трлн долларлық ынталандыру пакеті ғаламдық дамуға кемінде 1 пайыз пайыздық өсім қосады деген үміт бар.

Экономиканы ынталандыру туралы бұл заң ресми түрде "Американы құтқару жоспары" деп аталады. Оның күшімен АҚШ-тың федералдық үкіметі экономикаға Екінші дүниежүзілік соғыстан бергі ең үлкен интервенциялардың бірін жасайын деп отыр. Халықаралық баспасөзде "Байден пакеті" аталып жүрген жобаға Сенат сенбіде дауыс берді. Ал, Конгрестің демократтар бақылауындағы өкілдер палатасынан ол осы аптада өтеді деген болжам айтылып отыр.

ЭЫДҰ есебінше, АҚШ экономикасы биыл 6,5% - ға, ал келесі жылы 4,0% - ға өсуі мүмкін. Бұл да жаңа жорамал. Осы ұйымның желтоқсан айындағы мәліметінше, Құрама Штаттардың жалпы ішкі өнімі 2021 жылы 3,2% - ға,  2022 жылы 3,5% - ға артуға тиіс еді.

Айта кетсек, 1,9 триллион доллардың 400 миллиарды америкалықтардың көбіне 1400 доллардан таратуға жұмсалады. Осының нәтижесінде бір жылдан кейін АҚШ өндірісі 3-4 %-ға өсуі ғажап емес.

Сонымен қатар, осы ынталандыру пакетінің арқасында, әлемнің бірінші экономикасына мемлекеттен қыруар ақша құйылып, биылғы жылдың соңына дейін-ақ АҚШ-та 3 миллиондай жұмыс орны ашылмақ. Дегенмен, осы қолдау салдарынан Америкада инфляция алдағы екі жылда шамамен 0,75 пайызға көтерілуі мүмкін.

ЭЫДҰ болжамынша, президент Джо Байденнің ынталандыру бағдарламасы АҚШ-тың негізгі сауда серіктестері - Канада мен Мексика экономикаларын 0,5-1 пайызға, Еуроаймақ пен Қытай өндірісін 0,25-0,5 пайызға өсіріп, оларға да игі ықпал етейін деп отыр.

ЭЫДҰ баяндамасына жүгінсек, осы ұйымға кіретін 36 бақуатты мемлекетте дағдарысқа дейінгі көрсеткішпен салыстырғанда, жұмыссыздар саны 10 миллионға артқан. Ал, табысы төмен елдерде жұмыс орындарының айтарлықтай жоғалуы кедейшілікті тіпті күшейтіп отыр.

Арыс Әділбекұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу