Байден таңдаған Омарова республикашылдар үшін – ең алдымен марксист

2889

Демократтар Сәуле Омарованы валюталық бақылаушы лауазымы үшін қорғауға бекініп отыр. Ал Уолл-стрит пен оппозиция америкалық банктерді бір кездегі лениндік стипендия иегерінің басқарғанына қарсы. 

Байден таңдаған Омарова республикашылдар үшін – ең алдымен марксист

Корнелл университеті заң мектебінің профессоры Сәуле Омарова өткен айда Америкада көпшілік назарына ілікті. Бұған Президент Джо Байден әкімшілігінің оны Қазынашылық департаментіне бағынышты қаржылық бақылаушы лауазымына тағайындауы себеп. Осы ұсыныс Сенаттан өтетін болса, Омарованың қадағалауына 1 125-ке жуық банк өтеді. Солардың ішінде әйгілі Bank of America бар. "Блумберг" агенттігінің хабарлауынша, Байден таңдауының либералдық көзқарастағы маманға әрі қаржы индустриясының ашық сыншысына түсуі Уолл-стрит пен несиелеуші шағын компанияларды наразы етіп отыр.

Байденнің жаңа "товарищі"

Республикалық заң шығарушылар жеке басқа көшіп, АҚШ-тың қаржы жүйесі енді советтік үлгіге өтеді деп дау көтеріп жатыр. Оларға Омарованың ғылыми мақаласы ұнамаған. Себебі материалда автор Федералдық резерв жүйесіне (орталық банк) жаңа мемлекеттік банк рөлін беруді ұсынды және де республикалықтар номинанттың өмірбаянына қатысты да өткір сауалдар қойып жатыр. Сәуле Омарова 1966 жылы Қазақ ССР-нің Орал қаласында дүниеге келді. Мәскеу мемлекеттік университеті философия факультетінің түлегі Құрама Штаттарға 1991 жылы университеттік алмасу бағдарламасымен барған. Сенаттың банк комитетіндегі республикашыл Пэт Туми болса, Омарованың студент кезінде лениндік стипендия алғанын айтып, тіпті оның марксизм жайлы диссертациясының тұпнұсқасын талап етті. Дегенмен Омарованы Байденнің "жаңа товарищі" деп атаған Daily Mail консервативтік таблойды ММУ-дің ол ғылыми жұмысты сақтамағанын және жойғанын хабарлап отыр.

Капитолийде Омарованың қорғаушылары да бар. "Республикалықтар қаһарманымызды өлтіріп жатқанда, демократтар қарап тұра алмайды", – дейді аталған банктік комитеттің басшысы әрі демократ Шеррод Браун.

Омарова болса, үнсіз қалмай, өзін "еркін нарықтың идеалисті" ретінде сипаттап, ірі банктердің қауіпті инвестициялық жобаларға килігіп, пайдаға кенеліп, қоғамды шығынға батыруына кедергі жасағысы келетінін мәлімдеді. "Советтік стильдегі коммунизмнің жұмыс істемейтінін білемін. Бұны бастан өткергенбіз. Мұндай жүйе – үлкен қателік. Ол өліп қалған", – дейді Омарова.

АҚШ Сенатында демократтар мен республикашылдардың үлесі 50 де 50. Соңғыларының Байденнің таңдауын қолдауы екіталай. Ал демократтардың небәрі біреуі дауыс беру кезінде "ия" не "жоқ" демей, екіұдай позиция ұстанатын болса, Омарованың кандидатурасы жоғары палатадан өтпей қалуы мүмкін. Дегенмен республикашылдардың өзге түсті әйелдер мен иммигранттарға жабайы шабуылдары Омароваға деген қолдауды күшейтеді деген болжам бар.

Нәсілшілдік, америкалық емес...

"Біз сияқты адамдарға қатысты басқа стандарт бар. Мен – оңай нысанамын: иммигрантпын, әйелмін, азшылықтың өкілімін. Сонымен қатар әдеттегі валюталық бақылаушыға ұқсамаймын, тарихым да басқаша. Мені шайтан етіп көрсетіп, жамандау да қиын емес", – дейді Қазақстанда туған Омарова Британияның Financial Times газетіне берген сұхбатында.

Өзіне айтылған кейбір сындардың астарында нәсілшілдік жатыр деп ойлайсыз ба деген сауалға Омарова: "Меніңше, бұл – рас", – деп жауап берген.

Чарльз Элиот университетінің профессоры Лоуренс Саммерс осы айдың басында "Вашингтон поста" жариялаған мақаласында жазғандай, Омарованың наразылыққа тап болуына оның америкалық еместігі мен кеңестік өткені де себепші:

"Байден әкімшілігінің Корнелл университетінің заң профессоры Сәуле Омарованы валюта бақылаушысы етіп ұсынуына банк индустриясы үзілді-кесілді наразылық білдіріп жатыр. Олардың ойынша, бұл үміткер банктер мен үкімет арасындағы ынтымақтастыққа мүдделі емес. Егер бұл сала шынында да үкіметпен адал жұмыс істеуге мүдделі болса, оның профессордың арандатушылық көзқарастарына қатысты алаңдаушылығына жанашырлықпен қарайтын едім. Меніңше, бұл жерде әңгіме басқада. Омароваға шабуыл шыққан жеріне байланысты жасалып жатыр. Ол бір кездері Кеңес Одағына кірген Қазақстанда дүниеге келіп, АҚШ-қа 1991 жылы қоныс аударды. Мұны қабылдау қиын, және Омарова америкалық емес".

Уолл-стрит неге наразы?

Валюталық бақылау кеңсесі жалпы құны 14,9 триллион доллар активтерге ие банктерді қадағалап, несие берушілердің бизнесті қалай жүргізе алатыны туралы ережелер шығарып, жаңа банктердің жұмыс істеуіне лицензия береді. АҚШ қаржы министрлігінің тәуелсіз филиалы саналатын бұл мекеменің криптовалюталарды реттеу жолындағы маңызы да зор.

Америка банктер қауымдастығының атқарушы директоры Роб Николас болса, "Омарованың әлемдегі бәсекеге ең қабілетті және әр алуан ұлттық банктік жүйені түбегейлі қайта құрылымдау идеясына алаңдайтынын" жеткізді.

Соңғы мақалаларының бірінде Омарова мемлекеттік банктік есепшоттар жүйесін қорғап, мұндай системаның арқасында әрбір америкалықтың жекеменшік банкте емес, Федералдық резервте депозиттік есепшотын ашуды ұсынған. Дегенмен автордың айтуынша, коммерциялық қаржы институттарына бұрынғыдай елге ссуда беруге де рұқсат етіле бермек. Сонымен қатар Омарова 2014 жылы жарық көрген "Банк ісінің ақыры" атты кітапқа сүйене отырып: "Ұсынылып отырған реформа іс жүзінде қазір біз білетін банк жүйесіне нүкте қояр еді", – деп жазған.

Банктердің түсінігінде Омарованың ұсыныстары мемлекетті олардың кредиттік бизнестеріне араластыруды білдіреді. Николастың сөзінше, "мұның бәрін – қаржы жүйесін үкіметтің меншігіне беруді аңғартса керек". Ал Омарованың пікірінше, Уолл-стриттегілер оның тәуелсіздігіне ғана емес, өздерінің арасынан шықпағанына да алаңдап отыр.

Арыс Әділбекұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз! 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу