"Байқоңыр" кенішінде экологиялық мәселе бар

Республикада алғашқылардың бірі болып облыста қысқа мерзімде қалдықтар орны 100% жойылып отыр. 

"Байқоңыр" кенішінде экологиялық мәселе бар Фото: pixabay.com

Өңірдегі экологиялық мәселелерін кешенді шешу және одан әрі жақсарту мақсатында "Жол картасы" бекітілген.

Түрлі заң бұзушылықтар бойынша іс қозғалып, жеке және заңды тұлғаларға миллиондаған теңге көлемінде айыппұл салынған.

Қоршаған ортаның ластануының да бірнеше дерегі тіркеліп, табиғат пайдаланушылармен жалпы аумағы 2971,5 шаршы метр ластанған жер қалпына келтірілді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Қалдықтар орны жыл сайын азайып келеді

Қызылорда облысы бойынша Экология департаменті табиғат қорғау іс-шараларының орындалуына, қоршаған ортаға эмиссияларды төмендетуге, табиғат пайдаланушылардың қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауын қалыптастыру және ҚР Экологиялық заңнамасын бұзу деректерінің алдын алуға ерекше ден қойып отыр.

Департамент биылғы жылдың 9 айында қоршаған ортаны қорғау саласында 69 субъектіге бақылау шарасын ұйымдастырып, профилактикалық бақылау нәтижелерімен анықталған 51 экологиялық заңнаманы бұзу дерегі бойынша бақылау субъектілеріне ақпараттық хат жолдаған.

Сондай-ақ, жүргізілген жоспардан тыс тексеру нәтижелерімен 6 экологиялық заңнама талабын бұзу фактісі анықталып, кемшіліктерді жою үшін 6 нұсқама берілген.

Анықталған заң бұзушылықтар бойынша әкімшілік-құқықбұзушылық жөнінде іс қозғалып, жеке және заңды тұлғаларға 666,3 млн теңге көлемінде 17 айыппұл салынды, 4,3 млн теңге құрайтын 14 әкімшілік айыппұл өндірілді.

Сонымен қатар, қоршаған ортаның ластануының 5 дерегі болып, қоршаған ортаны қайта қалпына келтіру бойынша 5 субъектімен ремедиация бағдарламасы әзірленіп, табиғат пайдаланушылармен жалпы аумағы 2971,5 шаршы метр ластанған жер қалпына келтірілген.

- Осы жылы "Қазақстан Ғарыш сапары" АҚ-мен жүзеге асырылған ғарыштық мониторинг нәтижесімен 74 рұқсатсыз қалдық орны анықталып, Қызылорда облысында алғашқылардың бірі болып қысқа мерзімде қалдықтар орны 100% жойылды. Департаменттің заңсыз қалдық орындарын болдырмау жөніндегі жұмыстардың нәтижесімен рұқсатсыз тасталған қалдықтардың орындары жыл сайын азаюда. Атап айтқанда, 2018 жылы – 240 орын, 2019 жылы – 228 орын, 2020 жылы – 136 орын, 2021 жылы – 105 орын, 2022 жылы 99 орын анықталса, 2023 жылы 74 рұқсатсыз қалдық орны анықталды. Департаменттің мемлекеттік экологиялық бақылау қызметі "Байқоңыр" кешеніндегі объектілерді де қамтиды, - дейді Қызылорда облысы бойынша экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Нұрбек Садықов.

60-қа жуық автокөлікке зертханалық бақылау жұмысы жүргізілді

"Байқоңыр" кешені бойынша мемлекеттік экологиялық бақылау Ресей Федерациясының Үкіметімен "Байқоңыр" кешенінің аумағындағы қоршаған ортаны қорғау мәселелері туралы келісім құжаттарына, олардан туындайтын хаттамалар мен ережелерге сәйкес жүргізіліп келеді.

Осы ретте, "Байқоңыр" кешеніндегі 9 объектіге жоспарлы тексеріс жұмысы жүргізіліп, анықталған 5 заң бұзушылықты жою жөнінде ұйғарым берілген.

"Байқоңыр" кешенінде өзекті мәселелердің бірі – Байқоңыр қаласы және Төретам кентімен Ақай ауылдық округінің маңайындағы құрылыс қалдықтарын жою мәселесі. Бұл Қазақстан-Ресей арасындағы Байқоңыр кешені жөніндегі 7 үкіметаралық комиссия отырысында қаралып, нәтижесінде Байқоңыр қаласы әкімшілігімен 2021-2023 жылдарға арналған "Жол картасы" бекітіліп, 12 652,7 м3 қалдық жойылды.

Бұдан бөлек, мемлекеттік экологиялық бақылау және реттеу барысында Байқоңыр қаласының әкімшілігіне қарасты тұрмыстық қатты қалдықтар полигонына экологиялық заңнама талаптарына сәйкес сұрыптау кешенін салу жөнінде шарт қойылған.

- Департаментте экологиялық заң талаптарын бақылау жұмыстары сынақ зертханасымен қамтамасыз етілген. Департаментпен 8 субъектіге жоспардан тыс тексеру бойынша және "Байқоңыр" кешені бойынша 9 нысанға зертханалық-талдамалы бақылау жұмысы жүргізілді. Сонымен қатар, 92 қоршаған орта объектісіне мониторингтік бақылау жасалды. Зертханалық-талдамалы бақылау барысында барлығы 313 сынама алынып, 3431 анықтау жүргізілді. Нәтижесінде 339 нормативтік шектен асу дерегі анықталды. Есепте кезеңде "Қызылорда облысы бойынша қоршаған ортаны сауықтыру жөніндегі кешенді іс-шаралар жоспарына" сәйкес "Таза ауа" іс-шарасы аясында 57 автокөлікке зертханалық бақылау жұмысы жүргізілді. Нәтижесінде анықталған 18 автокөліктен ластағыш заттарының белгіленген нормативтерден асу деректеріне сәйкес автокөлік иелеріне полиция департаментімен ескерту берілді.

Қоршаған ортаға әсерді бағалаудың қамту саласын және көзделіп отырған қызметтің әсер ету скринингін айқындау туралы қорытынды беру бойынша 2023 жылдың 9 айында барлығы 254 өтінім қаралды. Оның ішінде 80-іне қорытынды берілді, 35 өтінім кері қайтарылды, 139 өтінімге Экологиялық кодекстің 1 қосымшасында қарастырылмағандықтан, скринингке жатпайтындығы жөнінде түсіндірме берілді, - дейді Қызылорда облысы бойынша экология департаменті зертханалық-талдамалы бақылау бөлімінің бас маманы Асем Тынарбай.

Ауаға шығарылатын ластағыш заттар көлемі азайған

Департаментпен сараптама жүргізу барысында экологиялық қауіптілігі жоғары объектілер бойынша 6 жобалық құжаттама Сарапшылық кеңес отырысымен қаралған.

Сонымен қатар, мамандар мемлекеттік қызмет көрсету барысында КРІ көрсеткіштеріне қол жеткізу мақсатында эмиссиялар нормативтерін азайту жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтады.

Мысалы, экологиялық сараптама нәтижесімен атмосфералық ауаға шығарылатын ластағыш заттарға берілетін норматив көлемі 2500 тоннаға, төгінділер 159 тоннаға азайтылып, жобалық құжаттамаларда 66 мың тонна қалдықты залалсыздандыру жұмыстары қарастырылған.

Сонымен қатар, өткен жылмен салыстырғанда төгінділердің нормативтік көлемі 1220 тоннаға төмендеген. Өңірдегі экологиялық мәселелерін кешенді шешу және одан әрі жақсарту мақсатында Облыс әкімдігі және Министрлікпен "Қызылорда облысының экологиялық мәселелерін кешенді шешу жөніндегі" "Жол картасы" бекітілді. "Жол картасы" 7-бөлімнен, 52-тармақтан (іс-шаралардан) құралған.

Қоршаған ортаны қорғау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында Қызылорда облысы көлемінде үкіметтік емес ұйымдардың, мемлекеттік органдардың, қоғамның өкілдерінің, жергілікті тұрғындардың, сондай-ақ экобелсенділер мен волонтерлердің қатысуымен "Birge: Taza Qazaqstan", "World CleanUp Day", "Табиғатта қоқысқа жол жоқ" және электр энергиясын үнемдеу мақсатында халықаралық "Жер сағаты" республикалық экологиялық акциялары өткізіліп келеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу