Байлар да жылайды: олигархтар билікке шағымдана бастады

3000

Оларға сонда тағы не жетпейді?

Байлар да жылайды: олигархтар билікке шағымдана бастады

Қазақстан тарихындағы бірінші Үкімет басшысы, қазіргі "Ордабасы құс" ЖШС бас директоры Сергей Терещенко Үкімет мүшелеріне хат жолдады. Оған сенсек, Түркістан облысының ауыл шаруашылығы кешенін дамытуда, сондай-ақ Түркістан қаласының айналасында азық-түлік белдеуін құруда кедергілер бар көрінеді, деп жазады Inbusiness.kz.

Терещенко бюджеттен қаржы сұрайды

Айта кету керек, қазіргі кезде көп сынға ілігіп жүрген Түркістан облысының азық-түлік белдеуін құру ісіне экс-Премьер-министр басқаратын компания тартылған. Бүгінде "Түркістан" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы (ӘКК) "Ордабасы Құс" ЖШС-мен бірлесіп, жемазық дақылдарын өсіру бойынша инвестициялық жобаны жүзеге асыруда. Осы орайда өңірдегі заманауи ирригациялық жүйелерді енгізу саласын да осы компания қанжығасына байлапты.

Бұл мақсатта облыста "Ынтымақ Агро ХХІ" ЖШС бірлескен кәсіпорны құрылған. Оның бақылаушы пакетін – 51%-ын Терещенконың "Ордабасы Құс" ЖШС иеленді. Ал квазимемлекеттік кәсіпорын саналатын "Түркістан" ӘКК" АҚ-ына тек 49%-ы тиді. Осыдан-ақ өңірдегі бұл ірі жобаның тізгіні кімнің қолында екенін байқауға болады.

Сонымен, "Ынтымақ Агро ХХІ" бірлескен кәсіпорнына жергілікті билік 463 гектар (бұл 10 Ватикан мемлекетіне тең) жер берген. Осы аумақта компания жаңбырлатып суару жүйелерін енгізуге тиіс еді. Содан ол BAUER австриялық компаниясының 8 жаңбырлатушы машинасын сатып алып, орнатады. Бірақ "жарайсыңдар!" деп қол соғу әбестік. Жобаның қыруар шығынын ел қазынасы көтеріп отыр.

Сонымен жоба аясында не істелді? Еске сала кетейік: бірлескен кәсіпорын "өңірде алдыңғы қатарлы тұқым өндіруші шаруашылығын құруға" тиіс болатын. Қазіргі уақытта небары 167 гектарда ғана күздік бидай егу жұмыстарын жүргізген. Биылғы жылы 350 гектардай жерде жүгері егу жоспарланыпты.

Жобаның жалпы құны шамамен 1 миллиард теңге тұрады. Сергей Александровичтің мәліметінше, осы қаражаттың жартысы облыстың бюджетінен бөлінген. Әрине, мұнымен шектелмейді. Ол облыстағы ауыл шаруашылығы өндірушілеріне "білім таратуды ұйымдастыру" ісін де олжалаған. Яғни, семинарлар, кеңес-консультациялар, "Егістік күндерін" өткізбек. Олар барысында өзге дихандар мен егіншілерге "халықаралық тәжірибені өндіріске енгізудің практикасын паш ету" көзделген. Бұл да – қосымша шығын. Себебі, осыған орай мемлекеттен шығынды қажет ететін жоба аясында "Білім тарату орталығын" ашу жоспарланып отыр.

Экс-Премьер мемлекеттік тұғырнаманы өзіне сай қайта құруды қалай ма?

Бюджеттен мол ақша берілсе, жобасына енгізілгеннің бәрі биліктен қолдау тапса, енді не жетпейді? Жер. Бірақ экс-Премьер оның да ебін тапқанға ұқсайды.

"Түркістанның азық-түлік белдеуінің ішінде бос жер учаскелері жоқ. Дегенмен, жобаны қажетті жер алабымен қамтамасыз ету үшін 50-ден астам ұсақтауарлы фермерлік шаруашылық ауыл шаруашылығы кооперативіне біріктірілді. Олармен бірлескен қызмет туралы келісім бекітілді. Келісімге сәйкес, бұл жерлерде кем дегенде 10 жыл мерзім бойы инновациялық қызметті жүзеге асырамыз", – дейді С.Терещенко Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровқа хатында.

Осылайша, билік Үкіметтегі биік қызметтен ауыл шаруашылығына кеткен кезекті шендінің бар мәселесін шешіп бергенге ұқсайды. Әйткенмен, Терещенко мырза тағы бір тілегі барын жасырмады: енді қайтарымсыз әрі мол субсидия керек!

"Жобаны табысты жүзеге асыру үшін жаңбырлатып суару жүйесіне бюджеттен инвестициялық субсидия алытынымыз қарастырылған болатын. Алайда мемлекеттік "QOLDAU" цифрлық платформасында өтініш берушінің балансында жер учаскелері болуға тиіс деген талап бар. Бұл талапты орындай алмағандықтан, инвестсубсидия беру мүмкін емес екен. Қадап айтқым келеді, мемлекеттік қолдауға қол жеткізе алмауымыз аталған жобаның жарға жығылуына алып келеді! Бұл өңірдегі ауыл шаруашылығының дамуына, Түркістанның азық-түлік белдеуіне теріс ықпал етеді", – деп ескерту жасады Сергей Терещенко.

Ол "Ынтымақ Агро ХХІ" компаниясы инвестсубсидия алуы үшін бүкіл "QOLDAU" тұғырнамасын өзгертуді өтінді. Яғни, компания үшін "балансында жер учаскесінің болуы" талабын жойғызуға ниетті.

Әділін айту қажет, Ауыл шаруашылығы министрлігі әзірге экс-Премьердің жетегінде кетпей, "талап бәріне бірдей" деген ұстанымда тұр. Аяғына дейін шыдаса жарағаны.

"Ауыл шаруашылығы министрлігі Qoldau.kz порталы арқылы "Суару жүйелерін және тамшылатып суаруды құру және кеңейту" №11 жобасын инвестициялық субсидиялау бойынша проблеманы қарастырды. Бұл жобаның паспортында өлшем бірлігі ретінде гектар белгіленген. Осыған байланысты Qoldau.kz порталында инвестсубидияға өтініш берген кезде өтініш иесінің жеке меншігінде немесе уақытша пайдалану құқығында жер телімінің бар болуы талап етіледі. Тиісінше, ереженің барлық талаптарына сай келген инвестор ғана инвестсубсидияны алудан үміттене алады. Заңға сәйкес, сіздің сотқа жүгінуге құқығыңыз бар", – деп түсініктеме берді АШМ.

Божконың көксегені не?

Сұрамсақ олигархтар көшіне Мәжілістің экс-вице-спикерінің ұлы, миллионер Максим Божко қосылды. Өткен жылы мемлекет жұмыртқа өндірушілер жалған мәлімет ұсынады деп, әр жұмыртқа данасына бюджеттен субсидия қаражат беруді кеміткен болатын. Бұған ашуланған өндірушілер жұмыртқа бағасын күрт көтерді. Ал бұл – әлеуметтік маңызды азық-түлік тізіміне кіретін өнім. Қымбатшылық онсыз да қалжыраған бұқараға қиын тиді. Содан өндірушілерге қатысты антимонополиялық орган зерттеуге кіріскен. Алайда "жұмыртқа барондары" жаза тартпайтынға ұқсайды. Оның орнына М.Божко бастаған топ мемлекетке өз ұсыныстарын енгізеді. Олар не сұрайды?

"Жұмыртқа өндірушілер қауымдастығы жыламсақтанып, тағы да мемлекетке қол жайды, жеңілдік алғысы келеді. Бар өнім кетіп қалмасын деп жабылған Қытайдың алып нарығын қайта ашуды, мемлекеттің бюджеттен және ешқандай банктік кепілдіксіз жемазық сатып алуға айналымдық қаражат беруін сұрайды. Бұдан бөлек, қыруар субсидия төлесін, бұрынғы әр жұмыртқаға берілетін демеуқаржыны қайтарсын, құстарымызды құс тұмауына қарсы бюджет есебінен вакцинацияласын дейді. Сондай-ақ жұмыртқа өндірушілер әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарлары (ӘМАТ) себетін қайта қарап, ондағы сапалы С1 жұмыртқасын кішкентай, 10%-ға немесе шамамен 5–10 грамға аз С2-ге ауыстыруға қол жеткізбек", – дейді әріптесіміз, журналист Самат Ысқақов.

Бұл ақпаратты Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі таратқан-тын. Оның басшылығы онлайн форматта Жұмыртқа өндірушілер қауымдастығы, Қазақстанның Құс өсірушілер одағы және еліміздің ірі құс фабрикалары өкілдерімен кездесті. Жиында қауымдастық президенті Максим Божко жаз бойы сұраныс төмендеген кезде жұмыртқалар өзіндік құнынан да төмен бағаға сатылатынын мұңая айтыпты.

"Қазір жұмыртқаның 1 данасының өзіндік құны 30 теңгені құрайды! Ал фабрика оны 17 теңгеден сатуда. Жазда өндірушілер шығынға ұшырайды, бірақ басқа маусымдарда баға көтеріп, сол шығынын өтейді. Иә, өткен жылдың желтоқсанында баға ерекше күрт өсті. Оған құстардың құс тұмауынан қырылуы, нарықтағы жұмыртқаның тапшылығы, жем-шөптің қымбаттауы ықпал етті. АШМ қолдау шараларын 2 есе қысқартты. Жұмыртқаға ішкі сұраныстың жазғы құлдырауына Ресейден сұр импорттың демпингтік бағамен ағындауы қосылып, жағдай күрделене түсті. Жұмыртқа шекара арқылы салық немесе ҚҚС төлемей тасымалданады", – дейді М.Божко.

"Мемлекет маған ақша бер!" деген гимнге айналды"

Антимонополиялық органның мәлімдеуінше, Божко жұмыртқа бағасының қымбаттауына қарсы күрес шаралары бойынша өз ұсыныстарын енгізіпті. Онысы сөзсіз, өздеріне қолайды. Мысалы, біріншіден, құс фабрикалары жазда аз шығынға батуы үшін Қытай нарығын ашуды сұрайды. Екіншіден, күзде жемазық сатып алу үшін 0,5–1 жылға банк кепілдігінсіз, мемлекет айналымдық қаражат беруге тиіс көрінеді.

"Жыл сайын біз мемлекеттен жем-шөп сатып алуға айналымдық қаражат бөлуді сұраймыз, бірақәзірге нәтиже жоқ", – дейді ол.

Үшіншіден, құстарды құс тұмауынан вакцинациялауды бюджеттен қаржыландырса дейді. Төртіншіден, жұмыртқаға субсидияны бұрынғы деңгейге қайтаруды сұрайды. 2020 жылға дейін құс фабрикалары мемлекеттен әр жұмыртқаға 3 теңгеден алды, ал 2020 жылы субсидия екі есеге қысқарды. Мысалы, олар 2019 жылы 5,5 млрд жұмыртқа шығардық деп есеп беріп, бюджеттік миллиардтарды қалтасына басқан. Шынында, нарықта жұмыртқа тапшылығы байқалды. Содан бұлардың мәліметтеріне Үкіметтің сенімі де, субсидиясы да азайды.

Егер осы шығынды талаптары тегіс орындалса, құс фабрикалары С2 жұмыртқасының бағасын ондығы үшін 360 теңге деңгейінде ұстап тұрмақ. Бұл ұсыныстар қоғам тарапынан сынға ұшырады.

"Кішкентай жұмыртқалары үшін 360 теңгеден алуға қалай арланбайды?! "Ақша жоқ, мемлекет маған ақша бер!" деген ұран бұлардың гимніне айналды", – дейді елорда тұрғыны Мәдина Кеңесбаева.

"Бұларды түсіну қиын. Барлық ауыл шаруашылығы өндірушілері зар илейді, шығынға батып жатқандарын айтып, шулайды. Ал күзде бәрі Нұр-Сұлтанда тапқан ақшаларына қаптатып пәтерлер, жылжымайтын мүлік сатып алады. Бұл рас. Әріптестерім, риелторлар мұны жақсы біледі", – дейді Бауыржан есімді елордалық.

Сергей Хван нарықтық экономикада мемлекет бизнеске араласуын азайтуға, бюджеттен ірі тауар өндірушілерді асырауын тыйюға тиіс деген пікірде. Құнанбай Сағынаев жұмыртқа олигархтары ұсынып отырған 360 теңге – көтерме баға екеніне назар аудартады: демек, бөлшек саудада бәрібір қымбаттайды. Мемлекеттік көмектің сонда қайтарымы қайда?

Ауыл кәсіпкері Т.Жиенбай бұрын шағын құс фермасын ұстапты. Салада проблема бар, бірақ кей кезде баға негізсіз шарықтайды дейді.

"Отандық өндірушілер баға көтеремін деп клиенттін, нарықтағы үлесін жоғалтуда. Көтерме саудагерлер Ресейдің арзан жұмыртқасына бағдарланып алды. Мысалы, Воронежде 10 бірлігін 30 рубльден көтерме сатып алуға болады, бізше бұл – 177 теңге", – деді ол.

Демек, олигархтардың айтқанына мемлекет "ләббай!" дей бермей, ұсыныстарын жіті талдап, мәселенің түп-төркініне үңілгені жөн.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу